Ауыл еңбеккерлерінің өмір сүру сапасын жақсартып, та­бы­сын арттыруды көздеген «Ауыл аманаты» жобасы өз тиім­­­ділігін көрсетіп, халық ара­­сында зор сұранысқа ие болуда.
Ауылды дамытудың басты драйвері
фото: Жаслан ЖҰМАБЕКОВ
1,287
оқылды

«Ауыл аманаты» жобасын 2023 жылдағы басты халықтық жоба деп айтуға толық негіз бар. Прези­дент­тің сайлауалды бағдарлама­сында көзделген міндеттерді орындау мақ­сатында былтыр елімізде 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында «AMANAT» пар­тиясы Үкіметпен бірлесіп атал­ған жобаны тиімді түрде жүзеге асы­рып келе жатқаны белгілі. Мә­се­лен, «Ауыл аманаты» жобасына өңірдегі ауыл тұрғындарынан 10 млрд теңгені құрайтын 1 400-ден аса өтінім келіп түскені белгілі бол­ған. Демек, ілкімді жобаға ел ерекше сенім артып отырғанға ұқсайды. 

«Ауыл аманаты» – халық игілігі

Былтыр 7,5 мыңға жуық ауыл тұрғындарына шағын несие берілсе, биыл 15 мыңға жетпек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық табысын арттыру­дың 2025 жылға дейінгі бағдарлама­сын» бекіткенін білеміз. Үкіметке Парламент Мәжілісінің отырысын­да халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ша­ралар тізімін ұсыну­ды тапсырған болатын. Міне, осы тап­сырманы жүзеге асыру мақса­тын­­да «AMANAT» пар­тиясы ха­лық­­тың, әсі­ресе ауыл тұрғындары­ның жағ­дайына ерекше мән беруді жүк­теген. 

Бұл мақсатта «AMANAT» партиясымен бірлескен «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына жыл­­дық 2,5%-бен 5-7 жыл мерзімге шағын несиелер рәсімдеуді үдет­ті. 

Бұл туралы Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракция­сы­ның кеңейтілген жиынында депутаттар «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің 2023 жылғы есебін тыңдау барысында белгілі болды. Бүгінде шамамен 80 млрд теңге сомасына жыл­дық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрай­тын 12,7 мың шағын несие берілген екен. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов кеңейтілген жиында ауылды дамыту мәселесі Мемлекет бас­шысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. «Ауыл аманаты» жобасы – ауылды дамытудың жаңа драйвері. Жалпы алғанда, 2029 жылға қарай жоба аясында 1 млн ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отырған көрінеді. Алғаш рет ел тарихында аталған мақсатқа 1 трил­­лион теңге көлемінде қомақ­ты қаражат бөлінді. Бұл халықтың еңсесін көтеріп, елдің тұрмыс жағ­дайын көтеру мақсатында мемлекет тарапынан қабылданып отыр­ған аса үлкен бастама екенін енді тағы да бір еске салған дұрыс. 

«Президенттің сайлауалды бағдарламасына енгізілген осынау бірегей жобада ауыл тұрғында­рының тұрмысын жақсартудың нақ­ты әрі түсінікті тетіктері қарас­ты­рылған. Ең бастысы, қаражаты толық шешілген. Бір жылдың ішінде жобаның тиімділігін көріп отырмыз. Барлық мемлекеттік орган мен әкімдік «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыруға тиіс. Негізгі міндет те осы болуы керек», – деді Мә­жілісте өткен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында партияның Төрағасы Ерлан Қошанов.

Осы жиында биыл ауыл тұр­ғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаға қазына­дан 100 млрд теңге қарастырылғаны айтылды. Бұл мақсатпен еліміздің барлық өңірінде 15 мыңнан аса жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішін­де мал мен өсімдік шаруашы­лығы, кооператив құру және аза­мат­тардың жеке кәсібін ашуға ар­налған бастамалар да кіріктірілген.

Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыспен қамтылған азаматтар санын арттыруға арнал­ған нақты жоспарларын ортаға сал­ды. Ал Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Айдарбек Сап аров фракция мүшелерін жобаның негізгі көрсеткіштері туралы хабардар етті. Талқылау барысында Мәжіліс Спи­кері өңірлер арасындағы қар­жылық теңгерімсіздікке назар аударды. Былтыр жалпы несие со­ма­сының 43,9 млрд теңгесі Жамбыл және Түркістан облыстарына бе­рілген. Алайда небәрі 1 миллиард теңге алған аймақтар да бар. Ерлан Қошанов Үкімет ірі ауыл шаруашы­лығы кооперативтерін құруға тиісті көңіл бөлмейтінін атап өтті. Сон­дай-ақ ол «AMANAT» партиясы жанындағы жобалық кеңсе былтыр ауыл шаруашылығындағы жекелеген салалардың экономика­лық бағдары мен даму әлеуетін анық­тау үшін 166 ауданда, 16 ша­ғын қала мен 2 260 ауылдық округте скрининг жүргізгенін еске сала оты­рып, мүмкіндігінше ынталы ха­лықты қолдау керек екенін ес­кертті. 

Ауылдың жайын елеусіз қалдыруға болмайды

Елімізде халықтың негізгі шо­ғыры ауылдарда тұрады. Бүгінде ауыл­да өмір сүретін қазақстан­дық­тардың саны 7,7 миллионнан асады. Бұл – жалпы халықтың 41 па­йызы деген сөз. Сондықтан мемлекетке ауылдардың жайын елеусіз қал­дыруға болмайтыны анық. Былтыр ауыл тұрғындарының табысы қала­дағыларға қарағанда 38 па­йыз­ға төмен екені анықталған. Яғни, шал­­ғайдағы елдің табысы мемле­кеттің алаңдаушылығын туғызып тұр. Әйтсе де, бұл мәселе «Ауыл аманаты» жобасы арқылы біршама оңалуға тиіс деген болжам бар. 

Игілікті жобаның ырысын кө­ріп отырған шаруалардың өзімен тіл­дескенімізде, барлығы да аса тиімді бастама екенін айтты. Жо­ғарыда атап өткеніміздей, жобаның шарт­тары мен тиімділігінен барлық рес­публиканың тұрғындары, әсі­ресе ауылдықтар құлақтанып үл­герген. Бұл туралы аудан әкімдік­те­ріндегі тиісті басқарма басшылары да айтып отыр. «Биыл ауылдарда шағын кәсіпкерлікпен айна­лысуға ниеттілер саны артты. Жаңа кәсіп ашамын деген ауыл тұр­ғындарынан 2,3 млрд теңге несие сұраған 187 өті­­ніш түсті. Бұл өті­ніш­тердің басым бөлігі – тех­никалық қызмет көр­сету, шаштараз, қоғамдық та­мақ­тану орындары және құрылыс материалдарын өндіру секілді сервистік қызмет көрсету бағыты. Ал өткен жылдардан бері жоба негізінде 394 ауыл шаруашылығы өндіріс­тік кооперативі тіркелсе, соның қа­­зір 270-і нақты жұмыс істеп тұр», – дейді Батыс Қазақстан облысы­ның Ауыл шаруашылығы басқарма­сының басшысы Аян Халауедин.

Кәсібі – нәсібі

«Ауыл аманаты» жобасы – сөзсіз халық игілігі үшін жасалып жатқан дүние. Сондықтан да көптің айт­қанымен емес, ақылға салып, же­тілем, өнем, өсем деген жандар­дың қатарында болуға шақыра­мын!» – дейді Қызылорда облысы Шиелі ауданы Берекелі ауылының тұр­ғыны, кәсіпкер Қанат Мұсаев. 

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Бес­көл ауылында тұратын Сатыбалдиндер отбасы тауық өсіретін ша­ғын құс фермасын ашты. Енді олар ауылдастарын экологиялық та­за өніммен қамтамасыз ете бас­таған. Отбасылық бизнес «Ауыл ама­наты» бағдарламасының арқа­сында іске асып отыр.

Облыстың мемлекеттік бағдар­ламаларды іске асыру бөлімінің бас­тығы Талғат Жұмабековтің мә­ліметіне сүйенсек, «Сатыбалдин» ЖК «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жылдық 2,5%-бен 5 жылға және жеңілдікті кезеңмен1 жыл­ға 8 миллион теңге көлемінде несие алған.

«Күйеуіммен бірге отбасылық бизнес бастаймыз деп шештік. Еш өкінбейміз. Алдымен шағын несие алдық. Кейін оған тағы 6 миллион теңге қаржыны қостық. Оған ке­рек-жарақ пен 800 бас тауық сатып алдық. Арнайы торларды жергілікті компания жасап берді. Күн сайын жұмыртқа алып, жергілікті тұр­ғындарға сатамыз. Өні­міміз тез өтіп кетеді», – деді Сара Сатыбалдина.

«Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі халықты қуантып отыр. Мен өткен жылы 7,5 млн теңге не­сие алып, мал басын молайттым. Қа­зір қожалығымыздың өрісі кеңіп, қосымша жұмыс күшін тартып отырмыз. Көктемде мал төл­деген шақта ауыл азаматтарын уа­қыт­ша болса да қосалқы жұмысқа тарт­пақ ойым бар. Қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, мал өсіріп, егін баптай­мын деген елдің қарасы көп», – дейді Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Қаракемер ауыл­дық округінің тұрғыны Төрехан Райсов. 

