Елімізде сел жүру қаупі жоғары өңірлердің қатарына Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары кіреді.
Сейсмоахуал күрделі, сел қаупі ше?
1,031
оқылды

Бұл аймақтардағы елді мекендердің басым бөлігі сел жүру жолдарында, яки тау беткейлері мен өзен аңғарларында орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, атал­ған аймақтарда ел халқының үштен бірі, яғни 7 миллионнан астам адам тұрып жатыр. 

Басты назар – Алматыда

Сейсмоахуал сел қаупін қоюлатып тұрғаны рас. Жыл басталғалы Алматы қаласын екі рет сілкіп алған жер сілкінісі ахуалы күр­делі күйінде қалып отыр. Сон­дық­тан да төтеншеліктердің басты на­зары – осында. Өйткені жоғарыда аталған 7 миллион адамның жартысына жуығы «оңтүстік астанада» тұрады. Ал жер сілкінісі дегеніміз – сел жүру фак­торларының негізгілерінің бірі. Кіш­кене дүмпудің өзі таудағы көлдерді арнасынан лықсытып, үлкен күшпен жолындағыcын жайпап, төменге қарай төгілуіне жетіп жатыр. Ал Алматы қала­сының маңындағы биік таулы аймақта жалпы ауданы 54,7 шаршы шақырым болатын 146 мұздық, 51 мұздақ көлдер орналасқан. Сондықтан да қаланы жа­рып өтетін 4 өзен де сел қауіпті санатқа жатады. Олар – Ақсай, Қарғалы, Үлкен және Кіші Алматы өзендері.

«Биік таулы аудандардағы мұздақ көлдердің жай-күйін анықтау және сел қауіпті кезеңдегі гидрометеорологиялық ахуалды бағалау үшін «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық басқармасының қызмет көрсету аумағында 20 гидро­ло­гиялық бекеттен тұратын бақылау және құлақтандыру қызметі ұйымдас­ты­рылған. Олардың 10-ы – жыл бойғы, 10-ы – маусымдық нысандар. Одан бөлек, Алматы қаласы бойынша сел қауіпті аймақтарда, соның ішінде мұз­дақ көлдерде 31 автоматтандырылған ба­қылау жүйесі орнатылған. Көл арнасы жа­рылған жағдайда АҚПТБ-ның дис­петчерлік орталығына, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне және «Казселденқорғау» ММ Бас дис­петчерлік орталығына дабыл түседі. Апат салдарын жоюға жедел ден қою және әрекет ету алгоритмі бекітіліп қойылған. Десе де, ең бірінші кезекте алдын алу шаралары қарастырылған. Соның бірі – жыл сайын мұздақ көл­дерді бақылау және босату жұмыстарын жүргізу. Мәселен, былтыр жоғарыда аталған өзендердің бассейндеріне құя­тын 6 мұздақ көл босатылып, 4 166 106 текше метр су ағызылды», – деп хабар­лайды Төтенше жағдайлар министр­лігінің баспасөз қызметі.

Бүгінде Алматы қаласының тау баурайында 145 сел қаупі өте жоғары учаскелер бар екен. Онда 7 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Сол себептен алма­тылықтар әсіресе тау баурайында және оған жақын орналасқан аумақта тұра­тын қала тұрғындары өте сақ болғаны жөн. Өйткені бүгінде таудағы қар қа­лың, әсіресе Үлкен Алматы өзенінің аң­ғарындағы қардың қалыңдығы жарты метрден асады. Ал ауа температурасы тау басында –7, қалада +7 аралығында. Егер де күн күрт жылынар болса немесе көп мөлшерде нөсер жаңбыр құяр бол­са, сел көшкініне сұранып тұр деген сөз. Оған күрделі күйінде қалып тұрған сейс­моахуалды қосыңыз.

«Жыл басынан бері Алматы қала­сында сейсмикалық ахуал күрделі боп қалып отыр. Оған түрлі себеп бар. Со­ның бірі – Кемин ошағы оянған болуы мүмкін. Егер расқа айналар болса, мені қатты алаңдататыны – осы. Өйткені осыдан бір ғасыр бұрын соның әсерінен Алматыда үлкен зілзала болып, қала қирап қалған болатын. Десе де, жеке бағалауым бойынша, алдағы екі апта тыныш болады. Бұл болжам емес, менің болжам жасауға хақым жоқ. Тек өмірлік тәжірибеме сүйеніп жасап отырған топшылау ғана. Ал одан арғысын уақыты келгенде болмаса, дәл қазір айта алмаймын. Ол үшін кешенді зерттеулер мен тұрақты мониторинг керек. Бірақ ондай материалдық-техникалық мүм­кіндік мен тұрмақ, сейсмикалық орта­лықтың өзінде де жоқ. Оны күні кеше депутат Бақытжан Базарбек шыңғырта отырып жеткізді. Ал сел көшкініне ке­лер болсам, бұл құбылысты «Қазсел­денқорғау» мекемесінде қызмет еткен жылдары мен терең зерттеген болатын­мын. Алматы қаласын жан-жағынан аттың тағасы сияқты етіп үлкен тау қор­шаған, қала үлкен қазаншұңқырда тұр. Сол себепті оның қай бетінде де сел қаупі зор», – дейді белгілі сейсмолог Мұхтар Хайдаров.

Ғалымның айтуынша, сел көшкіні пайда болу тетігі жағынан үш типке бөлінеді екен. Олар – эрозиялық, жа­рылу және опырылу-сырғу. Алғаш­қы­сында тау суы ағып жатқан аумағының топырақ қабатын босатып, соның сыр­ғуынан сел көшкіні туындайтын болса, жарылу дегеніміз – толып тұрған су арнасының бұзылуынан туындайтын сел көшкіні. Ал опырылу-сырғу – тау жыныстарының етегін су жеп, құлауы­нан туындайтын құбылыс. Әр оқиғаның өзіне тән себебі болады. Бірақ соңғы уақытта техногендік факторлар көбейіп отыр.

Өзге өңірлер де назардан тыс емес

Еліміздің жер көлемі 2 724 902 шар­шы шақырым десек, соның шамамен 13,3%-ға жуығы, яки 360 000 шаршы ша­қырымы сел түзілетін сипатқа ие тау­лы аумаққа жатады. Мамандардың айтуынша, соңғы 5-6 жылда елімізде сел мен қар көшкіні жүретін телімдер саны арта түскен. Мысалы, сел қаупі бар жерлер 584-тен 609-ға, топырақ көш­кіні учаскелері 168-ден 394-ке, қар көшкіні қаупі бар аймақтар 542-ден 610-ға дейін көбейген. Сел мен тасқын тудыратын таудағы мұздақ және мұздық көлдер саны да 694-тен 970-ке жеткен. Мамандар оның себебі соңғы жылдары қардың тез еруімен және мол жауын-шашын түсуімен байланысты екенін айтады. Бұл топырақтың шамадан ар­тық ылғалдануына әкеп отыр. 2 метрге дейін су сіңген жер қабатының тез лық­су жағдайлары жиілеген. Мәселен, 2023 жылы Алматы қаласында және Алматы, Түркістан облыстарында – 7 сырғыма, Алматы қаласы мен Алматы облысында 11 сел көшкіні және Алматы облысында 1 жылжыма оқиғасы тірке­ліпті. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

«ТЖМ бүкіл республика бойынша жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Дайындық жұмыстары жыл сайын өткізіліп тұрады. Мәселен, былтыр ауа райы қолайлы уақытта төтеншеліктер «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшақ­та­рын пайдалана отырып, қауіпті учас­келерді тұрақты бақылауда ұстау үшін биік таулы мұздақ көлдерге жылжымалы тұрғын вагондар, өнімділігі жоғары сорғылар, полиэтилен құбырлар, жа­рыл­ғыш заттар, жабдықтар, азық-түлік және жұмыс бригадаларын жеткізіп алды. «Қазселденқорғау» ММ аталған әкімшілік аумақтардағы жергілікті атқарушы органдарға қауіпті учаске­лерде тиісті іс-шараларды өткізу бо­йын­ша ұсынымдар беріп жатыр. Биыл жыл басынан бері таулы және тау бөктеріндегі аумақтарға жыл бойғы және маусымдық бекеттер арқылы 127 гидрометеорологиялық мониторинг жүргізілді. Қауіпті табиғи құбылыстар туралы мәліметтерді өңдеу мен талдауды 29 диспетчерлік пункт тәулік бойы жүр­гізеді, деректер бас диспетчерлік пунк­т­ке жіберіледі. Сел және сырғыма құбылыстары кезінде уақытылы ден қою мақсатында «Қазселденқорғау» ММ-ның авариялық-механикалан­дырылған бригадасы жедел әрекет етеді. Ал былтыр сел және сырғыма қаупі бар учаскелерге 2 166 жерүсті және 46 аэровизуалды зерттеу жүргізілді. Эвакуациялық арналар арқылы және сифондардың көмегімен суды сорып шығару жұмыстары жүргізіліп, мұздақ көлдердің жиектерінен 8,6 млн текше метрден астам су төгілді. Одан бөлек, көлдердің өткелдерінде 49 бұрғылау-жару жұмысы жүзеге асырылды. Жа­рыл­ғыш заттардың жалпы салмағы 4,9 тонна болса, жалпы көлемі 1 200 текше метр эвакуациялық арналарды кеңейту және тереңдету бойынша аумақ қам­тылды», – деп хабарлайды ТЖМ бас­пасөз қызметі.

Сел көшкінінің ең бірінші себебі – нөсер жаңбыр. Өйткені таудағы оқшау көлдер мен сарқырама өзендер арна­сынан тасып, сындарлы межеден асар болса, оның соңы алапат апатқа алып келеді. Мәселен, 2023 жылдың 27 шіл­десінде Кіші Алматы өзен алабында қатты және ұзаққа созылған жаңбыр салдарынан еңіске қарай қарқынды ағыс пайда болып, оның соңы сел көш­кініне ұласқан. Салдарында «Шым­бұлақ» базасына баратын жолдың 5 учаскесін жартылай су шайып қиратқан. Сол кезде шамамен 45 мың текше метр лай массасы үйілген екен. Мамандар сел қауіпті кезеңдерде азаматтарды өте абай болуға шақырады.

«Тауға баруды және сол жақта жүруді жоспарлау кезінде ауа райы болжамын ескеріп, дауылды ескертулерді қадағалау қажет. Сел ағынының ұзындығы 40-50 метрге, қозғалу жылдамдығы секундына 5-10 метрге, жекелеген жағдайларда 15-20 метр/секундқа дейін жетуі мүмкін. Бұл өте қауіпті. Қатты жауын-шашын кезінде сел қаупінің алғашқы белгілері қандай болатынын есте ұстаған жөн. Біріншіден, өзендегі судың көлемі мен лайлылығы күрт артады. Өзен арна­сы­ның жоғарғы бөлігінде балшық шаңы­нан мен су тамшыларынан бұлт түзіледі және гүріл пайда болады. Селге жақын жердегі топырақ беткейі қозғалады. Сондықтан да ондай жерлерден қашық кету керек. Онда да еңіске қарай төмен­ге түсуге болмайды. Керісінше, жоғары жаққа және ашық жазық алаңқай іздеп қозғалуы керек. Өзен арнасына жақын жерге, құрғап қалған жыраларға және көл бөгеті маңына демалуға және ша­тыр­лы лагерь құруға болмайды. Бірінші сел легі өткеннен кейін де, қауіпті ай­мақ­қа баруға тыйым салынады, өйткені он­да көшкін немесе опырылу құбы­лыстары қайталануы мұмкін», – дейді Жетісу облысы ТЖД басқарма бастығы Ринат Тазабеков.

Мамандардың айтуынша, жалпы былтырғы сел қауіпті кезең өте қиын өт­кенін атай кету керек. Тек тау көлде­рінің суын мезгіл-мезгіл ағызып отыр­ған­ның арқасында, жағдайды тұрақ­тан­дыру мүмкін болыпты. Сол себепті биыл да босаңсуға болмайды. Өйткені сейсмика­лық фактор жоғары боп қалып отыр.

Нұрлан ҚОСАЙ