Халқымыз ертеден Ұлыстың ұлы күнін жаңғырудың, ынтымақ пен өркендеудің символы есебінде санаған.
Әз Наурыздың жаңа символы ретінде неліктен үш қызғалдақ таңдалды?
Фото: Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
2,352
оқылды

Әз Наурызды тойлаудың онкүндігі – Наурызнама басталып кетті. Биыл қабылданған жаңа тұжырымдамаға сәйкес, мейрам он күнге жалғасады және оның әр күні жаңа қоғамдық құндылықтарды бекітуге арналған. 

Халқымыз ертеден Ұлыстың ұлы күнін жаңғырудың, ынтымақ пен өркендеудің символы есебінде санаған. Наурызнама – атадан келе жатқан дәстүрдің жалғасы. Мейрамның жаңаруының жаршысындай, оның үш қызғалдақты жаңа логотипі бекітілді. 

Кезінде советтік өкімет «діни сипаты бар» деген желеумен 60 жылдан аса уақыт Наурызды тойлауға тыйым салды. Тек 1988 жылы ғана оны атап өтуге рұқсат етті. 

Бірақ алпыс жылда ата дәстүрдің көбі ұмытылып, Наурыз мейрамының сипаты сахналық қойылымдар деңгейімен шектеліп қалды. 

Тәуелсіздік алып, Әз Наурыз мейрамын сақтап қалғанымызбен, оның негізгі өзегінен айрылып қалдық. Яғни, көшпенді халықтың ауызбіршілігі мен татулығын нықтауға арналған мейрамның тек сыртқы келбеті қалды. Қалаларда орталық алаңға бірнеше киіз үй тігіледі. Наурыз көже жасалып, бауырсақ пісіріліп, халыққа таратылады. Концерт қойылады, ұлттық спорт ойындары ішінара ұйымдастырылады. 

Бұған дейін елімізде бірнеше рет Наурызды ерекше тойлауға әрекет жасалған еді. Алайда оның бәрі жемісін берген жоқ. Осы уақытқа дейін Әз Наурыздың түпкі ойы, мәні мен мақсаты назардан тыс қалып келгені рас.

Ал қоғамда Ұлыстың ұлы күнін лайық деңгейде өткізу туралы әңгіме талайдан бері айтылып жүр. Енді, биыл осы олқылықтың орны толуға тиіс.

Татулыққа шақыратын мереке

Қоғамның сұранысына орай жақында ғана жаңадан «Наурызнама» тұжырымдамасы қабылданды. Құжат елімізде жаңа құндылықтар қалыптастырып, бірлік, бауырмалдық пен және ынтымақты насихаттауға бағытталған. 

Әз Наурызды жаңа тұжырымдамасы екі бағытты қамтыған. 

Біріншісі – мейрамның жаңарғанының белгісі ретінде әрі оның танымалдығы мен мәнін арттыру үшін барша Қазақстанда Наурыздың бірыңғай логотипі қабылданды. 

Екінші бағыт – Ұлыстың ұлы күнін ерекше тойлау мақсатында 14-23 наурыз аралығында онкүндік атап өтіледі. Әрқайсына жеке-жеке атау беріледі де, соған сай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы орайда, жаңа логотиптің мән-мағынасын ашып айтуды жөн санап отырмыз.

Байлық пен биліктің символы

Жаңа логотиптің бірнеше ерекшелігі бар. Біріншісі, онда Қазақстанға тән бірегей дүниелер қолданылыпты. Мысалы, үш қызғалдақтың суреті орналасқан. Екінші, түстердің үйлесімі сақталған. Қызғалдақ қауызы үш түспен – сарғылт, қызыл және сары түске боялған. Сонымен қатар, «Наурыз» сөзі көркем шрифтпен жасыл не ақ түспен жазылған. 

Енді, соларға жеке-жеке тоқталып, қандай мағына беретіні туралы тарқатып айтсақ.

