Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек», – деген болатын халыққа арнаған Жолдауында. Барлық жетістіктің бастауында адал еңбек пен іскерлік қасиет тұрады.
Ел ішінде маңдай терімен, адал еңбегімен қоғамға, өз отбасына пайдасын тиігізіп жүрген жандар жетерлік. Соның бірі – Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғыны Аманкүл Әлшімбаева. Бүгінде 63 жасқа аяқ басқан ана әлі күнге дейін абаттандыру жұмыстарын атқарып келеді. Қазір «Темірлан абаттандыру» КММ жұмыс істеп жүрген Аманкүл Зейнуллақызы еңбекке араласқан 1983 жылдан бері бір сәтке демалған емес. Ақтөбе қаласындағы байланыс техникумын тәмамдап, Темірлан ауылындағы байланыс (РУС) бөлімінде 5 жыл монтер, механик болып жұмыс атқарады. Одан соң Ташкент қаласындағы Байланыс жоғарғы оқу орнында 5 жыл білімін жетілдіріп, 1994 жылдан 2004 жылға дейін Жезқазған қаласында байланыс бөлімінің инженері қызметін атқарады. Одан бергі кезеңде Жезқазған қаласындағы қалалық Автожолдар басқармасында 4 санаттағы жұмысшы, бүгінде 2018 жылдың күзінен бастап, «Темірлан абаттандыру» КММ-де жұмыс істеп келеді.
Аманкүл Зейнуллақызы осынау 40 жылдан аса еңбек өтілінде өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, қайнаған жұмыстың бел ортасынан табылып жүр. 2020 жылдың 2 мамырында жаңбыр аралас жел болып, Түркістан облысындағы Ордабасы ауданы Аққойлы елді мекеніндегі З.Пердебайұлы көшесінің бойын су алып, тұрғын үйлерді су басып қалған болатын. Аманкүл ана осынау қиын сәтте бес күн бойы баспанасын су басқан жандарға көмек беріп, қираған тұрғын үйлер мен қора-қопсыларды тазалап, әктеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ осы жылдың 13 мамыр күні өңірдегі қатты жауын-шашын салдарынан су арналары тасып, сел басты. Төлеби ауданына қарасты Киелітас, Сұлтан-Рабат, Ынтымақ ауылдарында төтенше жағдай орын алды. Еңбекқор шешей аяғына керзі етігін киіп, оқиға болған жерлерде бес күн бойы санитарлық тазалық жұмыстары мен өзен, арық арналарын ретке келтіруге атсалысты.
«Дәл қазір Темірлан ауылында боз арша ағашын егіп жатырмыз. Қыста қар тазалап, жазда гүлдерді суарамыз, тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Зейнеткерлікке шыққаныма 3 жылдан асса да жұмысымды жақсы көргендіктен әлі күнге дейін еңбекке араласып жүрмін», – дейді шешей бізбен әңгімесінде.
Осындай жанкешті әрекеттерімен бүгінде аудан көлемінде болып жатқан барлық іс-шара барысында күнделікті санитарлық тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының басы-қасында жүр. Біз осындай жандармен мақтануымыз керек. Өмір осындай жандармен әдемі. Еңбек өмірімізді сұлулыққа, ғажап қызыққа толтырады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы