Қазақтың дүниетанымындағы жеті әулие туралы мағлұматтарды іздей бастасақ, алдымен Сырдария бойындағы киелі орын – Жеті әулие қорымы туралы мол мұрағатқа жолығамыз.
Қыз әулие дегеніміз қай әулие?
5,963
оқылды

Сондай-ақ жеті әулие – жеті шәріп – Меке шәріп, Мәдина шәріп, Бұхар шәріп, Шам шәріп, Қатым шәріп, Құддыс (Мысыр) шәріп, Кәләм шәріп (Құран) деген қасиетті түсініктің де бар екенін ұғамыз.

Ал біз іздеген жеті әулие – Дән – әулие, Ақыл – әулие, Тұз – әулие, Қыз – әу­лие, Күн – әулие, Жер – әулие, Ай – әу­лие дейтін Өтебайбойлақ Тілеуқа­был­ұлынан қалды дейтін тәмсіл еді. Бірақ бұл жеті әулие туралы ғаламтор бетінде жет­кілікті ақпарат жоқ. Дегенмен «Қыз әулие» аталатын үңгірлер, тарихи киелі мекендер туралы қызықты аңыз, хисса өте көп екен. Қазақтың дархан даласында «Қыз әулие» саналатын кесене мен үңгір де көптеп кез­деседі екен.

– Қазірге дейін жергілікті тұрғындар «Қыз әулиемен» байланысты жерлердің барлығын киелі орын ретінде қастерлеп, зиярат жасайды. Экспедиция барысында жергілікті жерлерде феномен ретінде «Қыз әулие» аталған жерлер Оңтүстік Қазақстан облысында (10), Жамбыл облысында (2), Абай және Шығыс Қазақ­стан облы­старында (4), Маң­ғыстау облысында (1), Ақтө­­бе облысында (1), Атырау облы­сында (1), Батыс Қазақстан облысында (1) анықталды. Кейбірінің басында қа­зақша «Қыз әулие» деп жа­зыл­ған бел­гі­лері бар. Өлкетану­шылардың айтуын­ша, бұлардың біразы кейін пайда болған. Олардың пайда болу себебі жергілікті жерлердегі емшілік, көріп­келдік қасиеті бар адамдардың: «Маған осындай аян берді» деп құлыптастың және бейіттердің басына ата-тегін көр­сетіп, белгі қой­­ған­­дығы. Бірақ бұл қате ақпараттар болуы да мүмкін. Өйткені олар туралы ешқандай тарихи дерек, аңыз кездеспеді. Көптеген аңыз-әңгімеде қыздың әулиеге айна­луының себебі – олардың әулиелік, ба­­­тырлық, көріп­келдік, емшілік сияқты ерекше қасиеттері болғандығында, – дейді тарих ғылымда­­рының докторанты Анар Екимбаева.

Бүгінде «Қыз әулиелерге» тәу етіп, зия­рат жасайтын адам бүкіл Қазақ­стан­нан, тіпті шетелден қысы-жазы үзілмейді екен. «Қыз әулие» феномені өзінің мәні мен маңызы тұрғысынан «Қазақстанның киелі жерлерінің гео­графиясындағы» басқа да қасиетті орын­нан кем түспейді. Ел аузындағы аңыз­дарға қарағанда, «Қыз әулиенің» аты ұмытылған. Қыз әулие туралы небір қызықты жайт, әңгіме әртүрлі. Алайда нақты шыққан тегі, қай кезеңде өмір сүргені туралы мәлімет аз. Анар Екимбаеваның ай­туынша, «Қыз әулие» атанған қасиетті жерлердің көбі табиғи су көздерімен тығыз байланысты. Жал­­пы, адамзат тари­хында әйел мен судың байланысы туралы әңгіме кең тараған. «Қыз әулие» бейіттеріне зиярат етіп кел­ген жұрт қасындағы емдік-ши­палы балшығына түсіп, бұлақ суына шо­мылып, кейбіреулер дертінен құлан­таза айығып кетіп жатады.

