«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысқан 100-ден астам әйел Алғыс айту күні мен 8 наурыз мерекесі қарсаңында Астанада арнайы бас қосып, қарыздан құтылудың, отбасы табысын арттырудың тәжірибесімен бөлісті. Шараға Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Halyk bank-тің Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова, «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева және министрлер мен депутаттар қатысты. Одан бөлек, өңірлерден келген жоба түлектері өздерінің тәжірибелерін ортаға салды.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Президент ел азаматтарының шамадан тыс несие алуы мәселесіне бірнеше рет назар аударғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қиын жағдайға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың несиеге тәуелділігін төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер әзірленуде. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл күрделі әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамда жаңа «қаржылық мәдениет» қалыптастыру қажет.
«Өздеріңіз білетіндей, партия «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жөнінде тың бастама көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қолдап, оның ауқымын жалпыхалықтық деңгейге шығаруды тапсырды. Бұл жұмысқа Үкімет пен Ұлттық банк қосылды. «Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Барлық аймақтағы азаматтар бұл жобаға қолдау білдіріп, оны жалғастыруды сұрап отыр», – деді Мәжіліс Төрағасы.
«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын үнемі жетілдіріп келеді. Жобаға қатысушылардың 75%-ы – әйелдер. Оның жартысынан көбі – көпбалалы аналар. Партия оларға жағдайды жақсартудың жаңа құралын ұсынды. Атап айтқанда, оқудан өткен әйелдер жеке кәсібін бастау үшін қайтарымды грант пен лизингке құрал-жабдық сатып ала алады. Бастама аясында жыл соңына дейін 3 500 әйелді қамту жоспарлануда.
«Бұл ретте біз бүгінгі кездесуге қатысып отырған кәсіпкер әйелдердің тәжірибесіне сүйенгіміз келеді. Сіздердің міндеттеріңіз – жоба тәлімгерлерімен бірлесіп, әйелдерді оқыту және оларды тұрақты табыс табатын деңгейге жеткізу. Олар өздеріңізге қарап бой түзейді. Сіздер үлгі болуларыңыз керек. Бұл – «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асырудың жаңа кезеңі», – деді Ерлан Қошанов.
Қазір қазақстандықтардың несие бойынша қарызының көлемі 18 триллион теңгені құрап отыр. Былтыр пилоттық жоба ретінде басталып, жақсы нәтиже көрсетіп, қатысушылардың басындағы қарыз бен несие ауыртпалықтарынан құтылуына ықпал еткен «Қарызсыз қоғам» жобасын түбегейлі түрде іске қосу туралы шешім қабылданған. Осылайша, «AMANAT» партиясының халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымы кеңейіп, жалпыұлттық жобаға айнала бастағаны белгілі. Биыл жобаға еліміздің бүкіл өңірімен қоса, республикалық маңызы бар 3 ірі қала – Астана, Алматы, Шымкент қосылып отыр. Осыған орай отандастарымызға барынша ыңғайлы болуы үшін Qogamfin.kz арнайы білім беру платформасы да әзірленді.
«Қарызсыз қоғам» жобасының арқасында өңірлерде көпбалалы аналар мен зейнеткерлер өз кәсіпорындарын ашып қана қоймай, жерлестерін еңбекақымен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жыл соңына дейін 3 500 әйелді қарыздан шығару жоспарланып отырғанын айтты.
Сонымен бірге жиын барысында сөз алған Halyk bank-тің Басқарма төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі Үміт Шаяхметова азаматтардың банктерден алатын несие шұғыл қажеттілікке емес, дұрыс жоспар құруға бағытталуы керек екенін баса айтты.
«Біздің банк қарызға батқан азаматты тысқа итеріп тастамай, керісінше өзімізге тартып, бар мәселесін шешуге көмектесеміз. Азаматтың қай жерде қате жібергенін тексеріп, қаржылық сауатын арттыруға тырысамыз. Азаматтарымыз банктерден қарыз алған шақта оның қайтарымы мен өсімі барысына бас ауыртпайтыны шындық. Біз «AMANAT» партиясымен бірлесіп, осы бір түйткілдің түйінін тарқатуға белсенді түрде атсалысып жатырмыз. Жобаны жүзеге асыру барысында қарызы бар азаматтардың көбі әйелдер екеніне көзіміз жетті. Осы мақсатта әйел қауымының қаржылық сауатын арттыру мен әйел кәсіпкерлерді қаржылық қолдау мәселесіне жіті назар да аударылып отыр», – дейді Halyk bank-тің Басқарма төрағасы.
Еске салсақ, 2024 жылдың 5 ақпанында «Қарызсыз қоғам» жобасының екінші толқыны басталып, жобаға еліміздің барлық облыстары мен қалаларында кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін бар болғаны qogamfin.kz сайтында сұраныс қалдыру қажет.
Осы жылы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 750 мың отандасымыз оқыту курсынан өтеді. Олардың қатарына еліміздің жоғары және орта оқу орындары мен мектептер де тартылды.
«AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Биыл жобаны жүзеге асыру үшін бірнеше коммерциялық банктер қолдау білдіруде.
Өз кезегінде, жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева несие бойынша 90 күннен астам уақыт төленбей келген берешегі бар отандасымыздың саны 2 млн-ға жуықтайтынын айтты. Бұл – халықтың 10%-ын және экономикалық белсенді азаматтардың шамамен 20%-ын құрады екен.
«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың 58%-ы – төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Ал қарыз өтеу мерзімі 90 күннен асатын азаматтардың үлесі – 18%. Әрбір екінші қатысушының отбасындағы ортақ табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Сонымен қатар курстан өткен азаматтардың үштен бірінде екі немесе одан да көп несие бар. Сондықтан жоба жеке тұлғаның ғана емес бір отбасының ауқымды мәселесін шешу жолында ерекше игілікті іс болып отыр», – дейді Ақмарал Бекмұрзаева.
«Қазір Үкімет пен «AMANAT» партиясының бірлесіп қолға алып отырған «Қарызсыз қоғам» жобасына оң ықпал ету мақсатында министрлік бірнеше заң жобасын даярлап, Парламентке ұсынды. Аталмыш заңнамаларда қаржы ұйымдарының азаматтарға несие берудің біршама шарттары өзгеретін болады. Оның ішінде тұтынушылық кредиттердің өсімін едәуір шектеу мен қатар онлайн түрде несие алумен қоса, коллекторлық ұйымдардың несие өндіру ісі де пысықталатын болады. ІІМ-мен бірлесіп, алаяқтық жолмен несие рәсімдеушілердің қитұрқы әрекеттері де қатаң түрде пысықталатын болады», – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байназаров.
«Жолдасымның табыс көзі 150 мың теңге болатын. Өзім отбасында бала күтімімен отырдым. Банктен 1 млн теңге несие алып тұрып жатқан үйімізді жөндейміз деп ойладық. Кейін несие төлеу кезінде жолдасымның жалақысының көп бөлігін банкке салып отырдық. Рас, басымызға қиындықтар түсе бастады. Кейін «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы естіп, қаржы сауаттылығымды арттырып, кәсіп ашу туралы шешім қабылдадым. Осылайша, «Ауыл аманаты» жобасы негізінде жеңілдікпен 4 млн 400 мың теңге несие алып, 8 бас ірі қара мал сатып алдық. Бүгінде осы кәсіптің отбасымызбен нәсібін көріп отырмыз. Ауылдастарыма жоба барысын түсіндіріп жүрмін. Қазір біздің ауылда «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие рәсімдегісі келіп отырған аналардың қатары қалың», – дейді Түркістан облысы Сайрам ауданынан келген көпбалалы ана, кәсіпкер Айнұр Есенова.
Қазір елімізде әйел азаматтарының басында ірі көлемдегі қарыздар бар екені туралы мәселе көтеріліп жүр. «AMANAT» партиясы осы бір әлеуметтік проблеманың шешілу жолын айқындау мақсатында биыл аталмыш жобаны отбасылық жағдайға назар сала отырып жүргізуді қолға алған.
«Кәсіппен айналысқаныма 28 жыл болды. Жергілікті мал өнімдері оның ішінде жүннен түрлі өнімдер өндірудеміз. Бұл әсіресе, ауыл азаматтары үшін ерекше қолайлы жоба болып отыр. Ауыл халқының көбінің алдында банктік несие бар. Кейбірі қайтара алмай отыр. «Қарызсыз қоғам» жобасы осы мақсатта өзінің тиімділігін көрсетуде. Алдымен, әр азамат өзінің қолдағы қаражатын қалай жұмсау керектігін үйренуі керек. Өз басым алғаш кәсіп бастаған шақта біршама қиындыққа ұшырап шығынға баттым. Ол уақытта мұндай бағдарлама болған жоқ. Бүгін өзім аяққа тұрған кәсіпкер болсам да осы жобаға арнайы қатысып жүрмін. Себебі білмейтінім көп екенін түсінем. Сонымен бірге өзім сияқты жандарға септігім тисін деймін. Осы жобадан үйренгенімді өзгелерге жеткізейін деген мақсатпен келдім. Кәсіпкер қыз-келіншектерді қолдап, олардың табанды болуына жоба жетекшілерімен бірлесіп күш салмақпын», – деп отыр Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақсуат ауылдық округінен келген кәсіпкер Ләззат Мұратқызы.
«Мен осы жоба туралы әлеуметтік желіден естіп, үлкен ойға қалдым. Өзімнің кәсіпкер болсам деген арманымның жүзеге асуын қолдайтын жоба екен деп шешіп, бірден модераторға жазылдым. Қаржылық сауаттылық туралы арнайы курсты тәмамдаған соң отбасымызбен кәсіп ашуға талпындық. Бизнес жобамызды дайындап, облыстық деңгейдегі жарияланған 5 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қатысып, бағымызды сынадық. Бүгінде тілегіміз орындалып, өз кәсібімізді аштық. Қазір ауылда отырып шұжық шығарып жатырмыз. Болашақта таза өніміміздің көлемін арттырып, өзге өңірлерге жөнелтуді мақсат етіп жүрміз. «Қарызсыз қоғам» жобасы елдің үмітін ақтайтын нағыз уақытында жолға қойылған іс болып отыр. Біз құсаған талай жанға демеу боларына сенімім мол», – дейді Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны, кәсіпкер Асылтас Қуатбаева.
Қазір отбасындағы жанжал көбіне жанұядағы қаржылық мәселеден туындап жатқанын әлеуметтік сарапшылар айтып отыр. Тіпті, ажырасудың да 60 пайызы қаржылық проблеманың кесірінен туындайды екен. Сондықтан елдің жаппай қаржылық сауаттылығын арттыру мемлекет үшін де, еліміздің әр азаматы үшін де аса өзекті. Бұл мақсатта «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасына халық зор сенім артып отыр. Ел сеніміне селкеу түсірмей, барынша оңтайлы қадам жасау партияның және жоба жетекшілерінің жіті қадағалауында екенін айтқан жөн.
Бердібек ҚАБАЙ