Мал басын молайтып отырған Төрехан Алтынханұлы мемлекеттің ауыл халқына көрсетіп отырған қолдауының игілігі мол екенін айта келе құжат жинау мәселесіндегі әкімшілік кедергілер шыға беретінін еске салды. Себебі Төрехан Алтынханұлының өзі аз пайызбен несие алу мақса­тын­да Жамбыл ауданына, тіпті об­лыс орталығына да барып, құ­жат­тарының дұрысты­ғын дәлел­деуге тура келген екен. Оның айтуынша, аудан не облыс орталық­тарынан шалғайда орна­ласқан ауыл азаматтарының алыс­тан сабылып жүруге де жағдайы жетпей, жұмыс орта жолда тоқтап, азаматтар шарасыз күйге түсуде. 

Мұндай мәселенің бар екенін өзге де өңір азаматтарының ойынан білдік. Кепілге қоятын үйдің не өзге де мүлікті бағалау кезінде бақылау­шылардың болмашы дү­ниеге шұқ­шиып, құжатты рәсім­демей қойған шақтары да кездескен. Одан бөлек, мал не егіншілікпен айналысушыларды мезгілсіз келіп тексеріс жүргізіп, жұмысқа кедергі келтірген сәттер де болға­нын шаруалар сөз арасында айтып қалды. 

Мемлекет басшысы тапсырмасын мүлтіксіз жүзеге асыруды қолға алған «AMANAT» партиясы осы бір олқылықты нақтылап, кемшін тұсын тезге салса дейді. 

«Шаруашылығымды бас­та­ғанға дейін ауыл мен қала ортасында так­сист болып жүріп, бала-ша­ғамды асырадым. 2022 жылдың соңында мемлекеттің қолдауымен жүргізіліп жатқан «Ауыл аманаты» бағдар­ла­масы туралы естіп, бірден өтініш бердім. Өтінішім қанағат­тан­ды­рылған соң 4 млн 800 мың теңге кө­лемінде қаражат алып, жы­лыжай шаруа­шылығымен айналысу керек деп ұйғардым. Қазір отбасымызбен екі бірдей жылыжай шаруашы­лы­ғын өркендетіп, қияр мен қызанақ­тан өнім жинап отырмыз. Биыл жы­лыжайымыздың екеуі­не де жылу өткізіп, қыста да өнім ала бас­та­дық», – дейді жам­был­дық бағбан Мақсатбек Кәкішұлы. 

«Өткен жылдың тамыз айында 8,6 млн теңге көлемінде қаражат алып, үстіне қалғанын қосып, ауыл шаруашылығына арналған техника сатып алдық. Күзде шаруашы­лық­тарда жұмыс істеп, қыс айнала қар шығару жұмыс­тарына кірісіп кеттік. Ауыр техника үшін ауылда жұ­мыс қашанда мол. Игілігін бар­лық ауыл көріп отыр десем болады. Бір айта кетерлігі, несие рәсімдеу үшін құжат­тарды тіркеу қиынға соқты. Уа­қыт­ты да көп талап еткен құжат мә­селесі. Жалпы, халықтың көбі осы «Ауыл аманаты» бағдар­ла­ма­сынан үмітті. Өзге несие ұйы­мы­нан алатын қаражатқа қарағанда пайызы өте төмен. Сондықтан ауыл­­­дастарыма үнемі кеңес беріп жүр­­мін. Ауыл халқы үшін мемле­кет­тің қолдауы маңызды. Ауылды сақ­тап қалу үшін де «Ауыл аманаты» жобасы аса қажет болып тұр», – дейді Қарағанды облысы Абай ауданы Топар кентінің тұрғыны, кәсіпкер Рауан Атбергенқызы. 

«Болашақта барлық кем-кетікті ескеру қажет. Жоспарланған көр­сеткіштерге қол жеткізу үшін ал­дағы кезеңде кемінде жыл сайын 50 мың жұмыс орнын ашып отыру­ға тиіспіз. Қағаз бетіндегі әдемі цифрлардың қажеті жоқ деп санаймын. Басты­сы – жұмыссыз ауыл тұр­ғындарын тұрақты еңбекпен қамту», – деген болатын «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің 2023 жылғы есебін тыңдау барысында Ерлан Қошанов.

«AMANAT» партиясының ізгі бастамаларға қашанда қолдаушы бо­лып, халық жанынан табылуға ба­рынша күш сала бастағанын бы­лай­ғы жұрт жақсы түсініп отыр. Пар­тияның қолға алып жатқан тың жо­баларына сенім де артқан. Сөз­ден іске демекші, «Ауыл аманаты» жо­басы бұл сөзге нақты дәлел болып тұрғандай. Осы жылы жоба не­­­гізінде өз ісін қолға алуға ұмты­лып отырғандардың қарасы тіпті қа­лың екенін ұқтық.  

Берік БЕК