Дана халқымыз: «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» демей ме! Құ­рыл­тай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз.
Кеңесшіл ел кемдік көрмейді
632
оқылды

Жиындарда халқымыз өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген.  Міне, бүгінде Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы, ел тарихында айрықша орны бар, әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен – шежірелі Атырау облысында өтуі және оның осы өңірде сақталып қалған Көрісу күнімен тұспа-тұс келуі жай емес. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мәселесіне тағы да тоқталды. «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық», – деп атап өтті.

Мемлекет басшысы Құрылтайда қазақ қоғамындағы зиялы қауымның орнына басты назар аударды:

«Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы», – деді.

Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. 

Президент: «Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды», – дей келе, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажеттігін, әсіресе қазіргі геосаяси жағдайда бұл міндет аса маңызды екенін баса айтты. 

Үнзила ШАПАҚ,

Парламент Мәжілісінің депутаты