Бұл туған күннің ең маңызды бөлігі – сыйлық таңдау сәті. Дегенмен осы жолы маған wishlist көмекке келді. Себебі әріптесім туған күні жақындаған тұста әлеуметтік желідегі парақшасына көптен бері қалап жүрген заттарының тізімін жариялады. Сонымен, осы әдіс сыйлық іздеу мәселесін шешіп, уақытты үнемдеуге таптырмас мүмкіндік болды.
Бүгінде wishlist жасау үрдісі жастар арасында кең таралып, әлеуметтік желіде трендке айналды. Енді жақындарыңыз қызығушылығыңыздан тыс сыйлық алып әуре болмас үшін вишлист әзірлеп, алдын ала қалауыңыздан хабар беруге болады. Елімізде вишлист ұғымы ақырындап таныла бастағанымен, бұл – ондаған жыл бұрын пайда болған үрдіс. Демек, сыйлықтар тізімін құрау шетелде бұрыннан қолданыста бар деген сөз. Вишлист ұғымының түп төркіні сонау 70-жылдардан бастау алады. Рождество мерекесінің қарсаңында балалар Санта-Клаусқа арнап көптен қалап жүрген сыйлықтарының тізімін жасайды. Кейіннен бұл дәстүр америкалық мәдениеттің бір бөлігіне айналып, уақыт өте келе өзге мемлекеттерге тарала бастады.
Wishlist атауының өзі оның түпкі мағынасын толыққанды ашып тұр. Ағылшын тілінен аударғанда wish – тілек, list-тізім деген мағынаға ие. Тілектер тізімі арқылы кез келген адам қалауындағы заттарын немесе арман-тілектерін қағаз бетіне түсіре алады. Вишлистің жасалу техникасы да аса күрделі емес. Қажетті сыйлықтар тізімін қағазға жазуға, компьютер арқылы мәтіндік файлда құрастыруға немесе әлеуметтік желіде стористе жазба қалдыру арқылы жариялау мүмкіндігі бар. Тіпті, қазір вишлист құрастыруға арналған интернет ресурстар, онлайн платформалар жұмыс істейді. Вишлист әзірлеуде қатып қалған қағида, өзгермейтін заңдылық жоқ. Мұнда әркім өз қалауына, қызығушылығы мен құндылықтарына қарай әрекет етеді.
Вишлист жасақтаудың ең тиімді тұстарының бірі – жақыныңыз көңіліңізден шығатын сыйлықты іздеп бас қатырмайды. Онымен қоса, сізде бұрыннан бар немесе қажетсіз деп тапқан заттар тізімінен алдын ала хабардар болып отырады.
Әлеуметтік желіде трендке айналған үрдіске алматылық жастардың көзқарасы қандай? Олар аталған әдіске сүйеніп көрді ме? Әсіресе, көктемнің шуақты күндерімен қатар келетін мереке қарсаңында арулар вишлист жасап үлгерді ме? Осы сияқты қызықты сауалдарымызға жауап алу мақсатында алматылық тұрғындармен әңгімелескен едік.
Вишлист достарымның арасында танымал
Алматы қаласының тұрғыны, студент Ақниет Қажымұрат вишлист жариялау – адамның өзі үшін де, өзгелер үшін де ең тиімді әрі ыңғайлы әдіс деп қабылдайды. Сыйлық алғаннан гөрі бергеннен энергия алатын Ақниет мерекені күтпей-ақ, қарапайым күндері де жақындарын барынша қуантып тұруға тырысатынын айтады.
– Шыны керек, вишлист жасап, арнайы «науқан» өткізіп көрмеппін. Қалауымды сұраған достарыма бірден сыйлықты қанша сомаға жоспарлап отырғанын сұраймын. Кейін айтылған сомаға қарай өз тарапымнан ұсыныс тастаймын. Қазір вишлист жақын достарымның арасында өте танымал. Тілектер тізімін жасақтау – сыйлық таңдау үшін ыңғайлы дүние. Артық шығын мен уақыт жоғалтқаннан гөрі адамға нақты не қажет екенін біліп тосынсый жасаған дұрыс деп санаймын. Жақында танысым әлеуметтік желідегі парақшасына «Осы жылы туған күніме вишлист жасап көрсем» деп салып еді, бәрі қолдай кетті. Қателеспесем, оның вишлистінде жиырмадан аса зат болды. Сол жиырма заттың бәрі екі күннің ішінде таңдалып алынды. Мысалы, Instagram парақшасындағы сторисіне Dior брендінің ерін далабы қажет деп салса, артынша бұл затты кім алғанын бірден жариялап отырды. Соңында барлық зат өз иесін тапты. Жақындарыма тосынсый әзірлегенді ұнатамын. Өзім сыйлық бергеннен ләззат алатын адаммын. Мүмкіндігінше айына бір рет қуантып қоюға тырысамын. Әрине, сыйлық таңдау кезінде жақындарымның қызығушылығына аса мән беремін, – дейді Ақниет.
Мереке – адамдар арасындағы байланысты нығайтатын күш
Ал бір баланың анасы Назым Сапар өткен жылдан бері вишлист құруды әдетке айналдырған. Тіпті, қыз-келіншектер үшін күнтізбедегі ерекше күндердің бірі – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне қарсы арнайы вишлист әзірлеп қойыпты. Мереке күндерін ерекше ықыласпен қарсы алатын кейіпкеріміз сыйлық берудің де адам психологиясына айтарлықтай әсері бар екенін атап өтті.
