Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдіріледі
420
оқылды

Отырыс барысында палата депутаттары «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқы­лым­да қарады. Аталған заң кәсіп­керлік қызмет саласындағы заң­нама­ны жетілдіруге және бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар жасау үшін әзірленді. Басты міндет бизнеске әкімшілік жүктемені азайту және негізсіз кедергілерді жою еке­нін атап өткен жөн. Одан бөлек, мем­лекеттік бақылау мен қадағалау тәртібін реттейтін нормалар қайта қаралды.

Сенаторлар заңдағы новеллаларды концептуалды тұрғыдан қол­дай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Сондай-ақ құ­жат­ты Мәжі­ліс­ке жіберу туралы шешім қабыл­дап, заңды жаңа редакцияда мақұл­дады. Сенат депутаттары енгізген өзгерістер заңның жекелеген нормаларын реттеуші саясаттың қағи­дат­тары мен тәсілдеріне сәйкес келтіруге, сауда қызметін реттеу са­ла­сындағы уәкілетті орган айқын­дайтын шекті сауда үстеме­сін қол­дану тәртібін белгілеуге, халық­тың әлеуметтік аз қамтылған топтарын атаулы қолдауды ескере отырып, әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының бағаларын тұрақтан­дыруды іске асыру тәртібін қарас­тыруға және өңдеуші кәсіпорын­дарды отандық шикізатпен қам­тамасыз етуді жетілдіруге қатысты болып отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бүгін палата депутаттары осы бағыттағы заңның жекелеген баптар­ының жаңа редакциясын мақұлдады. Енгізілген түзетулер арқылы кәсіпкер­лік қызметті реттейтін заңның кейбір нормалары бизнестің және қоғамның мүдделерін ескере отырып өзектен­дірілді. Алдағы уақытта бұл нормалар елімізде бизнеске ар­нал­ған заңдарды қолдануды барынша жеңілдетуге және кәсіпкер­лікті одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Спикері.

Палата отырысында сенаторлар де­пу­­таттық сауалдарын да жолдады.

Геннадий Шиповских жастар арасында синтетикалық есірткінің кең таралып жатқанына алаңдау­шылық білдірді. Осыған байланысты депутат бір­қатар шара ұсынды. Олардың қатарында есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі арнайы органдардың жұмысын күшейту, интернет кеңістігінде есірткі жарнамасы үшін жауапкершілікті арттыру сияқты басымдық­тар бар.

Амангелді Нұғманов Үкіметті бір­қатар мемлекеттік органдардың зейнетке шыққан қызметкерлерінің құқық­тарының бұзылуына байланысты проб­лема­лық мәселені қайта қарауға және заңнамалық тұрғыдан реттеуге шақыр­ды.

Амангелді Толамисов шетелден жоғары білікті кадрларды тарту тетіктеріне қатысты мәселені кө­терді. Осыған байланысты депутат цифрлық платформа құру, салық­тық жеңілдіктер белгілеу және виза алуды жеңілдету сияқты шараларға назар аударды.

Андрей Лукин ұлттық сертификаттау жүйесін техникалық реттеу және цифрландыру саласындағы проблемаларды атап өтті. Депутат­тың айтуынша, оларды жою тұтыну­шыларды қауіпті және контрафактілі өнімдерден қорғайды.

Талғат Жүнісов Үкіметтің назарын Ақ­мола облысында ауыр жүк көліктері­нің салдарынан жолдар­дың сапасына айтарлықтай зиян келіп отырғанына аударды. Сондай-ақ ол жол бойындағы сервис пен инфрақұрылымның төмен деңгейін тілге тиек етті.

Ернұр Әйткенов өз сауалына Павлодар облысындағы шаруаларда тұқым сатып алуға және егістік науқанына да­йын­дыққа қатысты туындаған қаржы­лық проблемаларды арқау етті. Депутат құрғақ­шылықтан зардап шеккен шаруа­ларға қолдау көрсетуді және жеңіл­детілген несие беру бағдарламасын іске қосуды ұсынды.