2024 жылдың 16 ақ­панында Астана қаласында Л.Гумилев атындағы Еу­разиялық ұлттық универ­си­тетінде мемлекет және қо­­ғам қайраткері Б.Сапар­баев­тың саяси және мем­ле­кеттік қызметіне арнал­ған «Бердібек Сапарбаев тұл­ғасы: дағдарыс-менед­жер феномені» атты рес­пуб­­ликалық ғылыми-прак­ти­ка­лық конференция өтеді.
Елінің бағын ашуға қызмет жасаған тұлға
4,070
оқылды

Халықтың жақсы сөзі бар: «Таулар алыстаған сайын олардың асқар шыңы айбынды көрінеді». Тау тұлғаға айналған адамдар да өмірден озып, ба­қилық өмірге кеткен кезде олар­дың бейнесі жүректен өш­пейді, көз алдынан кетпейді. Сондай адамдардың бірі – елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, алты Алаштың біртуар азаматы Бердібек  Сапарбаев. 

Бердібек аға туралы көп айтуға болады. Адамшылық, адамгершілік, ізгілік кез келген пенденің өміріндегі биік мұраты болса керек. Көп пенденің бірі болып өмір сүру бар да, нағыз адам болып өмір сүру тағы бар. Өкінішке қарай, пенделерге қа­ра­ғанда нағыз адамдардың саны тым аз. Бердібек Мәшбекұлы – пенделіктен өзін биік ұстап, адам­гершіліктің биіктігіне жет­кен тұлға еді. Ол үнемі қайнаған өмір­дің ортасында жүрді. Премьер-Министрдің орын­ба­сары, министр, 5 облыстың әкімі – осындай еңбектің арқа­сында үлкен абырой жинап, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, парасатты басшы, үлкен жүректі ұстаз ретінде елдің зор құрметіне ие болды.

Бердібек Мәшбекұлы Жам­был облысын 2 жыл 2 ай бас­қар­ды. Артында жақсы із қалдырды. 

Әнет бабаның Қазыбек биге берген батасында келесі сөздер бар:

«Балам, әкім деген сөзді ұмытпа:

«Ә» деген әміршіл болма, әділ бол,

«К» деген – кекшіл болма, көпшіл бол,

«І» деген – іріткі салма, ізетті бол,

«М» деген – менмен болма, мейірбан бол».

Әкімге қажетті осы қасиеттің барлығы Бердібек Мәшбекұлы­ның бойында бар еді. Оны ха­лық жақсы біледі.

Мен Бердібек Мәшбекұлын біздің Жамбыл облысына әкім болмай тұра, бұрыннан білетін­мін. Кезінде мен ректор, Білім және ғылым министрінің орын­ба­сары болып, Бердібек Мәш­бек­ұлымен жұмыс барысында жиі араластым, себебі ол Пре­мь­ер-Министрдің орын­ба­са­ры ретінде Үкіметте идео­логия және әлеуметтік саланы басқарды. 

Облыс әкімі ретінде Сапар­баевтың қандай өзге ерекшелігі болды?

Біріншіден, экономика ғы­лымдарының докторы бол­ғандықтан, оның аналитикалық ойлау қабілеті өте жоғары еді. Әкімнің жұмысында кешенділік пен жүйелілікті жақсы көретін. Майда-шүйде мәселелермен ба­сын қатырмай, аппараттың ал­дында стратегиялық мақсат­тар­­ды нақты қоятын және олар­ды орын­дауға қоластындағы қыз­мет­­­керлерді ұйымдастыра білетін.

Екіншіден, Бердібек Мәш­бекұлы өзіне дейін Жамбыл облысын басқарған әріптесте­ріне үлкен құрметпен қарайтын. Жиналыстарда: «Бұл жобаны Асқар Исабекұлы бастаған. Біз оны жалғастырамыз», – деп оты­ратын. Өңірді басқарған тұл­ға­лардың арасындағы бай­ла­ныс пен сабақтастық осын­дайдан басталады.

Үшіншіден, Сапарбаевтың өмір мектебінен көптеген жас­тар өтті. Бердібек Мәш­бекұлы­ның адамды тани білетін, өзінің бір «ішкі рентгенінен» өткізетін қасиеті болған. Соның арқасын­да мамандарды таңдап, оларға күрделі мақсаттардың орын­далуын сеніп тапсыратын. Сол жастар бүгін әртүрлі аймақта басшылық қызметте нәтижелі еңбек етуде. 2020 жылы ақпан айында Қордай оқиғаларынан кейін Жамбыл облысына әкім болып тағайындалғанда Бер­дібек Мәшбекұлы өз команда­сымен келген жоқ. Өзімен біраз жыл қызмет істеген, өзі тәр­биелеген Ержан Жылқыбаевты алып келді. Қалған облыс әкі­мі­нің орынбасарлары, басқарма бас­шылары, аудан әкімдері жергілікті азаматтар болғанын жақсы білеміз.

Төртіншіден, Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысын­да көптеген әлеуметтік жобаны іске асырды. Мысалы, «Асарла­тып үй салу», «Жомарт түлек», «Таразға тарту» сияқты жобалар халықтың өмір сапасын жақсар­туда нақты нәтижелер берді.

Бесіншіден, Бердібек аға – шынайы достыққа ашық болған тұлға. Бірақ сатқын­дық­ты, екі­жүзділікті, өтірік айт­қанды ке­шірмейтін. Мұндай «достарды» өзінің «ішкі тізімі­нен» сызып тастайтын.

Ал Бердібек Мәшбекұлының ең негізгі қасиеті – қарапайым адамдарға жақын болды, халық­пен бірге болды. Бердібек аға­ның бұл қасиеті Қордай оқи­ғалары, COVID-19 пандемия, Байзақ ауданындағы жарылыс, Қаңтар оқиғалары кезінде айқын көрінді. Сондықтан да елде Сапарбаевты «кризис-менеджер» деп атап кетті. 

Екі жылдың ішінде облы­сымыздағы 400-ге жуық ауыл мекенінің жартысынан көбіне Бердібек Мәшбекұлы барып, өз көзімен көріп, халықпен кез­десулер өткізді. Әкім болу оңай емес. Кез келген адам әкім бола алмайды. «Әкім болсаң, халық­қа жақын бол», – деген сөз бар. Бердібек аға әкім ретінде ха­лыққа жақын болды.

«Халықтың мәселесін шеш­сең, кез келген ауылға ұялмай, басыңды жерге қаратпай бара аласың. Бұл – әкімнің ең негізгі тапқан бақыты», – дейтін Бердібек Мәшбекұлы.

Мен соңғы рет Бердібек Мәшбекұлымен 2023 жылы 5 наурыз күні кездескен едім. Сол күні Бердібек аға республикалық Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауалды штабтың мүшесі ретінде Таразға келіп, екеуміз Жамбыл облысының бірнеше ауданын аралап, халықтың ара­сында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Елімізде болып жат­қан саяси реформаға байла­ныс­ты өз ойларымызбен бөлістік. Осы кездесу соңғы екенін біл­медік.

Әрине, Бердібек Мәш­бек­ұлының өмірінде қиын кезеңдер де болды. «Тырнақтың астынан кір іздеп», аяғынан шалғысы келгендер де кездесті. Әйтеке бидің Күлтөбедегі бір жиында айтқан сөзі бар: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме! Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?!»

Сол сияқты Бердібек Мәш­бек­ұлының сағын сындырамын дегендер де болды. Өмірдің осын­дай қиын сәттерінен адал­дық, ашықтық, әділеттілік сияқ­ты ұстанымдарының арқа­сында ол үлкен абыроймен өте білді. Өзінің барлық өмірін халықтың бағын ашуға арнады.

Бердібек Мәшбекұлының елімізге бергені аз емес. Әлі де беретіні бар еді. Өкінішке қарай, ортамыздан бақилық өмірге кетіп қалды. 9 ақпан күні 71 жас­қа толатын еді. Артында бас­шы және ғалым ретінде жақсы із, үлкен мұра қалдырды. Осы мұраны зерттеу, сол мұрамен бү­гінгі күннің арасында байла­ныс пен сабақтастықты орнату, сол мұра арқылы жастарға тәлім-тәрбие беру – біздің парызымыз.

Бердібек  Сапарбаевтың дана және дара тұлғасы халық­тың есінде мәңгі сақтала бермек.

Махметғали САРЫБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері