Бірде белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлымен әңгіме барысында өзі сүйіп оқитын кітаптарынан біреуін оқуға рұқсат сұрадық. Сонда ағамыз ойланбастан «Тау мен дала» кітабын ұсынды. Авторы – Жұмабай Шаштайұлы.
Тамырың – тереңде, тағдырың биікте қалды
1,292
оқылды

Қарымды қалам қуатымен жазылған шығармалар бірінен соң бірі өз иіріміне тарта берді. Бір деммен оқып шықтық. Кейіпкерлердің психологиясын шеберлікпен ашуы, оқиға шиеленісін ғажап суреттеуі, табиғат көріністерін ешкімге ұқсамайтын теңеулермен кейіптеуі жазушы қолтаңбасының өзгеден бөлек бір әлем екенін танытқан еді сонда. Барша оқырманның жүрегінен орын алған, қазақ баспасөзіне өлшеусіз еңбек сіңірген қарымды қаламгер, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы Жаратқанның құзырына қайтты. Қазақ әдебиеті қара жамылды. Қалың қазақтың қабырғасы қайысты. Үлкенге іні, кішіге аға, шәкіртке ұстаз болған ұлт қайраткерін барша қазақ жоқтап жатыр.

Менің Жұм-ағам!..

...Теректей басы теңселген, терең бір ойлар ең­серген, Жұм-аға, тамырың – тереңде қалды, тағ­дырың биікте қалды. Сен сүйген қазақ – се­ні де сүйеді, Алаштың арлы жыршысы! Көңі­лі­мізде көзайым көзің, көгершін сөзің қалды. 

Жеті өзеннің тұнығы, Сүйінбай мен Жам­был елінің ерен туған бір ұлы, Шаштай күй­ші­нің ғұмыры едің. 

...Әрісі Мәскеу, Ашхабад, Түркия, Қырғыз, бе­рісі Тараз, Қарағанды, Атырау сияқты сан са­парда өзіңізге үзеңгі жолдас болдық, аға! 

Таңда естіген хабардан есеңгіреп отырмын. Жаз шыға Қырғызға барып, сайрандап қайтуға уағ­даласып едік қой, Жұм-аға! 

Ана бір жылы Түркімен еліне барып, Нұр­мұ­хамед Әндәліптың 350 жылдығына қатысып, шадыман бір сәттерді бастан кешкен едік. Жанарбек Әшімжан ініңіз екеуміздің «Түркімен саздарымыз» сіз басқарған «Қазақ әдебиетінің» айқарма бетіне шыққан.

...Шабыт құсы қонғандай сірә, маған,

«Қош бол» айтып кете алман бұл арадан,

– Оразгүл! – деп ой кешті Жанар інім, 

күбірледі: – Гүлшат! – деп Жұман-ағам.

Ақ сайранын сайлаған ата күндер,

Алтын қанат нұрыңның шапағын бер!

Тәтті-тәтті түс көрдім Түркіменде,

Мақтымқұлы ақынның мақамын бер! – деп ша­быттансам, Жанарбек інім:

– ...О, Оразгүл, оғыз қызы, хош-аман,

Ақын да бір жел айдаған ошаған.

Екі ағамды ап Алматыма қайтайын –

Көңілдерін демдеп қойып босаған! – деп жыр төкті. 

– Ақын болу да бақыт қой, әке! – деп Жұм-ағам мәз болған сонда.

...Бір жылы үшеуміз отбасымызбен Ертіс – Баянды аралап, Жасыбайда дем алғанбыз. Сол ел­дің Мағжан, Сәкендердің көзін көрген, ға­сыр жасаған абызы, дос-ініміз Нұрланның әке­сі Мұқатай Күлжановтың шаңырағында, жа­зушы, драматург Думан Рамазан бауырым бар, ел ақсақалдарымен жата-жастана әңгіме­лес­кенбіз. 

– Мынау менің терім сіңген ішік еді, ай­на­лайын, Жамбыл атаңның жасына жет! – деп ырым­дап шекпенін ұсынған Мұқатай ақсақал. Жұм-аға қатты толқыды. 

– Аға, қалай екен? – деп үнемі сұрап жүре­тін.

Енді бәрі естелік.

Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа бол­сын, ер Жұм-аға!

Сіз жайлы айтылар сөз аз емес...

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

Мемлекеттік сыйлық иегері

Енді кімге еркелейміз?

Осы күні әлеуметтік желі өте жедел. «Жұма­бай Шаштайұлы қайтыс болды» деген хабар жел­дей есіп, жанды жүдетті.

Кісінің есімі аталғанда алғашқы таныстық­тан бастап соңғы көрген сәтіңе дейін еске түсе­тін кез болады. «Жұмағаң өмірден өтті» дегенде кино лентасы құсап бірқатар сәт сырғып көз ал­дыма келді.

1. «Лениншіл жас» газетінің редакциясы. Дәл бас редактордың кабинетіне қарсы тұста ша­ғын бөлмеде Жұмабай Шаштайұлы отырады екен. Имене басып кіргенбіз. Журфактың сту­денті һәм практикант кезім. «Отыр» деп нұс­қа­ды. Отырдық. Бірқатар тапсырма берді. Орын­дау­ға тырыстық. «Іле десе, Іле еді-ау» деген ма­териалымызды жатып кеп мақтаса болар ма? «Сен көркем дүние жаз!» деді. «Сенде Тәкен Әлім­құловтың стилі бар!..». Осы сөзге талай жыл­ға дейін семіріп жүрдік...

2. Алматы. Жібек жолы 50-гі редакциялар үйі. Лифтіде ұшырасып қалдым. «Аға, қа­лай­сыз? Үй-іші, бала-шаға аман ба?» деп қал­ба­лақ­тап жатырмын. Бірден шытынап сала бер­ді. «Әй, сенің менің бала-шағамда нең бар?». Үні қатты шықты. Үрпиіп жаман бо­лып қалдым. Аптасына бірнеше рет осы лиф­ті­де жолығып қалып жүр­дік. Түсі суық. Сөй­ле­мейді. «Не жазып қалдым» деп мен де ар­тық ештеңе жасамадым. Кейін бір-екі ай­дан кейін «Әке, сен мені кешір. Саған қатты сөз­дер айттым. Әлі ренжіп жүрсің бе? Жаман ағаң­ның осындайы бар» деп бауырына тарт­ты...

3.«Жас Алаштың» редакциясы. Бас редак­тор­мын. Ішкі телефон шырылдады. Жұмабай ағам екен. «Әй, сволыш! Дереу мына адреске кел!». Басқа ештеңе деген жоқ. Тұтқаны қоя сал­ды. Дауыс ырғағынан әлдебір еркін оты­рыс­тың лебін сезгендей болдым. Жұмыстың бәрін жиып қойдым да айтқан жеріне бардым. Екі-үш жігіттің ортасында жайраң қағып отыр екен. «Айттым ғой, мен білетін Нұртөре болса, келеді деп» қатты марқайды. «Бұл Бердіқұловтың тәр­биесінен өткен жігіт» деп тағы мақтады...

4. Түрлі жиында кездесе қалсақ, «Осы Ұзын­ағаш деген қай жақта? Кеген жақта ма, жоқ Тал­­дықорған жақта ма?» деймін әдейі. Мән-жай­ды білмейтіндер «Ұзынағаш Қаскелеңнің ар жағында ғой» деп шыр-пыр түсіндіріп жа­тады. Жұмағаң сонда ақырын жымиып күледі. «Сендерді Ұзын­ағашқа шақырамын, көрсетемін Ұзынағашты» дейтін...»Үйде боласыңдар, дәм та­тасыңдар»...Түрлі себеппен Ұзынағашқа талай рет бардық. Жұмағаңның үйіне барудың бір реті келмеді...

Жұмабай Шаштайұлы – жөн-жосықсыз кеуде кермеген, бәрін қатырамын деп артық уәде бер­меген, қашан да қарапайым қалпынан жаңыл­­маған жақсы кісі еді. Жақсы аға болды. Көңіліміз қалған, қабақ шытысқан сәттер болмаған екен. Інім деп еркелетті. Біз де ер­ке­ледік. Енді кімдерге ерке­лейміз? Еркелейтін аға­ларымыз азайып барады. Жұмабай аға­мыз­дың алды жарық, иманы жолдас болғай!

Нұртөре ЖҮСІП,

сенатор

 Әділеттілікті ту еткен азамат еді

Қазақтың көркем әдебиеті мен ұлттық бас­пасөзінде ерекше орыны бар көрнекті тұлға­лары­мыздың бірі – Жұмабай Шаштайұлын біз алғаш рет студент кездерімізде таныдық. 90-жылдары Тәуелсіздікті жаңадан алып жатқан кездері біздер ҚазҰУ-дегі журналистика мамандығында оқып жүргенімізде санаулы ғана басылымдар жарық көретін. Сол жылдары Жұмағаң «Заман-Қазақ­стан» деген газеттің бас редакторы болды. Ол басылымның ақпарат кеңістігінде орны ерекше еді. Редакция құра­мын­да Таласбек Әсемқұлов, Тұрсынжан Ша­пай, Дидар Амантай, Талғат Ешенұлы, Қасым Аманжол, Қанағат Әбілқайыр сынды кілең марқасқалар қызмет етті. Айгүл Кемелбаеваның да шығармалары жиі жарық көріп тұратын. Сон­дағы Жұмағаның бас редак­торлық қабі­леті­нің мықтылығы – айнала­­­сына кілең үздіктерді жи­нап, сол кездегі әлеу­меттік-қоғамдық мә­се­лелерді жақсы көтере бі­луін­де. Кейіннен аға­мыз­бен жақын танысып, араласудың сәті түсті. Бұл кез 2007 жылы Қазақ­стан Жазу­шы­лар ода­ғы­ның ішінен «Қаламгер медиа» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі құрылып, құрамына «Қа­зақ әдебиеті» газеті, «Жұл­дыз», «Простор» жур­нал­дарын жиған шақ. Осы серік­тестің бас­шы­лығына сол кездегі Одақ төрағасы Нұрлан Ора­­залин мені ұсынды. Осы кезде мен Жазу­шы­лар одағының айнасы болған «Қазақ әде­биеті» газетінің басшылығына аттай қалап Жұмабай ағаны шақырттым. Содан бастап табаны күректей 10 жыл бойы бірге қызмет еттік. Сол кезде газеттің дәуірлеген шағы болды де­сем артық айтпаған болар едім. Сонда Жұма­бай Шаш­тайұлы деген тұлғаның қазақ сөз өнеріндегі орынына, әділеттілігіне, ақиқатқа деген ынты­зар­лығына, көлденең әділетсіздік­тер­ге жаны төзбейтініне, қоғамдық-мәдени ахуалдарға сергек қарайты­нына, хан болсын, қара болсын, шенеунік болсын тең дәрежеде сөй­лесе алатынына куә болдым. Қазақ қо­ға­мының дамуына жанымен мүдделі бол­ған тұлға екенін анық сезіндім. Үлкен елдік маңызы бар сапарлардан бастап қарапайым халықтың ор­тасындағы жиындарда да бірге жүріп ағамыздың кісі­лік болмысына, тұлғалық қасиетіне қанық бол­дым. Жұмағаның тағы бір қасиеті – көп­те­ген шәкірт тәрбиелеген ұстаздық қабіле­тінде. «Заман-Қазақстан» газетіндегі бір шоғыр­дан бөлек, «Қазақ әдебиеті» газетінде де бір буын­­ды қалыптастырды. Журналистикадан бө­лек, жазушылық жағынан да көптеген қаламгерге ұстаз болды. Бас редактор көшінде ке­шегі Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Сейдахмет Бердіқұлов сынды алыптардың заңды жалғасы іспетті еді. Көркем әдебиеттің құны арзандай, бас­пасөздің сүйкімі қаша бастаған уақытта бұл салалардың қайта түлеуіне бар күш-жігерін жұм­­сады. Радиода да басшылық қызметте іс­теген аға­мыз қайда жұ­мыс істесе де маңайына нұрын ша­шып, айна­ласына мейірімін көрсетіп жүруші еді. Сонымен қатар Жұмағаны кешегі қазақ әде­биетінің алтын дәуірінің іргесін қалаған алып­тардың лайықты жалғасы деп айтуымызға болады. Жазу ма­шығы, идеясы жағынан да, көркемдігі жағынан да заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің үлгісіндегі жазушы деуге толық негіз бар. Ол кісінің про­задан бөлек, поэзияны да жан-тәнімен түйсі­не­тін ерен қабілеті бар еді. Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың поэзиясына жасаған талдауы соның айқын дәлелі. Сондай-ақ Жамбыл Жа­баевтың шығармашы­­лығына ден қойып, көп­теген еңбек жазды. Жүз жасаған бәй­терек­тің аруағына кейбіреулер «тас атқылап», орынсыз, дәлелсіз ақпараттармен күйе жаққанда да дә­лелді ақпараттарымен, пайымды параса­ты­мен қарсы тұрған ағамызды Жамбыл атамыздың жасын көреді деп ойлаушы едім. Бұған себеп, тамақты да талғап татып, дене сымбатына айы­рықша мән беріп, спортпен айналысатындығы еді. Ал кешегі қаза бәрімізді есеңгіретіп кетті. Бұл – қазақ көр­­кем әдебиеті мен ұлт баспа­сө­зіндегі орны толмас қаза. Қазақ әдебиетінің қай­мағы болған ағамыз уақыт озған сайын биік­тей берері сөзсіз. 

Жанарбек ӘШІМЖАН, 

Мәжіліс депутаты

Эйдос

Жұмабай аға Шаштайұлы, әлбетте, көрнекті жазушы, рухани ракурсты анық ұстай алған ре­дактор, ұстаздық, әкелік биігіне көтеріле алған адам, ізгі адам, әділетті, шапқатты, шарапатты кісі. Енді ойласам, біз (көрген жас) Шаш­тай­ұлын қа­­­­­ламгер, редактор, ұстаздығынан бұрын идея ретін­де көбірек қабылдаппыз, сіңіріппіз. Ол әде­­биет­­­тегі, өмірдегі адалдық, тазалық, өз қа­тесін мо­йын­­­­­­­­дау­­­дан қорықпау, фальшсыз ой­лану, жазу идеясы еді. 

Яғни, Шаштайұлы әдебиет пен журналис­тикадағы бірнеше буын жасты біріктіруші фактор бола алды. Бірнеше буын жастарының ойы мен ұстанымы бір-біріне неше жерден қа­ра­ма-қарсы, қайшылықты болса да Шаштайұлы та­қырыбында тоқайласа алатынбыз. Шаштай­ұлы тақырыбында әркім-ақ пафоссыз, жа­сырын ойсыз, жұмбақ-тұспалсыз шынайы, ше­­­­шіліп сөйлейтін. 

Кейде, тіпті Шаштайұлы туралы ойы мен пікірі қайсыбір жасты бағалау критерийіне де айналып кететін. Жақсы пікір айтқанын жақын тұтып тұрар едік. Бізде бір ортақ құндылық бар­дай құныға сөйлесер едік. Шаштайұлына қан­дай да бір қатысы бар жастар бір мектептің түлегіндей бір-бірімен иықтаса, ымыраласа, ұжым­даса жүретін. Осындай бір қызық фено­мен бар еді.

Ағалар асығыс аттанып жатыр. Бүгін Жұма­бай ағаның да жамбасы жерге тиді. Бірақ ол… жеңілген жоқ.

Ерлан ЖҮНІС,

ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы