Министрлік жолдарда көлік құралдары қозғалысының уақытша шектеулері енгізілуі мүмкін екенін айтты.
Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама таратты
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
10,019
оқылды

ҚР Қорғаныс министрлігі 13 наурыз күні Астана маңында әскери техника жүретіні туралы мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Қарулы күштердің жауынгерлік дайындық бағдарламасы шеңберінде биыл 13 наурызда Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері Астана қаласының маңындағы белгіленген аудандарға жауынгерлік техникамен марш жасайды.

Іс-шара гарнизон әскери бөлімшелері күштері мен құралдарының жауынгерлік әзірлігін кешенді тексерудің кезекті кезеңіне бағытталған», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік аталған уақыт аралығында елорданың маңында, сондай-ақ Қарағанды трассасында әскери техника легі өтіп бара жатқан кезде жолдарда көлік құралдары қозғалысының уақытша шектеулері енгізілуі мүмкін екенін айтты.

«Осыған байланысты азаматтардан өтіп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды және тыныштықты сақтауды сұраймыз. Сонымен қатар әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан әскери техниканың қозғалысы туралы жалған хабарламалар мен бейнематериалдар таратпауды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз», – деп жазылған хабарламада.