Дизайнда қызғалдақ гүлін таңдап алу бекер емес. Бүкіл әлемде қызғалдақ ерекше мән-мағынаға ие. Оны байлық пен биліктің символы санайды. Оның қаншалықты танымал екенін мына деректен байқауға болады. Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда әлемдегі қызғалдақ нарығы 1,5 миллиард долларға жуықтаған. 2031 жылға қарай оның көлемі 2,3 миллиард доллардан асады деген болжам бар. 

Өздеріңізге мәлім, қызғалдақтың тарихи отаны Қазақстан саналады. Қарапайым, бірақ бүкіл әлемде мән-маңызға ие бұл өсімдік қазақ топырағында бүр жарып, жер жүзіне таралған. Ғылыми еңбектерге сүйенсек, қызғалдақ осыдан 10 миллион жыл бұрын еліміздің оңтүстігінде, Тянь-Шань тауларының етегі мен жазығында пайда болған.

Бүгінде төрткүл дүниеде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар. Солардың басым көпшілігі – Ұлы дала қызғалдағының тұқымынан тараған. Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі. Соның 18-і Қызыл кітапқа енген. Тіпті, басқа елдерде кездеспейтін кей қызғалдақ тек Қазақстанда өседі. Мәселен, Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. 

Айтпақшы, қызғалдақ гүлінің мынадай ерекшелігі бар. Ол көктемде гүлдеп, екі жылдай ғана уақыт өмір сүреді. Халқымыздың бұл гүлді Әз Наурыздың символы ретінде қолдануының себебі, қызғалдақ көктемнің, жаңа өмірдің, тіршіліктің жаршысы болып есептеледі. Әрі Наурыз айы туып, жердің тоңы кетіп, күн жылынғанда кең жазирасы әсем түске бөлеп, бір-екі апта ғана гүл ашады.

Қолөнер саласында қызғалдақ бейнесі ұлттық бұйымдарда жиі кездеседі. Мәселен, білезік, сақина, қамзол қапсырмалары, тері белдік, ағаштан жасалған жиһаздар мен ер-тұрман бұйымдарында гүлдің бейнесі салынады. Қызғалдақ пішіндері текемет, кілем, алаша, сырмақ және кестелерде де бейнеленген. Ісмер шеберлер қоржын-дорбаларға, киіз үй жабдықтары мен ұлттық киімдерге де қызғалдақтың бейнесін салып, кесте тігіп безендірген.

Қызғалдақ дін тұрғыда да, мәдени тұрғыда да әлем елдерінің тарихында өшпес із қалдырды. Мәселен, ғұсни хат шеберлері гүлді «Алла» сөзін жазғанда әсемдікке қолданған. Мұның себебі мынада. Жарты Азияны жаулаған Осман империясында қызғалдақ ерекше мәнге ие. Оның үстіне, Анадолыдағы ағайындар қызғалдақты «laleh» деп атаған. Мұны араб қарпімен жазғанда «Алла» деген сөзде кездесетін әріптер қолданылады. Қызғалдақтың қауызын бейнелейтін ою-өрнек пен нақыштар Қытайдан бастап Еуропаға дейін таралған халықтардың сәулет өнерінде, киімінде, әшекейлерінде кездеседі. 

Көздің жауын алатын өсімдік танымал талай суретшіге қанат бітірді. Мысалы, Винсент ван Гогтың атақты «Баданалы алқап» картинасында Нидерландтағы қызғалдақ алқабы бейнеленген. Сол секілді Клод Моненің қылқаламынан «Голландиядағы қызғалдақтар», «Гаага маңындағы қызғалдақ алқабы» секілді танымал туындылар дүниеге келді. Бұдан басқа қызғалдақты кенепке түсірген суретшілер жетерлік.

Қазақ үшін қасиетті сан

Логотипте үш қызғалдақтың салынуы да кездейсоқ емес. Олар үш кезеңнің ажырамас байланысын, тарихымыз бен мәдениетіміздің бүгіні мен болашағына қатысты мұрасын, сондай-ақ туған табиғатымызға шексіз құрмет пен үнемі жаңаруға ұмтылысты көрсетеді. Сонымен қатар олар халқымыздың бірлігін, ел дамуының шексіз циклін бейнелейді. Қазақстан тарихының сабақтастығы мен эволюциясының маңыздылығын көрсетеді. Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағынан хабар береді.