Жоғарыда айтқанымыздай, бізді қызықтырғаны – «Елмен елді жарас­­тырған – Қыз әулие» дейтін тәмсілдің тарихы. Сондықтан тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаевты әңгімеге тарттық.

– «Қыз әулие» жеті әулиенің қа­тарына кірмейді. Бұл – өзі ерекше бөлек дүние. Бұл – өте көне заманмен, біз Тас дәуірі деп жүрген дәуірмен бай­ланысты. Мен Қазақстанда 20-30-дай «Қыз әулиені» білемін. Бүкіл таулы-тасты жердің бә­рінде де «Қыз әулие» бар. Алғаш рет мен «Қыз әулиені» Қарқаралы кент таулары, Кент Қазылықтан көрдім. Тастың қуысы, шамасы ерте замандарда, Тас дәуірінде адамдар мекендеген болуы керек. Ма­ңайдағы ел ақ байлайды, шө­рік бай­лайды келіп. Кейде түрлі ырым­ жасап жатады, түнейді, – дейді Жамбыл Артықбаев.

Десе де, Жамбыл Артықбаевтың түсіндіруінше, «Қыз әулие» феномені белгілі дәрежеде материархатпен де байланысты болуы мүмкін. Қалай бол­­­ған­­­­да да алғашқы қауымдық құрылыс заманы кезінде әйел адамдардың қо­ғамдағы орны ерекше болды. Өйткені тамақ табу, тіршілік жасау, тірлікті жалғастыру керек болды. Бұл шаруа­лардың барлығын негізінен әйел ат­қарды. Ол кезде мәселен қолға малдың үйретілмеген кезі, егіншіліктің әлі шық­паған кезі. Осы кезде әйелдердің рөлі жоғары болғаны белгілі. Тіршілік, күнкөріс қамы да әйелдің мойынында еді. Ол кездегі түсінік бойынша ер адамдар мал табушы, ал әйелдер ұқса­тушы, нақты іске жаратушы рөлінде болды.

– Иә, «Елмен елдің арасын қосқан – Қыз әулие» деген сөз бар. Өйткені қазақ «Қыз өріс» деп айтады. Қызды ұзатасың, өзге елмен қарым-қатынас жасайсың. Олар сенің одақтасың болады. Қандай бір үлкен саяси шаруаларда, соғыс жаугершілік кезінде қазаққа одақтас керек. Сондықтан әр ру, әр ата өзіне одақтас табуға тырысады. Міне, осы кезде құдалардың орны бөлек. Жұт болады, жаугершілік болады. Сондықтан елмен елдің арасын қосқан «Қыз әулие» дейтіні сол. Қазақ қызды бетінен қақ­пайды, ағайын-туыс түгел еркелетеді. Жасауын жасайды. Қорғаштайды. Мұ­ның әдемі бір көріністерін терең білгісі келген адам, Жүсіпбек Аймауы­товтың «Ақбілек» романын оқы­са, Ақбілектің кішкентай кезін есіне түсіріп отырған кезі, міне сол қазақи тәр­бие. Бұл – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ға­сырдың басы. Ертеде де осындай тәрбие болған, – дейді этнограф ғалым. 

