Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде Құрылыс кодексі жобасы мен оған сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша ілеспе түзетулердің таныстырылымы өтті. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Палата вице-спикері Альберт Раудың қатысуымен өткен жиынға комитет төрағасы Нұртай Сабильянов жетекшілік етті. Отырысты ашқан Нұртай Сабильянов өткен аптадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы құрылыс саласын тиімді реттеу мәселесін көтергенін атап өтті.
– Бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына қатысты өзекті мәселелер бар. Азаматтар атынан үнемі шағымдар келіп жатады. Осы орайда Президент Кұрылыс кодексі жобасын мұқият қарап, жетілдіру қажеттілігі туралы тапсырма берді. Жоба 205 баптан тұрады және қолданыстағы үш заңның нормалары біріктіріледі. Ілеспе заң жобасында 4 кодекс пен 13 заңға өзгерістер енгізіледі, – деді Комитет төрағасы.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин жаңа тәсілдер құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталғанын айтты.
– Шұғыл әрекет жасау тетігі енгізіледі. Бұл мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарындағы бұзушылықтарға уақытылы шара қолдануға мүмкіндік береді, олар бұзушылықтар жойылғанға дейін құрылысты тоқтатады. Механизм құрылыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді және құрылыс компанияларына сапалы бақылауды қамтамасыз етеді, – деді Тимур Қарағойшин.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, аяқталған құрылыс-монтаж жұмыстарының жай-күйін жоспарлы инспекциялау да енгізіледі. Бұл ретте Құрылыс және төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік инспекциясы мен Төтенше жағдайлар министрлігі салынып жатқан нысандарды пайдалануға қабылдауға қатыса алады.
Сонымен қатар реттеудің жаңа нысандары қарастырылған: қоғамдық бақылау, ерекше реттеу, аумақтарды кешенді дамыту және құрылыс объектілерін пайдалану. Құрылыс кодексінің жобасында цифрландыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Еуропа Одағы елдерінің тәжірибесі негізінде мамандарды сертификаттай отырып бірыңғай цифрлық тізілім енгізіледі. Бұл барлық берілген рұқсаттың біліктілік талаптарына сәйкестігін анықтауға және нарықты жауапсыз компаниялардан тазартуға мүмкіндік береді.
– Сонымен қатар «Сейсмикалық аймақтардағы жобалау және құрылыс ерекшеліктері» атты жаңа тарау енгізіледі. Құрылыс компанияларының сейсмикалық оқшаулағыш жүйелерін қолдануы, сейсмикалық қауіптілікті алдын ала бағалау, құрылыс алаңын таңдау, сынақтар жүргізу және басқа да мәселелер бойынша кешенді шаралар қабылдау жоспарланып отыр, – деді Т.Қарағойшин.
Баяндаманы тыңдаған депутаттар Құрылыс кодексінің жобасы жетілдіруді қажет ететінін айтты. Асхат Аймағамбетов қазіргі уақытта мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау жүргізу құқығы әкімдіктерде екенін және оның тиімсіздігін атап өтті. Сондықтан оны республикалық деңгейге беруді ұсынды. Сондай-ақ заңсыз салынған және құрылысы ұзаққа созылатын құрылыстар мәселесін шешу жолдарын қарастыру қажеттігін айтты.
Анас Баққожаев Кодекс жобасын өзгерте бергеннен оның тиімділігі мен нәтижесіне көңіл бөлуге және ауылды жерлерде жүргізілетін құрылысты оңтайландыру мәселесіне тоқталды. Жалпы алғанда депутаттар құрылыс, монтаждау жұмыстарына берілетін лицензия, сейсмикалық аймақтарда құрылыс салу ережелері мен оларды қадағалау, тәжірибесіз құрылыс компанияларымен жұмыс, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, құрылыстың техникалық шарттарға сай болуы сынды мәселелерді көтерді. Құрылыс кодексі мен оған ілеспе түзетулерді талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұрат Әбенов жетекшілік етеді. Талқылау соңында депутат жиын қатысушыларына түзетулерге қатысты ұсыныстарын беруге шақырды.
– Неліктен мен де әріптестерім секілді Құрылыс кодексінің жобасына қызығушылық таныттым? Өйткені заң бұзылып жатса да, әсіресе әкімдік деңгейінде, ешкім жауапқа тартылмайтынын байқадық. Біз, ең алдымен, Мемлекет басшысы баса назар аударған мәселелерді шешетін боламыз. Олар: аумақтарды тиімді дамыту, азаматтардың қауіпсіз және жайлы ортада өмір сүру мүмкіндігі және басқа да өзекті жайттарға назар аударамыз, – деп қорытындылады Мұрат Әбенов.