«Арулар – Асыл жандар» деп аталған мерекелік іс-шара қонағы қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы «Мемлекеттік тілдің тағылымы мен мәртебесі» тақырыбында баяндама жасады. «Тіл – халықтың жаны» екенін тілге тиек еткен Оразкүл Асанғазықызы қазақ тілінің болашағы мен елдің ертеңгі туралы айта келе:
– Отбасының тілі – қазақ тілі болса, балалар қазақша ойлап, қазақша толғанады. Ал орыс тілі қарым-қатынас тіліне айналған отбасы баласын орыс сыныбына берсе, олар – келешекте қай ұлттың өкілі болатынын білмейтіндер, қазақтың болашағына сенбейтіндер. Балаларды орыс сыныбына бермеу керек, әке-шешесін қарттар үйіне беретіндердің 99 пайызы – орыс сыныбын бітіргендер. Қай тілде оқысаң, білімді сол тілде сіңіресің. Қазақтың баласы қазақ тілінде оқуы керек. Сонда ғана қазақи мінез, қазақи діл қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда ата-аналар адаспауға тиіс, – деді.
Атап айтар болсақ, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы көпбалалы, толық емес, жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға кешенді кеңес беру қызметтерін көрсету, отбасы институтын нығайтуға бағытталған шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру мақсатында құрылған болатын. Алғаш шаңырақ көтерген 2020 жылдан бері «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы жанына жылу іздеп жүрген талай қыздар мен аналарға құшағын ашып, жүрек жарасын емдеуге себепкер болды. Мәселен, 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап, 2023 жылғы 29 желтоқсанға дейін «Жанұя» орталығына 49 195 сұрақ бойынша 18 637 адам жүгінген екен. Олар атаулы әлеуметтік көмек «Отбасы Банкі» АҚ бағдарламалары, құқықтық көмек, денсаулық мәселелері, психологиялық, білім беру және әлеуметтік қызметтер бойынша ақыл-кеңес алған. «Жанұя» орталығы тағдыр тауқыметін тартып, таршылық көріп жүрген аналарға, балаларға көктем шуағындай жадыраңқы көңіл-күй сыйлауды да ұмытпайды. Көмек сұрап, мейірім іздеп келгендерге материалдық қана емес рухани құндылықтарға бай жаншуағын сыйлауды әдетке айналдырған.
Мерекелік іс-шара барысында эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты. Жиналған көпшілікке арнап, Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Мақпал Мұратқызы Құдайберген «Анаға арнау» өлеңін оқып берді.
– Іс-шараның басты мақсаты – көрермен көңіліне әйелге деген сүйіспеншілік пен құрмет, ана мен балаға деген ізет дәнін себу. Мәдениет пен өнердің, музыка мен әннің өмірдегі маңызы туралы идеяларды, эстетикалық талғамды дамыту және көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлау, – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы директорының орынбасары Құралай Жанұзақова.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