Көктем жақындағаннан Сыр бойын жағалай қоныстанған жұртшылық сары уайымға салынады. Әсіресе, дария маңындағы елді мекен халқы су шайып кету қаупінен үрей құшағында қалады.
Дария деңгейінен қауіп бар ма?
641
оқылды

Күн күрт жылынса, дария мұз құр­сауынан босап, су тасқынының қаупі күшеюі жылдағы құбылыс. Соған орай тө­­тен­­ше жағдай мамандары дария деңгейін ұдайы бақылауда ұстап, су шайып кету ықтималдығы жоғары аумақтарды анық­­тауға тырысады. 

Арнайы мамандар биыл да Сыр арнасын қарауылдап келеді. Соның нәтижесінде сеңнің сергелдеңіне қалуы мүмкін 29 қауіпті аймақ анықталып отырғаны мәлім болды. Яғни, облыс төңірегіндегі дарияның маңында орналасқан 29 ауыл ағын судың астында қалуы мүмкін. Соған орай табиғи апаттың алдын алу, тосын апатты болдырмау шараларын күшейту қажеті туындап тұрғанын алға тартады.

Қазіргі Сырдария өзеніндегі су деңгейі бірқалыпты. Алайда тоқмейілсіп отыруға тағы болмайды. Табиғат кез кел­­­ген сәтте тосын мінез танытуы мүмкін. Сондықтан бәріне де дайын болу қажет. Төтеншеліктер жыл басталғаннан тосын жағдайға тосқауыл болудың қамына кірісіп кеткен. Сұлу да сырбаз Сыр­­дария өзенінен сең жүру қаупін се­йілту мақсатында атқарылып жатқан жұ­­­мыстар ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды. Осы төңірегінде Қызылорда облысы әкімдігіндегі өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында арнайы өткізілген брифингте сала мамандары кеңі­­нен түсіндірді.

«Жалпы, анықталған ақпаратқа сәйкес, бүгінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 200 текше метр су жіберілуде. Сондай-ақ Қызылорда су торабынан секундына 100 текше метр су өтуде. Қазір Арал ауданынан бастап, Қызылорда қаласына дейін мұз толықтай ұстасқан. Ал облыстың оңтүстік өңіріне қоныстанған Жаңақорған ауданының аумағында өзен беті әзірге мұздан таза. Бұдан өзге Шиелі ауданы бойынша Қызылқайың елді мекенінде мұз ұстасып жатса, Қарғалы учаскесінде 30 пайыз сең жүруде. «Казгидромет» РМК облыстық филиалының жүргізген көп жылдық есебіне сәйкес, өзен арнасындағы мұздың қозғалысы шамамен наурыз айының бірінші онкүндігінде басталады деп күтілуде. Осыған сәйкес, қала мен аудан әкімдіктері және жауапты сала қызметкерлері күнделікті өзен деңгейін бақы­­­лау­да ұстауда», – дейді бұл жайында об­­лыс­тық жұмылдыру дайындығы бас­­­­­­­қар­­­­масының басшысы Марат Құрманбаев.

Мамандардың пікіріне сүйенсек, әзірге дария суынан айтарлықтай қауіп жоқ. Су өзеннің негізгі арнасымен ағып жатыр. Дегенмен оның деңгейі бақылаудан түспейді. 

Мәліметке сәйкес, су басу қаупі басым 29 елді мекенде тұратын халықтың қарасы қалың. Нақты айтқанда, аталмыш ауылдарда 21 мыңнан астам тұрғын үй мен 130 мың 367 халық қоныстанған. Сондықтан қажетті техникалар қауіптің алдын алу және жою шараларына сақадай сай.

«Сырдария өзеніндегі су арнасы тасыған жағдайда қауіптің  алдын алу және оны жою мақсатында 116 мекеме, 364 бір­лік техника мен мыңнан астам  қызметкер жұмылдырылады. Қазір 25 бір­­лік арнайы техника, 4 жүзу құралы, 33 мотопомпа дайын тұр. Бұған қоса, су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорлар бойынша 117,9 тонна жанар-жағармай, 139 902 дана қап, 17 710 бау қамыс, 5 865 дана пашын мен 239 тонна қойтас және 2 381 дана қарабура инертті материал қоры жасақталды», – деді бұл жайында облыстық ТЖД бас­тығының орынбасары Нұрсұлтан Ибрагимов.

Төтеншеліктер тасқын кезінде халықты шұғыл эвакуациялау мақсатында барлығы 59 жинау-эвакуациялау пункті және 68 қабылдау пункті дайын екенін де мәлімдеді. Осы арқылы табиғаттың тосын мінезін еңсеруге әзірлік жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатқанын алға тартады.

Ал «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы су деңгейін күнделікті мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүріліп тұрғанын жеткізді.

«Нақты кезеңде Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларында жинақ­талған су көлемі 14,335 млрд м кубты құ­­­­­райды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 0,027 млрд м кубқа артық екенін көрсетеді. Алайда су тасқыны бойынша әзірге қауіп жоқ. Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі тұрақты түрде бақылауға алын­ған. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы ұйымдары бірлесіп Сырдария өзеніндегі сушаруашылық жағдайына күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде», – деді «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қозтоғанов.

Қалай болғанда да, су мамандары дария деңгейіне үздіксіз бақылау жасап тұрғанын мәлімдеп отыр. Әзірге анау айт­­­­қандай, қауіп жоқ деп айтылғаны­­мен, қамсыз отыруға болмайтынын да алға тартады. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы