Ұлттық құрылтай ұлтты ұйыстыруға бағытталған келелі кеңес.
Бейбарыс Сұлтан секілді тұлғалардың есімін наградаға енгізуді ұсынды – Қайрат Балабиев
967
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл үшінші рет отырысқа қатысып өзекті мәселелерді ортаға салды. Бұған дейін жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, демократия дәстүрін дамыту, ұлттық идеология, заң мен тәртіп орнату, еңбекті бағалау, адалдық пен әділдікті ұстану арқылы Әділетті және Жаңа Қазақстан құру мәселесі көтерілді.

Жаңа Қазақстанның реформаларын жасақтау әлі күнге жалғасып жатыр. Жаңғыруды жұрт санасына сіңіру, жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру, цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану сияқты тың қадамдарға бет алдық.

Биылғы 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай еңбегі еленбей жүрген аналарға арналған алғашқы награда табысталды. Бірі малшы, бірі жалшы, бірі диқан, енді бірі 15 бала туған қазақтың жүздеген ардақты аяулы ана атағына ие болды. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күнделікті қажырлы еңбегімен мемлекеттің сан-саласын өркендетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен азаматтарды қолдап, наградаға ұсыну бастамасымен жүзеге асқан игі іс болды. Былтырғы Ұлттық құрылтайда орден-медальдің терең мағыналы әрі жұрт көңілінен шығатындай ерекше болуын, мемлекеттік наградалардың жүйесін реттеу тапсырылған еді.

Сол сияқты әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жаңа сыйлықтар тағайындалды. Бұл Президентіміз ұлтымыздың біртуар перзенттерін ел есінде жаңғырту әрі сақтау үшін Бейбарыс Сұлтан сынды тарихи тұлғалардың есімін  наградаларға енгізуді де ұсынды. Сондай-ақ, Қазақстан тарихын жаңа ғылыми ұстанымдарға сәйкес көп томдығын шығаруды міндеттелген. Осындай игіліктерге арналған Ұлттық құрылтайдың маңызы зор.

Қазақ жеті атасын білмейтін ер мен жеті ғасыр тарихын білмейтін елді жетесізге теліген. Кешегі кеңестің кер заманда тарих тұрмақ, би-шешендер мен ақындардың сөздері бұрмалады. Қазір соның салдарын көріп жүрміз. Президентіміз Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда зиялы қауымның тарихты бұлдап, бұқараны бұлыңғыр ойға жетелеп жатқанын айтты. Тарихты жұлмалайтын уақыт емес, өткен-кеткенді саф күйінде түгелдейтін кезең. Осы мақсатта «Ежелгі кезеңнен қазіргі уақытқа дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық көптомдығы әзірленіп жатыр. Зиялы қауым қоғамға зиянын тигізіп алауызданып жатса, басқалар қайтпек. 

Президент Қасым-Жомарт: «Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де – бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет. Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек», – деп туралығын айтты.

Қыз деген аяулы перзент. Өкінішке қарай қоғамда қыздарға деген құрметсіздік байқалады. Әрбір азамат қазақ қызын ұлттың анасындай қадірлеу керек. Президент Ұлттық құрылтайда қыз алып қашуды ұлттық дәстүрге жат санап, заңсыздыққа теңеді. Көптен бері көпшілікті күпті еткен көкейкесті мәселе деструктивті ағымдар мен экстремистік топтарға қатысты заңды қатаңдату болып тұр. Президентіміз ата жолын сақтау үшін халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылық ретінде дәстүрлі исламды асыл дініміз екенін еске салды.

Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлігімізбен қатар ел қорғаған ерлердің ерлердің есімін жұрт жадында жаңғырту қажеттігін айтты. Ұлы Жеңістің жауынгерлерінің жанкештілігін ұмытып бара жатқанымыз жасырын емес. Бүгінгі буын жастар бертіндегі соғыс ардагерлерін де бұрынғы батыр бабаларымызды да біле бермейді. Тіпті жеті атасын танымайтындар жетерлік. Балаға атасын танытатын ата-аналар мектепте мұғалімдермен алысып жүр. Мұның бәрі бай тарихымыздың куәгері боп өткен ата-бабаларымыздың аманатына жасалып жатқан қиянат емей немене? Әрбір қазақ өзінің шежіресін ру, жүзге бөліну үшін емес, өзінің ататегін сақтау үшін біліп жүруі тиіс деп есептеймін. Майданда қаза тапқандар мен аман-есен елге оралған соғысы ардагерлерін дәріптеу мақсатымен мұрағаттар зерттеліп жатқан "Қазақстанның қаһарман майдангерлері" жобасын Президент бүгін ерекше атап өтті. "Өлі разы болмай, тірі байымайды" дегендей, тарих та, тарихи тұлғалар да өзінің лайықты бағасын алу керек. 

Президент: « Ұлттық құрылтайда біз мәдени-гуманитарлық саланың және идеологияның жаңа бағдарын айқындаймыз. Осының бәрі ұлттық бірегейлігімізді нығайту және елімізді қарқынды дамыту үшін өте маңызды. Дегенмен, өзгерістердің басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Сондай-ақ әр азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Осыған орай экономиканы дамытатын жаңа мүмкіндіктерді үнемі іздеп отыру керек. Бізге әжептәуір мультипликативтік нәтиже беретін жобалар қажет. Сол үшін Үкіметке биыл ауқымды төрт инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырамын. 

Ең алдымен қазір жұмыс істеп  тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеу қажет. Ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйені жаңғырту керек. Бұл қадам азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Баспана – жұрттың  тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын.  Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады», - деді.

Қазақстан жолдарының жай-күйі жолаушылардың да, жүргізушілердің де басты уайымы айналған. Қанша қаржы бөлініп, қанша жолдар салынып жатса да сапасының жақсармай жатқаны жасырын емес. Бұл жемқорлықтың кесірі. Президент айтқандай жол салу және оны жөндеу жұмыстары шынымен де экономиканың дамуына тың серпін береді. Елімізде 12 мың шақырым жол салынбақшы. Бұл жақсы жаңалық болды. Сондай-ақ, Үкіметке газ тартылған елді-мекендер санын барынша арттыру жүктелді. Өкінішке қарай кей жерлерге газ желісі жүргізілгенімен құбырларды үйге кіргізу ақысы тым қымбат болғандықтан тұрмысы төмен жұрт игілігін көре алмай жүр. Атқарушы билік осы жағын да ескеріп, Президент тапсырмасының артығымен орындалуына атсалысса екен.

Президент біраздан бері қоғамда жаңа этика қалыптастыру қажеттігін айтып келеді. Алайда оны азаматтарға құндылықтарды күштеп таныта алмаймыз. Сондықтан саяси реформалар заңдарға түзету енгізу және институционалды өзгерістер арқылы жүзеге асады. Десе де заңдарды өзгерту жеткіліксіз екенін айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Ұлттық құрылтайда  ұлттың жаңа келбетін айқындайтын құндылықтар ретінде тәуелсіздік және отаншылдық екенін ескертті.

Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз.

Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет.  Бұл, әсіресе, әлемде «заңның күші емес, күштінің заңы» деген қағидат үстемдікке ие болып, егемендігі осал мемлекеттердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылған-мыс деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті» деді Президент. Атырауда өткен Ұлттық құрылтай да маңызды мәселеге толы болды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының әрбір бастамасы түсінгенге еліміз бен жеріміз үшін зор маңызға ие. Көтерілген мәселелер мен берілген тапсырмалардың айтылған кезде орындалуына тілектеспіз. Бұған жұрт болып жұмылып кірісу керек.

Қайрат БАЛАБИЕВ, Мәжіліс депутаты