Қазақтың қызды тәрбиелеудегі ерек­­шеліктерін ескерер болсақ, қазақ қоға­­­мында тәртіп, тәрбие мәселесі белгі­лі бір ережелермен – шеше тәрбиесі, әжелер тәрбиесімен өлшенген. Қазақ қызы ­– ар-ұяттың, намыстың өлшемі. От­басы қо­ғам­ның ұясы, мемлекеттің ұя­сы саналды. Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, отаршыл Ресей ХХ ғасырда қазақты таза отаршылдыққа көндірді, отаршылдықпен бірге кедейлік келді. Репрессиялар бас­талды. Содан дәстүр-салтымыздан, әдет-ғұрпымыздан айы­­рылып қалдық. Қазір қазақтың дәстүр-салты деп жүр­геннің көбі қазақтікі емес. Бұл жоқшылықтан шыққан елдің өзінің ойлап тауып, аннан көріп, мұннан көріп, жасап жатқан дүниелері. Қазір қазақ тойы – өте жек­көрінішті той. Дәстүр-салттан айы­рылған, ысырапқа негізделген той. Қазақ ешқашан ысырапшылдыққа жол берме­ген, бәрін есеппен жасаған. Қазақтың қалыңмал алуы, беруі бәрі есептеледі. Қазақ отбасы есеппен, ақылмен құ­рылады. Отбасы мемлекет десек, есеп болмаса бәрін құриды. Ұнату, сүю бір-біріне ғашық болу – ол сезім. Мәселен, қыз алып қашуды дәстүр сияқты айтып жүр. Қазақ қоғамында қайдағы қыз алып қашу... Қыз бала айттырылады, қалың малы төленіп қояды, ол – біреудің ама­наты. Сондықтан қыз алып қашу деген өте сирек құбылыс еді.

– Қазақтың қыз балаға көзқарасы, қыз балаға құрметі ерен. Ал ата дәстүрден айырылып қалғаннан кейін әйелді тым жоғары немесе тым төмен бағалау етек алып барады. Қазақ дүниетанымында анаға деген құрмет өте жоғары болатын. Көшпелі қоғам қызды, әйелді, ананы отбасының тірегі, тіршіліктің көзіне балады. Мәселен, қазақ отбасында әр­кімнің өз еншісі бар. Жаңа түскен келін­нің де, жаңа туған баланың да өз еншісі, меншікті мал-мүлкі бар. Қазақта еркек – түздің адамы. Ал әйел отбасы-ошақ қасының барлық тіршілігін үйлестіруші саналады. Бір сөзбен айтсақ, әйел – өндіріс иесі. Әйел малдың сүтінен бас­тап, жүн-жұрқасынан өнім өдіріп, тұр­мыс­тық қажетті өтеуге бейімделген. Бірақ бір ескеретін нәрсе – қазақ қоғамы патериархалдық жүйеге негізделгеніне байланысты ер адамға деген құрмет ерекше болды. Ерін сыйлау қағидасын да қазақ әйелі өзі қалыптастырды. Ер елді қорғауға міндетті. Жаугершілік, барымта, соғыстарда жанын пида етіп, ойланбастан елі үшін өмірін қию дайын ұрпақты да қазақ әйелі тәрбиелейді, – дейді Жамбыл Артықбаев.

 

Ал журналист Бекен Қайратұлы:

– Негізі, әулие деген сөз арабша уәли деген сөз. Қазақша «Алланың досы» деген мағынаны білдіреді. Демек, тек Алланы еске алушы һәм оның үкімін орындаушы кім болсын ол – әулие. Ол қыз бол ма, кемпір бола ма, шал ма... бәрі бір. Әу­­лиенің басты ерекшелегі – оның дұғасы қабыл болады. Ал бүгінгі жұрттың әулиелердің басына барып, зиярат етіп, тілек тілеуі дінге қайшы әрі үлкен күнә. Тақуа адам тірі де әулие де, өлген соң аруақ. Қазақ «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» дейді, – деген ойын айтты. 

 

ТҮЙІН:

Кім не десе де, қазақтың руха­ни-тұрмыстық этнографиясында «Қыз әулие» феномені қалыптасқан. Мейлі «Қыз әулие» аталған қасиетті, киелі орын­­дарға барып, тәу етіп, зиярат жаса­­сын, мейлі Қыз «ел мен елді жарастырған» әулие атансын, халық танымындағы қыз балаға, әйелге және анаға деген құрметтің қадірін арттырмаса, кемсітіп тұрған жоқ...

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