Зерттеу мен сурет салу өнерін қатар ұштастырып, қайталанбас шығармашылығымен есімі халық жадында сақталған тұлғалар арамызда жиі ұшыраса бермейді. Осындай жарқ еткен жұлдыздың бірі ретінде көпке ұқсамайтын дарыны мен шығармашылық туындылары арқылы көзге түскен суретші Рустам Хальфин есімін атауға болады. Мамандығы сәулетші болса да, өз бетінше көркемсурет техникасын меңгерген суретші сәулелі ғұмырында Қазақстанның арт-қауымдастығының қалыптасып, кең қанат жаюына ықпал етіп үлгерді. Шығармашылығында көшпенділерге тән қасиеттерді зерттеп, еліміздің мәдени өткеніне қатысты жеке көзқарасын қалыптастырған суретші бүгінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің басты тұлғасына айналып отыр. Таяуда елімізде Рустам Хальфин шығармашылық мұрасының LOOK Gallery атты онлайн мұрағаты ашылды. Енді суретші туындыларын онлайн нұсқада тамашалауға мүмкіндік бар. Онлайн мұрағатта Рустам Хальфиннің 900-ден астам жұмысы цифрландырылған. Суретшінің құнды еңбектерін көпшілік назарына ұсынуда Рустам Хальфин шығармашылығы қоры мәліметтерді жинау, жүйелеу және цифрландыру үшін екі жыл уақытын арнаған. Рустам Хальфин 1999 жылы өзінің LOOK Gallery деп аталатын галереясын ашқан еді. Мұнда Хальфин инсталляцияларын, түрлі жобаcы мен перформансын жүзеге асырды. Сондықтан жақында жарық көрген онлайн мұрағат та суретшінің осы бір галереясының құрметіне аталыпты.
Онлайн мұрағаттың таныстырылымында арнайы сөз алғандардың бірі – куратор, галерист, Қазақстан Ұлттық музейі заманауи өнер орталығының басшысы қызметін атқарған Роза Әбенова. Ол көпшілікті қазіргі суретшілердің өз туындыларын цифрландырып, арнайы сайтта жариялап отыру мәселесіне мән беруге шақырды. Оның сөзінше, бұл ұрпақтың өзара сабақтасуы мен кейінгі ұрпақтың алдыңғы ұрпақты түсінуіне, нақтырақ айтқанда аға буынның қандай тақырыпта сурет салғанына үңілуге сеп болмақ.
– Рустам Хальфин шығармашылық мұрасының мұндай ауқымды мұрағатын зерттеу және ғылыми тұрғыдан саралау суретшінің Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің көшбасшысы ретіндегі бейнесі жайлы сараптамалық пікірді аша түсуге жол ашады, – дейді галерист Роза Әбенова.
Онлайн мұрағат аясында көркемсурет, графикалық еңбек, этюд жұмыстары, суретшінің жеке фотосуреттері, видео-арт, сондай-ақ энвайронмент, инсталляция, перформанс фотосуреттері, іскери хаттар, Хальфиннің шығармашылығы жайлы көпке беймәлім мақалалар мен оның осы күнге дейін жарияланбаған мәтіндері цифрландырылды. Қазір онлайн мұрағатта 400-ден астам графика, 100-ден астам түрлі көркемсурет бар. Мұнда жарияланған материалдардың басым бөлігі 80-жылдар мен 2008 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде ұсынылған мұрағат заманауи өнер саласындағы кәсіби мамандарға, жас суретшілерге, осы бағытта білім алып жүрген студенттерге және жобаға қызығушылық танытқан жалпы оқырман қауымға арналған. Рустам Хальфин мұрасы қорының негізін қалаушы Руслан Хальфиннің сөзінше, алғашында қор ашылған уақытта негізгі екі міндетті алдына мақсат етіп қойды. Оның бірі – суретшінің еңбектерін цифрландырып, желіге жүктеу еді. Қазірдің өзінде бұл міндеттер орындалып отырғанымен, жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды.
– Мұрағатта жарияланған көркемсуреттер, этюдтер, графика, іскери хаттар мен фотосурет сынды материалдар Рустам Хальфиннің не себепті заманауи өнердің қалыптасуына әсер еткен тұлғалардың бірі екенін айқындайды. Жоба жұмысы әрі қарай жалғасады. Осы ретте 3000 шамасында ақпарат жинақталады және кезең-кезеңімен цифрландырылады. Хальфин туындыларының цифрлық коллекциясының пайда болуы – суретшінің шығармашылық мұрасын сақтап, насихаттау жолындағы маңызды қадам. Одан өзге жария онлайн мұрағат – Қазақстандағы қандай да бір суретші жұмыстары туралы мәлімет беретін ең алғашқы жоба. Біздің тәжірибе басқа суретшілерге, олардың мұрагерлері мен басқа да институцияларға пайдалы болса, біз қуаныштымыз. Тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз, – деді қор негізін қалаушы Руслан Хальфин.
Аталған мұрағат Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің қалыптасуына және дамуына қатысты процестерді ескере отырып, суретшіден қалған мұраны зерделеп, оның шығармашылық жолымен кеңінен танысуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта онлайн мұрағат тағы да жаңа материалдармен толықтырылады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, суретшінің шығармашылығын халықаралық өнер ортасында таныстыру әрі насихаттау мақсатында бірқатар жоба ұйымдастырылады. Биыл күзде ашылады деп жоспарланған Almaty Museum of Arts музейі Рустам Хальфин шығармашылығы туралы арнайы монография әзірлейді. Монографияның редакторы танымал өнер теоретигі және халықаралық куратор – Виктор Мизиано. Almaty Museum of Arts музейі өз шымылдығын Рустам Хальфиннің көрмесімен ашады. Суретшінің еңбектері музейдің тұрақты экспозициясында келушілер назарына ұсынылады. Бүгінде Рустам Хальфиннің еңбектері Zimmerli нонконформистік өнер музейі (Нью-Брансуик, АҚШ), М НКА заманауи өнер музейі (Антверпен, Бельгия), Мемлекеттік Третьяков галереясы (Мәскеу, Ресей), Шығыстың Мемлекеттік музейі топтамасы (Мәскеу, Ресей), Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі (Алматы, Қазақстан) мен Ұлттық музейде (Астана, Қазақстан), сондай-ақ жеке коллекцияларда сақталған.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы