Олар «Бурабай» курорт аймағының бизнес субъектілеріне қылмыстық бақылау орнатуға тырысқан.
Ақмола облысында кәсіпкерлерден ақша бопсалаған екі ер адам ұсталды
Фото: ҰҚК баспасөз қызметі
362
оқылды

2024 жылғы 27 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен кәсіпкерлерді бопсалады деген күдікпен Ақмола облысының 2 тұрғынын ұстады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тергеу материалдары бойынша, олар шетелдік «заңдағы ұрылар» деп аталатындардың қамқорлығымен кәсіпкерлерден ақша бопсалаумен айналысқан. Осылайша, «Бурабай» курорт аймағының бизнес субъектілеріне қылмыстық бақылау орнатуға тырысқан.

Тінту барысында іс фигуранттарынан атыс және суық қару, сондай-ақ есірткі заттары алынды. Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Соттың санкциясымен ұсталған адамдарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды.