Бойындағы тәрбие мен сұлулығы қатар сынға түсетін «Қазақ аруы» байқауы ең алғаш рет тәуелсіздік алғанымызға дейін 1989 жылы Алматы қаласында өтті.
Көркіңнен сенің айналдым, еркем
559
оқылды

Еліміздегі ең сұлу бойжеткенді анықтайтын атал­мыш байқау 1997 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл – ақы­лына көркі сай аруларды анықтайтын сұлулық бәйгесіне айнал­ды. Байқау тәжін киген арулардың кейбірі экран арқылы халыққа жаңа қырынан танылып жатса, енді бірқатары өзі қалаған іспен айна­лысып кеткен. Бүгінге дейін өткен байқаулардың жеңімпазы атан­ған аруларымыз қазір қайда, немен айналысып жүр? Аруларымызға хабарласып көрдік.

– «Қазақ аруы» атағын алғаннан кейін менде өзіме деген сенімділік артты. Бұл сезім бүгінгі күнге дейін жалғасып отыр­ғанын жасыра алмаймын. Байқау­дағы жеңісім өміріме де, жұмысыма да оң ық­палын тигізді десем болады. Жалпы, мұн­­дай сұлулық байқауы жас арулардың өзіне деген сенімін арттырып, өздерін ең ақылды, ең сұлу қыз ретінде сезінуге мүм­кіндіктер береді десем болады. Шынымды айтсам, ең алғашқы кон­курс­­­тың талабы қазіргі болатын байқаулардан әлдеқайда ерекшеленетін сияқты. Өйткені сол уа­қыттарда қыздардың бойына бай­ланысты шектеу болған жоқ. Қазіргі қатысу­шыларға қарасаң, байқауда бұрын бол­маған талаптар қосылған. Әрине, бай­қауға сыртқы көрінісі ерекше қыз­дардың қа­­тысқаны да дұрыс қой. Де­­генмен, алғашқы конкурстың талабы да, әсері де ерекше болады ғой. Тіпті, кастингтің өзі кең кө­­лемде өтіп, байқаудың жарнамасы жер жаратын, ал қазір болатын байқауға кас­­тинг­­­­тің өтіп жатқанын да естімейтін сияқ­­тымыз. Шыны керек, қазір «Мисс Қазақ­­­стан» атанған қыз әртүрлі өнерге ие. Бірақ оларды бақылап көрмеппін. Жалпы, бұрынғы мен қазіргі байқау арасында жер мен көктей айырмашылық болса да, ұқсастығы бар. Ол – тек сыртқы сұлулықты ғана емес, ішкі сұлулықты да таңдап алу. Сондықтан қазылар осы­­лардың бәріне мән береді деп ойлай­мын, –деді тұңғыш «Қазақ аруы» бай­­­қауының жеңімпазы Сәуле Рахметова.

Ал кейінгі жылдары «Қазақ аруының» тәжін киген қыздардың арасында «Әлем аруы» байқауында бақ сынап, еліміздің атынан қатысып жүргендері де болды. Олар «Қазақ аруы–1999» жеңімпазы Әсел Исабаева, «Қазақ аруы-2003» жеңім­­­пазы Сәуле Жүнісова, «Қазақ аруы–2006» жеңімпазы Гауһар Рах­металиева, «Қазақ аруы–2007» жеңім­­­пазы Альфина Насы­­­­рова және «Қазақ аруы–2012» жеңімпазы Айнұр Төлеуова. Ал биыл «Әлем аруы» ха­лықаралық сұлулық байқауына «Қазақ­­­­­стан аруы –2022» бай­­­­­­қауының жеңімпазы Томирис Кәкімова қатысатын болады. Қазір аруларға модель болудың құпия­­­­сымен бөлісіп жүрген «Қазақ аруы» 9 нау­­­­­­­рызда Мумбайда өтетін халық­аралық бай­қауға қызу дайындық үстінде екен. 

Аталмыш байқау кез келген арудың болашағының жарқын болуына әсер ететіні рас. Байқаудағы жетістіктерін әрі қарай жалғастырған нәзік жандылар да бар. Мәселен, «Қазақ аруы–2014» сұлулық байқауындағы жеңімпаз Гүлназ Жоланова түрлі отандық кинода басты кейіпкерді сомдап, өнер саласында қызмет етіп жүр. Ал 2019 жылы Қазақстанның «мисі» бол­ған Сәния Темірханова Atameken-Business телеарнасында тележүргізушісі болып қызмет атқарады. 

2011 жылы Қазақстанның әр өңірінен жиналған 500-ге жуық бойжеткеннің ішінен суырылып, «Қазақ аруы–2011» байқауының жеңімпазы атанған Ләззат Қалдыбекова болатын. Ару байқауға дейін Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына қабыл­данған екен. Қазір де осы театрдың актрисасы. Жақында режиссер Болат Атабаевтың «Мәңгілік бала бейне» пьесасының желісімен қайта жаңарып қойылған спектакльде Шөміш рөлін ойнады. 

Байқауда бағы жанған арудың бірі – Кәмшат Қоскелова. 2011 жылы өткен байқаудың жеңімпазы. Айтуынша, байқаудан кейін бір жыл шамасында ме­диа саласында жүріп, бағдарламалар жүргізген және қысқаметражды фильм­­­дерге түскен. 

«2017 жылы тұрмысқа шыққан соң, медиа саласынан мүлде алыстап кеттім. Өзімнің мамандығым бойынша мемле­­­­кеттік қызметте жұмыс істеп жүргеніме алты жыл болды. Қазақтың қарапайым қыздары сияқты ата-енемен тұратын үлгілі келінмін, аяулы жар, екі баланың ардақты анасымын», – дейді Қоскелова.

Күміспен көмкерілген тәжге таланты мен ажары ұштасатын арулар ғана ие болады. Содан кейін мүмкіндіктер толы қақпаның ашылуы да әбден мүмкін. 2016 жы­лы «Қазақ аруы» атанғы Альмира Ахатоваға бұйырды. Атыраулық ару бай­­­­қаудан кейін өмірінің жақсы жаққа өз­гергенін жасырмады. «Қазақ аруы» телехи­­каясында эпизодтық рөлді сомдап, бір­неше бейнеклипке түсіпті. 

– Сұлулықты анықтайтын доданың басты талаптары іріктеу кезінен бас­­­­талады. Негізі олар жыл сайын өзгереді деген сөзге келісе қоймаймын, байқау ережелері тұ­рақты. Мен сегіз жыл бұрын «Қазақстан аруы» атағын алдым ғой, содан кейін маған әртүрлі ұсыныс келіп түсе бастады. Олардың біразын қабыл­­дағаныммен, қазір оқуымды жалғастыру үшін басқа бағытты таңдадым. Астана медицина универси­­­тетінің түлегімін, дәрігер мамандығын алып шықтым. Ал қазір косметологиямен айналысамын, нақ­­­тырақ айтсам, жеке косметологпын. Үйде қы­зымның тәрбие­­сімен отырған анамын, сондықтан осындай жеке жұ­мыс­­­пен шұ­ғылдануға да тура келді десем болады,– дейді А.Ахатова. 

«Қазақ аруы» байқауы жеңімпаздардың бағын жағатыны рас, десе де алдағы жолын өзі таңдайтын арулар бәйгенің жүлдесіне ығып қалмай, өзіне ұнайтын іспен айна­лысып, өмірден өз жолын тапқандар да бар. Мәселен, 2018 жылғы сұлулық бәй­гесінде тәж киген Нәбира Рақымжан байқаудан кейін баяғыша қарапайым өмірі жалғасқанын айтты.

– «Қазақ аруы» байқауына ірктеліп өтудің өзі қиын. Қатысушының бойындағы парасаты мен сұлулығы таразыда тең түсуі керек. Осындай сұлулық сайысында 2018 жылы жүлдеге ие болып, сол жылдың «Қазақстан аруы» атандым. Бұл кезде әлі оқуым аяқталмаған студент едім. Байқау­­­­­дан кейін отбасын құрдым да, әрі қарай оқуымды жалғастыру үшін магистра­­тураға тапсырдым. Магистра­­­­­тураны оқып жүріп бірінші сәбиімді дүниеге әкелдім. Оқуды аяқтаған соң, Ақтау қаласындағы Шах­­­мардан Есенов атындағы Каспий мемле­­­­кеттік техноло­­гиялар және инжиниринг университетіне оқытушы қызметіне орна­­­ластым. Әлі күнге дейін осы қызмет­­­­темін. Бірақ қазір жыл басынан бастап үшін­­ші сәбилі болуыма байланысты декреттік демалыстамын. Қазір бала тәрбиесімен айналысып отырмын, – деді Нәбира. 

Одан кейін «Қазақ аруы–2020» титу­лын иеленген Нарқыз Айдароваға Сәния Темірханқызы өзінің тәжін табыстаған болатын. Нарқыз бүгінде өнер жолында жүр. Алдағы уақытта прокатқа шығатын отандық киноларда бірнеше рөл сомдап үлгерген. 

Еліміздің ең сұлу аруын болашақта түрлі саладан көруіміз мүмкін екені сөзсіз. Қазақтың ақылы мен көркі үйлесіп тұра­­тын аруларын тек байқау ғана анықта­­майды, бойында ұлттық тәрбиенің өзегі жатқан инабатты әр қазақ қызы «Қазақ аруы» деп ауыз толтырып айтуға әбден лайықты.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