Fortune Business Insights болжамынша, 2029 жылы сұлулық салондарынан түсетін қаржы 355,4 млрд долларға жетеді, ал 2022-2029 жылдардағы орташа өсу қарқыны 7,4 долларды құрамақ. 2022 жылғы есеп бойынша елімізде 900 шамасында сұлулық салондары бар. Мамандардың айтуынша, ел экономикасы дамыған сайын бьюти-ниндустрияға сұраныс өсе бермек. Оралдың өзінде де сұлулық салондары қаптап тұр. Ең танымал қызмет түрі – шаш күтімі. Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейрам Хайыровтың айтуынша, қазір бұл қалада 300-ден астам сұлулық салоны бар. Салон түрлі категорияға бөлінеді. Эконом салондар сұранысқа ие. Мұндай жерлерде көбіне шаш қию, сәндеу, маникюр, педикюр, шугаринг және косметология қызметтері көрсетіледі. Әсіресе, соңғы екеуі нағыз қаржы көзі болып отыр. Себебі қыз-келіншектер соңғы тиынын жұмсаса да косметологқа барады, шугаринг жасатады. Салон ашамын дегендер мұны біліп алған. Қазір аттап бассаң сән салоны. Бірақ жақсы маман табу үшін іздену керек. Яғни, салондардың қаптап ашылғаны өзара бәсеке қалыптастырып отыр. Талғамы биік біздің бикештер, әсіресе косметолог, пластик-хирург дегендерді шертіп жүріп таңдап барады. Себебі ешкім бет әлпетін бүлдіргісі келмейді.
Jusan Analytics зерттеу орталығы қазақстандықтардың 62 пайызы таңдауына тұрақты екенін анықтаған, яғни тұтынушылардың көбі жыл бойы бір сол салонға барады. Көбіне-көп 20-30 жас аралығындағы сұлулар салон ауыстыруға бейім. Сондай-ақ әйелдер арасында сұлулыққа көп ақша жұмсайтын – 31-35 жастағылар. Мұны зерттеу орталығы әйелдердің осы кезде жалақысы өсіп, жағдайының жақсаруымен түсіндіреді. Ал ерлер салонға 46-50 жаста көбірек барады
Біз тілдескен мамандар кейінгі уақытта әйелдермен қатар ерлер де сән процедураларға жиі келетінін айтады. Соңғы кездері ер адамдар сақал-мұртын бұрынғыдай үйінен алмай, арнайы салондарға барады екен. Олар да шугаринг қызметіне жиі жүгінетін болып шықты. Бұдан бөлек, ерлер де қыс мезгілінде бетіне пилинг жасатады екен.
Пандемиядан кейін еліміздегі бьюти-индустрия жаңа бағытқа көшті. Енді арулар тек салондарға барып қызмет алмайды. Үйінде отырып маникюр, педикюр, шугаринг, макияж жасайтындар көбейген. Тәжірибелі косметолог Гүлназия Кенжабеваның айтуынша, бүгінде сұранысқа көп ие процедура – ерін үлкейту.
– Қазір қыз-келіншектердің көбі ерінін үлкейтуге құмар. Бұл иньекциялық жолмен жасалатын процедура. Сондай-ақ аруларымыз беттегі әжімдерге қарсы екпелерді көп салдырады. Ал қыс мезгілінде пилинг сұранысқа ие, – дейді косметолог.
Қазір қыз-келіншектер бет сұлулығына көп көңіл бөледі. Косметологтарды тыңғылықты таңдайды, биоревитализация, мезотерапия, плазмотерапия сияқты процедура жасатады. Биоревитализация – беттің ішкі қабатына жіңішке ине арқылы гиалурон қышқылын жіберу. Бұл әдіс арулар үшін жасарудың таптырмас құралы. Бір аптадан кейін нәтижесі көрініп тұрады. Әрі қолжетімдісі де осы. Мұны мамандар да жоққа шығармай отыр.
– Биоревитализация бет-мойын терісін қалыпты ұстап тұру үшін таптырмас құрал. Бетке енгізілетін гиалурон қышқылы теріні ылғалдандырып, әжім түсудің алдын алады. Жалпы, теріге ылғал жетіспегенде әжім түседі. Сол үшін де гиалурон қышқылын құйғызып тұру керек. Ал әжімі тереңдеп кеткен бет терісіне ботокс жасаймыз. Бұл да иньекцияның түрі. Мұны қыздар көбіне көздің айналасы мен екі қастың ортасына жасатады. Салынған әр иньекция шамамен алты айға дейін ғана сақталады. Алты айдан кейін қайталағаны дұрыс. Мамандағым – дәрігер. Косметология саласында жұмыс істегеніме алты жылдан асты. Қазір сұлулығын сақтағысы келетін адам үшін бәрі бар. Әрине, бұған бірінші кезекте қыз-келіншектер көңіл бөледі. Маған аналар да өздерінің 15-16 жасар қыздарын әкеледі. Олардың бет терісі тегіс емес, қазір безеу көп. Әрине, жасөспірім қыздар үшін бұл үлкен стресс. Арнайы пилингтер мен тазалау құралдары арқылы бетін теп-тегіс, тап-таза етіп береміз, – дейді Гүлназия Кенжабева.
Косметологтың айтуынша, сұлулық үйден басталуы керек. Егер үйдегі күтім, ұйқы мен тамақтану дұрыс жолға қойылмаса сән-салондарының есігін тоздырғанның пайдасы аз. Маман қазір сән салонына әйелдерден қалыспай ерлер де көп келетінін айтады.
– Егер әйелдер ғана сұлулыққа құмар десек қателесеміз. Қазір жігіттер де жақсы күтінеді. Олар да салонға келіп, пилинг жасатады, бетін тазалаймыз, сақал-мұртын лазермен аламыз. Ерлер де әдемі болғысы келеді, – дейді Гүлназия Кенжебаева.
Сұлулық құрбандықты «талап» етеді деп жатамыз. Әдетте, классикалық салондардың қызметін тұтыну былай тұрсын артық-кемін толтыру үшін хирургтың алдына баратын қыз-келіншектер де баршылық. Қазір сұлулар арасында пластикалық хирургияға жүгінетіндер көп – төсін үлкейту, кішірейту, артық майын алдыру, әжімдерін тарту секілді ота түрлері өте кең тараған. Бүгінде бьюти-индустрияда кең тараған операцияның бірі – блефропластика. Бұл шағын отаның түрі. Мұны кәдімгі пластикалық операция жасайтын хирургтар жасайды. Көздің астыңғы, үстінгі салбыраған артық терісін сылып, алып тастайды. Содан кейін адамның көз жанары ашылып, жарқырап шыға келеді. Оралда бұл отаның құны шамамен 200-350 мың теңгенің айналасында.
Жалпы, БҚО-ға пластикалық хирургияны алып келген маман – Юрий Хван. Ол ұзақ жылдар дәрігер-хирург болып қызмет атқарған. 90-жылдардың ортасында Оралға алғашқы болып, пластикалық хиругияны әкелген. Юрий Хван осыдан үш жыл бұрын қайтыс болды. Бірақ біздің арамызда оның шәкірттері бар. Қазір Оралда пластикалық отаны сенімді жасайтын дәрігерлердің бірі – Алмат Уразов. Алмат Айсағалиұлы өзі осы Юрий Хваннан оқып, үйргенгенін айтады.
– Біздің облыстық аурухананың хирургия бөлімі 90-жылдардың ортасында пластикалық оталарды жасауды бастады. Әрине, мұны көбі біле бермейді. Ол кезде марқұм Юрий Хван өзі жасайтын. Кейін мені үйретті. Одан бөлек, Ресейдің Челябинск қаласында төрт ай бойы пластикалық хирургия бойынша оқып келдім. Бізде қазір ең сұранысқа ие операция – блефропластика. Яғни, көздің артық терісін алдыру. Бұл отаны әйелдер көп жасатады. Екінші орында бет терісінің әжімдерін тарттыру. Ал үшінші орында сүт бездерін үлкейту мен кішірейту, яғни иплант қойғызуға жасалатын оталар. Бұдан бөлек, артық майын алдыртатындар да бар. Әсіресе, әукесіндегі артық салбыраған майды алдыратын қыз-келіншек өте көп, – дейді хирург Алмат Уразов.
Алмат Уразов қалалық көпбейінді аурухананың хирург-дәрігері әрі бөлім меңгерушісі. Ол қазір пластикалық операцияға сұраныс артты дейді. Бұған, әрине адамдар арасындағы ақпараттану мәселесі әсер етеді. Бірінен бірі көріп, қыз-келіншектер қазір жаппай блефропластика мен маммопластика жасатып жатыр.
– Аптасына 10 ота жасаймыз. Оның ішінде, әрине жоспарлы оталарымыз бар. Блефропластика кезінде анестезия толық берілмейді. Тек көздің айналасының ғана жанын кетіреміз, клиент ояу отырады. Ал қалған оталар толық анестезиямен реанимацияда жасалады. Біз имплантарды Америкадан алдырамыз. Алматы мен Астанада арнайы өкілдеріміз бар. Солар тасымалдайды. Ал қалған дәрі-дәрмек өзіміздікі. Пластикалық оталар ақылы, балаларға ғана тегін жасалады. Мысалы, бала күйіп қалып терісі қатты зақымдануы мүмкін. Міне, сондай терілерді жамау, қалпына келтіру оталары тегін жасалады. Бізде блефропластика жасататын және бетіндегі әжімдерді тарттыратын ер адамдар да бар, – дейді Алмат Уразов.
Елімізде бьюти-индустрия жақсы дамыған. Бұған талас жоқ. Тек бір әттеген-айы бар. Барлық препарат шетелден келеді. Мамандардың айтуынша, елімізде осы салаға арналған препараттар мүлдем өндірілмейді. Қазақстан нарығындағы бьюти-индустрияға қажетті екпелер мен аппараттар Америка, Италия, Франция елдерінен жеткізіледі.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы