Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата бюро­сының отырысында депутаттар 14 наурыз күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.
Палата отырысының күн тәртібі нақтыланды
404
оқылды

Алдағы бейсенбіде сенаторлар «1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасының арасындағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды.

Бұл заң екі елдің азаматтық, отбасылық, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартының ережелерін жетілдіруді көздейді.

Сонымен қатар «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да палата отырысының күн тәртібіне шығарылды.

Құжатта медициналық мамандықтың мәртебесін арттыру және денсаулық сақтау қызметкерлерін заңгерлік, қаржылық қорғау жөніндегі нормалар, сондай-ақ басқа да шара қарастырылған.