Қазақ халқында үш саны аса киелі саналады. Тарих, осы шақ, келешек – уақыт кеңістігіндегі маңызды үштік. Әлемнің өзі үш өлшемнен құралған: ені, ұзындығы һәм биіктігі. Адамның болмысы да үштіктен – тәннен, жаннан және рухтан құралған. 

Қазақтың үш санын сәтті санағанын «сәрсенбінің сәтті күні» деп аптаның үшінші күніне айрықша айдар тағуынан да аңғара аламыз. Халқымыз ер жігіттің үш жұрты бар (өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты) деп ерекше атап көрсеткен. 

Сол секілді үш ғайып (ажал ғайып, қонақ ғайып, несібе ғайып), үш қуат (ақыл, жүрек, тіл), үш даусыз (мінез, кәрілік, ажал), үш байлық (бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық) секілді ұғымдар жетерлік. 

Түркі мифологиясында әлем ағашы үш бөліктен тұрады: тамыры, діңі және жапырағы. Қазақ халқының құрамына енген өзге этностар үшін де үш санының қасиетті мәні бар. Үш саны – көптеген мәдениетте де бақыт пен сәттілік символы. Сондай-ақ кеңістік үш өлшемді (ұзындық, ені және биіктігі), заттың күйі үшеу (қатты, сұйық және бу). 

Наурыздың жаңа логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни, еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді. Бұл орайда, ұлы философ Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың «Өткенді, тарихты білмей, қазіргі шақты білу, болашақты болжау қиын» деген сөзін темірқазық етіп алсақ болады. 

Үш қызғалдақ бізді мыңжылдақтарға созылған тарихымызды ұлықтауға, бүгінге дейін, оның ішінде тәуелсіз жылдарында жеткен жетістіктерімізді түйсініп, соңғы бес жылда елімізде басталған өзгерістерді бағалуға, одан соң алдағы даму бағдарымызды айқындап, елдік мұрат жолында бар қайрат-жігерімізді жұмсауға үндейді. Сонымен қатар, халқымыздың бірлігін, мемлекет дамуының үздіксіз циклын бейнелеп, Қазақстан тарихының сабақтастығы мен эволюциясының маңызын көрсетеді.

Келешекке салынған көпір

Логотипте қолданылған түстер Ұлы даланың байлығынан, алуан түрлі өмірінен, халқымыздың қуаты мен ұстанымынан хабар береді. 

Жасыл түс – еркіндікке деген жігерлікті, табандылықты, мақсаткерлікті білдіреді. Сондай-ақ жасыл – даму мен жаңғырудың символы. Жасыл түсі көп елде жастық пен жаңа шыққан көк, өсімдік бейнесімен ассоциацияланады. Психологияда бұл түсті таңдағандар – өзінің құндылығына деген сенімді жоғарылатқысы келетіндер, айналасындағы адамдардан мақтау мен жақсы пікір күтеді деп сипатталады. Жасыл түс адамға сенімділік береді.

Сары түс – қуаныштың, күн шапағатының нышаны. Сары түс адамды болашаққа бағыттайды, жаңалыққа талпындырады, заманға ілесуге, дамуға құштар етеді. Сарғылт түс өркендеуді білдіреді. Қызыл түс – даму мен байлықтың да символы ретінде есепеледі. Тағы бір айта кетерлігі, логотип крафт стилінде салынған. Бұл көркем бейне мәдениетіміздің тамыры тереңге кеткенін, байлығын, салт-дәстүрден сусындап өскен еліміздің рухани мұраны келер ұрпаққа сеніп тапсыруына сай келеді. 

Қорыта айтқанда, Наурыздың жаңа логотипін бекіту арқылы оны мұқым елге танылатындай жағдай жасау қажет. Кез келген жерде оны көрген адам Ұлыстың ұлы күніне еске түсіріп, оның басты мақсаты халықты бірлік пен ынтымаққа шақыру екенін түсінгені жөн.

Айша ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