Әдеби сазды кештің шымылдығын Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан ашты.
«Ақын Думан Бәзілжанұлының бір өзі ғана емес, бүкіл әулеті өнер қонған отбасы. Алтайдың арғы бетінде туып өссе де, қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне мол үлес қосқан Думан қазақтың кешегі дүлділдерінің отты тұяғының ұшқыны. Арғы бетте жүріп-ақ Отандағы қара сөздің қаймағы болған аға буынмен де, өзінен кейінгі жастармен де шығармашылық байланыста бола білді. Өзінің өрісін кеңейткен азамат. Елге оралғанына жыл толған жоқ. Астана төріне қоныс тепкен Бәзілжан әулетіне әрі қарай да шығармашылық табыстар тілейміз. AMANAT партиясының «Ұлттық мұра» бағдарламасы аясында өткен кеш келешекте міндетті түрде жалғасын табатын болады», – дей келе, депутат «AMANAT» партиясының құттықтау хатын табыс етті.
Әдеби кешке жиналған қауым ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылып отырған бұл кештің жөні басқа екенін айтты. «Ақын Думанның өзі ғана емес, жалпы Бәзілжан әулетін Қазақстанның өнері мен әдебиетіне келіп қосылған үлкен олжа деп айтуға болады. Өнер мен өлең – күллі қазақтың басын бір жерге біріктіретін үлкен күш. Думанның жары Нұрбүбі Нұрымбайқызы да қара жаяу адам емес. Қазақтың күй құдіретінің өкілі. Сондықтан біз мұндай ұлы олжаға қуанамыз», – деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ақын Сұраған Рахметұлы.
Кешке арнайы келген жас өнерпаздар тамылжыта ән шырқаса, Нұрбүбі Нұрымбайқызы орындаған күмбірлі күйі кеш қонақтарын ерекше бір әсерге бөледі.
Берік БЕК