Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі.
Қатерлі ісікке шалдыққан жастар көбейді – депутат
Фото: gov.kz
5,816
оқылды

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы 4-5-сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін айтып, дабыл қақты. Осы мәселеге қатысты депутат ҚР ІІМ Ержан Сәденов пен Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Депутаттың айтуынша, заңда тыйым салынғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылып жатыр. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынылып жүр. «Жевательный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулармен таралуда. 

«Насыбай – не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазіргі кезде мұнымен балғын жастар, тіпті болашақ ана болар қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артуда.  

Бұған қоса, ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?!

Кейбір деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен. 

Ең қауіптісі – оның құрамында қандай заттардың бар екенінің белгісіз болуы. Егер темекі халықаралық стандарттарға сай құрамы көрсетіліп дайындалатын болса, ал насыбайдың құрамына қатысты мұндай стандарт жоқ. Сондықтан оның жасалу жолы да, өндіріс орны да беймәлім, бақылаудан тыс қалған», – деп атап өтті депутат.

Әдетте насыбайдың құрамында химиялық заттар, әк, сексеуіл, арша, тобылғы ағаштарының күлі болады. Уытын арттыру үшін тауықтың саңғыры, түйенің тезегі де қосылады екен. Насыбайды мұқият зерттеген мамандар бұдан бөлек, оған есірткі мен психотропты заттардың да қосылғанын анықтаған. Бұлардың тұтынған адамды тез тәуелділікке ұшырататыны сөзсіз. 

Сондай-ақ Ж.Амантайұлы швед ғалымдары да бұған зерттеу жүргізіп, насыбайдың құрамынан хром, никель, кадмий, қорғасын, күшәла секілді химиялық заттарды тапқанын атап өтті. Бұлардың барлығы да қалыпты мөлшерден әлдеқайда артық болған. 

«Еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген. 

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі екен. Олар соңғы кездері насыбайдың салдарынан қатерлі ісікке шалдыққандар арасында жастардың көбейіп кеткенін жеткізді. 

Сондықтан елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлдем тосқауыл қою қажет.

Атап өткеніміздей, елімізде насыбайға заң жүзінде шектеу қойылғанымен, орындалуында осалдық танытып отырмыз», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Оның айтуынша, насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейіннен небәрі 5 айлық есепті көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салынады екен. Ал шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш қана. 

Осы ретте Мәжіліс депутаты жоғарыда аталғандарды ескере отырып, оны ауыздықтау үшін мынадай шараларды қолға алуды ұсынды:

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі насыбайға қатысты заң талаптарын барынша қатаңдатып, оған мүлдем тыйым салу жөніндегі шараларды қолға алуы қажет. 
  2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі еліміздің сауда орындарына арнайы рейд жүргізіп, заңсыз насыбай саудалаушыларды анықтап, тиісті шара қолдануы қажет. 
  3. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы насыбайдың құрамын зерттеп, оның адам денсаулығына тигізетін зияны туралы қорытынды әзірлеуі және өзге де жауапты мекемелермен бірлесіп, халық арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек.