Атырауда мұнай-газ-химия кластерін құрудың алғашқы кезеңі басталды. Еліміздегі тұңғыш газ-химия кешені осыдан тура бір жыл бұрын ашылған болатын.
Қазақ экономикасының мега-жобасы
1,801
оқылды

Жаңа өндіріс орны заманауи құрылғылармен жабдықталған, цифрлық технологиялармен басқарылады. Зауыт жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге қауқарлы.

Ресми іске қосылған уақыттан бері кешен 234 мың тонна полипропилен шығарды. Мұнда төрт бірдей эстакаданың жұмыс істеуінің нәтижесінде тәулігіне 1 500 тонна өнім алуға мүмкіндік туып отыр. Қазір компания өнімдері Қазақстанның іші нарығында ғана емес, еліміздің әр аймағына және шетелге, атап айтар болсақ, Еуропа, Қытай, Ресей мен Түркияға экспортталуда. 

Бүгінде компания 631 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мердігер компанияларда 1 мыңға жуық адам қызмет етуде.

Айта кетсек, полипропилен – құрылыс, машина жасау, медицина, электр техникасы және орама материалдар, контейнерлер, талшықтар, құбырлар, кеңсе жабдықтары, бақша, кеңсе жиһаздары өндірісінде, сондай-ақ тоқыма және тамақ өнеркәсібінде қолданылатын негізгі шикізат.

KPI кешені полипропиленнің 64 маркасына дейін шығаруға қауқарлы. Зауыт қазір полипропиленнің сапалы әрі нарықта сұранысқа ие жеті түрін өндіріске енгізді. Зауыт шығарған өнімнің сапасын әлемге әйгілі швейцариялық SGS компаниясы растап отыр.

KPI зауыты өндірген PP h030 GP/7 және PP H120 GP/7 маркалары тамақ өнімдерінде пайдаланатын пластмасса бұйымдарды өндіруде қолданылуда. Сондай-ақ бұл марка контейнерлер мен қаптамаларды, сөмкелерді, тұрмыстық және тұтыну тауарларын өндіруде қолданылатын шикізат саналады. Одан жасалған бұйымдар тегіс және біркелкі құрылымымен, жағымды көрінісімен ерекшеленуде.

PP h031 BF/7 полипропилен бренді BOPP пленкасын (биаксиалды бағытталған полипропилен пленкасы) өндіруге арналған. Бұл бренд Еуропада және Қазақстанда тамақ өнімдері мен күнделікті тауарларға арналған полимерлі пленкадан жасалған қаптама, затбелгі мен скотч өндірісінде қолданылады. БОПП пленкаларының беріктігі жоғары, әртүрлі агрессивті ортаға төзімді және адам денсаулығына зиянсыз. Сондай-ақ PP H031 BF/7 кеңсе үшін баспа кескінін ламинаттауға арналған пленкалар шығарады.

PP h036 BF/7 маркасынан азық-түлік және азық-түлік емес қаптамаларды, металдандырылған пленкаларды, екіжақты моно және көпқабатты пленкаларды жасайды. Оның фталаттарсыз болуы тұтыну талаптарына сәйкес келеді. Тауарда фтал қышқылының болмауы – еуропалық сертификаттау органдарының гигиена өнімдері мен азық-түлікті орауға арналған заттарға қоятын басты талабы. Полипропиленнің осы маркасының өңделген түрін сусын бөтелкелеріндегі жапсырмалардан, шоколадтар оралған қабықтардан көруге болады. 

PP h270 FF/7 және PP h350 FF/7 маркалы полип­ропилен тоқыма емес маталар мен талшықтарды, яғни агротекстильдер мен жабын материалдарын, құрылыс геосинтетикасын (мысалы, жол құрылысына арналған гео торлар) және гидрооқшаулағышты, спорттық киім элементтерін, сондай-ақ жеке күтім заттарын, медициналық қорғаныс маскалары мен халаттарды, дастарқандар мен бірреттік майлықтарды жасауға арналған материал ретінде қызмет етеді. 

PP h350 FF/7 инновациялық бренді – фитинг-орау материалдарын, ортопедиялық матрацтарды, қақпақтарды, жұмсақ жиһаздарды, автомобиль сүзгілерін, шаңсорғыш сүзгілерін, респираторларды, сөмкелерді, қақпақтарды, корпустарды жасауға арналған шикізат.

h270 GP/7 маркасы – шелектер мен банкалар, тапсырыс бойынша пластикалық бөлшектер, ыдыс-аяқ пен тұрмыстық заттар, кеңсе тауарлары, электр тұрмыстық техниканы жасау үшін аралас композицияларды біріктіру кезінде қажет компонент. Сонымен қатар қаптарды ламинаттау кезінде қолданылады.

Қазақстан нарығындағы тың жобаның өндірістік қуаты артып келеді. Мұның маңызы сол, өндіріс іске қосылғалы полипропиленнен өнім шығаратын отандық кәсіпорындардың импортқа тәуелділігі жойылған. 

Мысалы, «Касхим», «Полимер Продакшн» зауыттары шикізатты бұрын өзге елдерден тасымалдаса, енді ішкі нарықта қол жеткізіп отыр. Бұл қазақстандық компанияларға жасалған үлкен мүмкіндік деуге болады. KPI қазақстандық кәсіпорындарды қамтамасыз ете отырып, өнімін экспортқа да сатуда. 

Қазір ішкі нарыққа өнімді сату туралы 50-ден астам компаниямен келісімшарт жасақталған. Атырауда KPI Inc. өндіретін полипропиленнен жаңа химиялық өнімдер шығару жоспарлануда. Осы орайда, жергілікті әкімдік және салалық мекемелермен меморандум жасақталған. Оның аясында Атырау қаласындағы бұрынғы химия зауытының бос өндірістік аумағына полимер өнімдерін өндіру бойынша технопарк құру, шағын және орта бизнесті дамыту үшін инфрақұрылымдарды орналастыру көзделген.

Еске сала кетсек, 2022 жылы 8 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапарында Kazakhstan Petrochemical Industries Inc ЖШС-ға қарасты біріктірілген газ-химия кешенін іске қосты.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бағыттардың бірі һәм бірегейі – шикізатты терең өңдеу. Соның ішінде полипропилен өнімін шығару – ел ертеңі үшін қажетті жоба.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы