Уақыт өткен сайын заман көшіне ілесіп, техниканың қарыштап дамып жатқанына куә болып келеміз. Әсіресе, жасанды зерденің ақпараттарды жинақтау, осы арқылы деректер жиынтығынан ақпараттарды еркін алуға қолжетімділік арта түсті.
QazaqGPT – сырбойылық оқушының  өнертабысы
524
оқылды

Негізінен, адамзат тарихында «жасанды интеллект» термині сонау 1956 жылы пайда болған көрінеді. Оны алғаш Дартмут университетінде өткен конференцияның преамбуласында америкалық бағдарламашы Джон Маккарти қолданған. Сол кезден адам сияқты ойлау қабілетіне ие бұл жүйе кез келген ақпаратқа жедел қол жеткізуге мүмкіндік жасайтыны дәлелденген. Кейін­нен Маккарти жасанды интеллектінің дамуына қосқан үлесі үшін Тюринг сыйлығының лауреаты атанады. 

Адамзат тарихындағы ұлы жетістіктің бірі саналған компьютерлік жүйенің бұл түрі бүгінгі қоғамда екі түрлі пікір қалып­тас­тырып отыр. «Жасанды интеллект жәр­демші бола ма?» деген сауал көптің көңілін күпті етіп тұр. Бірі мұны келешектегі адамзаттың көмекшісі десе, екінші біреулер адамдардың болашағына пайдасы жоқ қауіпті қару деп қарайды. Яғни, болашақта адамның еңбек күшін талап ететін жұмыстар роботтардың меншігіне өтіп, әлемге үстемдігін жүргізетін болады деген қорқынышы басым. Дейтұрғанмен, әлі де бұл революциялық технологияны дамытуға алпауыт елдердің іргелі компаниялары қызығушылық танытып, миллиардтарын құйып жатқаны белгілі. Осы арқылы оның қарқынды дамуына күш салып келеді.

Соңғы кездері жасанды ойлау жүйесін қазақша сөйлетіп, оның жаңа қырынан дамуына күш салып жүрген сырбойылық вундеркинд жайында ел арасында жиі айтылып жұр. Нақты айтқанда, сырдариялық оқушының ерекше жаңалығы еліміздің IT саласына тың серпін беріп тұр. 

Біз тілге тиек етіп отырған жасанды интеллектке қазақша үйреткен жас өрен – Асылжан Абдуллаев. Оның жаңалығы компьютерлік жүйенің қыр-сырын жетік меңгерген мамандарды таңғалдырып отыр. Мектеп оқушысы бұл теңдессіз жаңа­лығымен елдің ерекше ықыласына бөленді. 

Қызылорда облысы, Сыр­дария ауданының 11 сынып оқушысы тынымсыз еңбе­гінің нәтижесінде жасанды интеллект жүйесін қазақша бейімдеп, айды ас­панға бір-ақ шығарды. Бүгінде QazaqGPT деп атаған бағдар­ламасын екі мыңнан астам адам өз қажетіне пайда­ланып та үлгерген. 

«Негізінен, QazaqGPT жобасының басты мақсаты қазақ­тілді ЖИ-ді (жасанды интеллект) дамыту болып табылады. Бұл жоба «Қызылорда хаб» бизнес-инкубаторы­ның көмегімен Innofest–2023 фестивалінің базасында құрылды. Қазір ерекше жобамды Ғылым және жоғарғы білім мен Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш министрліктерінің қолдауымен бірге дамытудамыз», – деп түсіндірді бұл жайында жоба авторы Асылжан Абдуллаев.

Асылжанның бұл жобаны ойлап шығарғанына бар болғаны бір айға жуық уақыт болыпты. Соның өзінде бағдарламаны барынша жетілдіріп, қолданысқа енгізіп үлгерген. Ауыл мектебінде білім алып жүрген талапты жас ғаламтор кеңістігін бағындырып, ғылыми жетістіктерге жетуді көздейді. 

Жоба авторы қазірдің өзінде жасанды интеллектіні қазақыландыру барысында жүйеге 300 мыңнан астам қазақша сөз бен 220 миллиардтай ақпаратты енгізгенін алға тартады. Нәтижесінде, бірегей жобасына елімізбен қатар, Американың IT саласындағы алпауыт компаниялар да қызығушылық танытуда. Тіпті, жобаны одан әрі жетілдіруде бірлесе жұмыс жасауға ұсынып білдірушілер де аз емес көрінеді.

«Бұл бағдарламаға қызығушылық танытып отырған компаниялар аз емес. Соның бірі – халықаралық Enactus ұйымының мүшесі, америкалық Рэндел Брюне есімді азамат жобаны өз ұйымына енгізу жайында ұсыныс тастап отыр. Ол жобаммен толық танысып шыққан екен. Ал біз өз тарапымыздан Лас-Вегаста өтетін GMS атты халықаралық форумға жолдама алуға күш салып жатырмыз. Осы орайда аталмыш жобам Digital Almaty–2024 форумында орталық Азияның үздік 10 стартаптарының қатарына кіріп, Startup District зонасынан 1 млн-ға стенд ұтып алғанымызды да айта кеткен артық болмас», – деп жоба авторы жетістіктерімен бө­лісті.

Асылжан – отбасының тұңғышы. Ізінен ерген бір інісі мен қарындасы бар. Анасы білім ұясында ұстаздық қызмет атқарса, әкесі – жеке кәсібімен нәпақасын тауып жүрген еңбекқор жан. 

Ата-ана ұлының ғылыми ізденіске бет бұрғанын мақтаныш санайды. Оның болашағына зор үміт күтеді. 

«Асылжан кішкентайынан өте пысық, еңбекқор болды. Алға қойған мақсатына жету жолында қиындықтан тайсалмайды. Түрлі жобаларға қатысып, өзінің бағытын айқындай білді. Әрдайым бастаған ісін аяқсыз қалдырған емес. Алға қойған мақсаттарымен бөлісіп отырады. Ал біз ұлымыздың әрбір бастамасына қолдау танытып, тілеулестігімізді білдіріп жүреміз. Қазіргі кезде Асылжан көп уақытын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуға жұмсап жатыр. Мектебін ойдағыдай бітіріп, өзі қалаған жоғары оқу орнына түсіп, білікті маман иесі атанса деген тілегіміз бар. Осы орайда өзі он бір жыл бойына білім алып жатқан №210 мектептің ұстаздарына, информатика пәнінің мұғалімі Әйгерім Арыстанбековаға және әркез қолдау таныта білген сынып жетекшісі Гүлнара Өмірзақоваға алғысымыз шексіз», – дейді анасы Мөлдір Болатбекқызы.

Мектепті биыл тәмамдайтын талапкерге қазірдің өзінде еліміздің үш жоғары оқу орнынан грант ұсынылып отыр екен. 

Талапты жастың алға қойған мақсаты да ауқымды. Жобасын одан әрі жетілдіріп, күнделікті көпшілік қолданып жүрген смартфондарға енгізу жолдарын да қарастырып жатыр. Сондай-ақ бағдарламаны телеграмм қосымшасына интеграциялау секілді көптеген жобаларды жүзеге асыруға күш салып жүр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы