Financial Times ірі технологиялық компаниялар суды пайдалануды айтарлықтай арттырғанын жазды. Бұл жасанды интеллект жүйелерінің қоршаған ортаға түсіретін салмағының тағы бір салдары екенін Aikyn.kz британдық қаржы басылымына сүйене отырып түсіндіреді.
Иллюстрация securitylab.ru сайтынан алынды
2022 жылы Microsoft суды тұтынуды 34%-ға, Google 22%-ға және Meta 3%-ға ұлғайтқан. Бұрын бұндай жылдам өсу болмағанын сарапшылар айтуда. Су ірі технологиялық компаниялардың деректер орталықтарын салқындату үшін керек.
Жасанды интеллект тудырған дүрбелеңнің тағы бір зиянды көрінісі орасан зор қуат көздерін тұтыну мен табиғи ресурстарға деген ЖИ-дің қомағайлығынан байқалды.
Ғалымдардың болжамы бойынша, ЖИ-ге сұраныс 2027 жылға жер асты немесе жер үсті көздерінен алынатын суды пайдалану көлемінің ұлғаюына әкеледі. ЖИ тұтынатын су көлемі 2027 жылға қарай 4,2-6,6 миллиард текше метрді құрауы мүмкін. Бұл тұтас Ұлыбританияның жыл сайын пайдаланатын көлемінің жартысына жуығына тең.
Деректерді өңдеу орталығы. Фото habr.com сайтынан алынды. Авторлығы: Chad Davis
Калифорния университетінің зерттеушілері осы аптада Nature журналында жарияланған мақалада «ЖИ модельдерінің жылдам дамуы тұщы су тапшылығын барған сайын күшейтетінін, су инфрақұрылымына төтенше салмақ салатынын» жариялады.
Бұл алаңдаушылық былтырдан бері өсті, өйткені жетекші технологиялық компаниялар үлкен көлемдегі мәтін мен деректерді өңдеуге, жасауға қабілетті үлкен тіл үлгілерінде жұмыс істейтін генеративті жасанды интеллект өнімдерін шығару үшін бәсекелесуде.
Фото un.org сайтынан алынды
Бұл модельдер жұмыс істеу үшін орасан зор есептеу қуатын керек етеді, бұл жабдықты салқындату үшін суды пайдаланатын үлкен серверлік фермаларды қажет етуде. Судың бір бөлігі салқындату процесінде буланып кетеді, ал біраз көлемін қайта пайдалануға болады.
Су мұнай мен газды айдау немесе жылу электр станцияларында бу өндіру сияқты отын мен электр энергиясының көпшілігінде қолданылады. Ол сондай-ақ гидроэнергетика үшін пайдаланылатын су объектілерінде де көп көлемде буланады.
Әлемдегі су тапшылығын ЖИ өршітуі мүмкін. Фото voda-mo.ru сайтынан алынды
Microsoft, Google және Meta сияқты технологиялық алпауыттар 2030 жылға қарай өздері пайдаланатын судан көбірек суды табиғи айналымға қосуды мақсат етуде. Мысалы, ағып жатқан суару инфрақұрылымын жақсарту немесе сулы-батпақты жүйелді қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру арқылы.
OpenAI өзінің ең жетілдірілген GPT-4 моделін оқыту барысында Айова штатындағы деректер орталығында округтегі судың 6 пайызын тұтынған. Калифорния университетінің ассистенті Шаолэй Рен GPT-3 ескі үлгісінде жұмыс істейтін танымал чат-ботынан 10-50 жауап алуға 500 мл көлемінде су қажет болатынын есептеген.
Реннің айтуынша, GPT-4 көп параметрлерге ие болды және көбірек энергияны қажет етеді, сондықтан ол суды көбірек тұтынуы мүмкін. Ал модельдің қуат тұтынуы туралы толық ақпаратты әзірлеуші компания құпия сақтауда.
Атақты Оңтүстік Калифорния университетінің Анненберг мектебінің зерттеуші-профессоры Кейт Кроуфорд: «Осы мәселе бойынша қоғам алдында ашықтық пен көбірек есеп берусіз ЖИ модельдерінің қоршаған ортаға әсерін толық бағалау мүмкін емес. Және бұл планетаның көптеген бөліктері терең және ұзаққа созылған құрғақшылықты бастан кешіріп жатқан уақытта маңызды және ауыз су қазірдің өзінде тапшы ресурс болып табылады».
Профессордың ойынша, «генеративті ЖИ құралдарын планета қазірдің өзінде климаттық дағдарысқа тап болған кезде олардың шынайы әсерін білмей, соқыр түрде қолдануға болмайды». Бұл ЖИ-дің қоршаған ортаға тигізетін тағы бір кері салдары деп саналады.