– Меніңше, вишлист – өте ыңғайлы. Себебі өзге біреудің іштей нені қалайтынын білмейсің. Вишлист арқылы оның қалауын орындайсың. Мәселен, көптен барғысы келіп жүрген орындарға билет немесе сертификат сыйлау арқылы қуантуға болады. Күнделікті қажетіне жарамайтын, пайдасыз сыйлықтан гөрі өз қалауындағы затты беру әлдеқайда тиімді. Мен вишлист құрастыру алдында арнайы бір соманы белгілеймін. Мысалы, 20 мың теңге көлемінде делік. Тізім жасауда заттардың осы сомаға лайық болуын әрі жақындарымның қалтасы көтере алуын ескеремін. Мұның ешқандай ұяты жоқ. Керісінше, бұл – өте әдемі дәстүр. Сыйлықты өзіңіз сатып алғаннан гөрі өзге біреуден алу екі есе қуаныш сыйлайды. Туған күн сияқты мерекелерді жақсы көремін. Себебі мереке адамдар арасындағы байланысты нығайтатын күш сияқты. Күн сайын бір оқиға қайталанып, қарапайым тіршілік сол күйі жалғаса берсе, адам сезімге, махаббатқа жұтаң болып қалатын сек
Назым Бекболқызы балаға таңдау мүмкіндігін беру – оның ертеңгі өмірінде ерекше рөл ойнайтынын назарға алды. Таңдай білу мен талғам қалыптастырудың артында адамға жастайынан өз қалауына еркіндік беру сынды іс-әрекеттер жатыр. Бұл ретте сыйлық алу мен берудің де маңызы айрықша. Сондай-ақ кейіпкеріміз жыл сайын тілектер тізімінен өшпейтін сүйікті сыйлықтарын да тізіп өтті.
– Көбіне тосынсый болсын, өзі қалаған затты алсын деп белгілі бір сомада сертификат сыйлаймын. Өйткені қажетіңді таңдап алу – психологиялық тұрғыда адамға сенімділік сыйлайды. «Менің таңдауым бар», «талғамым қалыптасты» деген түсінік пайда болады. Бала кезімізде киімді не кез келген затты ата-анамыз таңдап беруші еді ғой. Тіпті, кейбір адамдардың сәннен аса хабарының болмауы сол кездері таңдау құқығының болмағанынан деп ойлаймын. Осы үшін ата-ананы жазғыра алмайсың. Себебі ол заманда сондай бір қиын кезең болды. Бастысы, олар өмір сүрудің, тамақтың қамымен жүрді. Вишлистімде әрқашан белгілеп жүретін зат – SPA процедурасы. Бұл – қыз баласына жарқын көңіл күй сыйлайтын, «бинго» болатын сыйлықтардың бірі. Яғни, сыйлық беруші адам бұдан ұтылмайды. Тізімнен ешқашан түспейтін тағы бір зат – кітап. Кітапты сыйлыққа алған бөлек сезім. Егер ішіне ақжарма тілегін жазып жіберсе, екі есе қуанатын жандардың бірімін. Қазір біз эмоцияға, мейірім мен махаббатқа зәруміз. Өзгелердің сыйы арқылы адамды ерекше естеліктермен еске аласың, – дейді Н. Сапар.
Қалау деген – өзгеріп отыратын дүние
Екі жылдан бері маркетинг саласында жұмыс істейтін Батыржан Жұмаділов аталған үрдістің бұрыннан бар екенін, алайда бүгінде жаңаша форматқа ауысқан трендтердің бірі екенін айтады. Бір қызығы, қоғамда вишлист әдісін пайдалануға жастар ғана емес, сондай-ақ бүлдіршіндер де ынталы көрінеді. Олай дейтін себебіміз, кейіпкерімізге вишлист дизайнын әзірлеу бойынша хабарласып, арнайы тапсырыс беретін тұтынушылар бар екен.
– Қазір вишлист трендке, жастар арасында сленг сөзге айналған. Бірақ ол енді ғана жаңашылдыққа ие болған жоқ. Әлеуметтік желі қолданушылары өзі қалаған сыйлықтар тізімін арнайы дизайнмен әрлеп, парақшаларына жариялап жатады. Осы уақытқа дейін электронды форматта вишлист құрап көрмеппін. Бірақ жақындарыма сыйлық таңдау алдында міндетті түрде олардың қызығушылығын ескеремін. Өзім дизайнер маманы болғандықтан, вишлист жасау бойынша тұтынушылар тарапынан тапсырыстар келіп түсті. Жақында бір тұтынушым 6 жастағы баланың жасы мен стиліне лайық дизайн жасап, қалауындағы 20-30 тілекті жазып беруімді сұрады. Қалау деген өзгеріп отыратын дүние ғой. Сондықтан біз адамның дәл қазір нені қалап тұрғанын біле бермеуіміз мүмкін. Өзгелерге күтпеген жерден тосынсый жасап, эмоция сыйлағанды ұнатамын. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жақындарымның қалауын сұрап, өзіме шамалап тізім құрып алдым, – дейді Батыржан.
Жылдан-жылға әйелдер қауымына құрмет арта берсе екен...
Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алатын студент Ақерке Бисенғали вишлист құру жақындарыңызға сізді не қуанта алатынын білуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сыйлық таңдау процесін жеңілдететінін айтады. Оқумен қатар SMM, мобилография саласын қатар алып жүрген Ақерке сыйлықтар тізімін жарияламас бұрын есептік жазбаның контексті мен аудиториясын ескеру маңызды дейді.
– Жарияланым өзгелерге қысым жасамайтынына назар аударған жөн. Сондай-ақ әлеуметтік медиа аудиториясымен қарым-қатынасыңызға байланысты. Мен жақындарыма тосынсый жасағанды ұнатамын. Мәселен, демалыс күндері ата-анама киноға билет, құрбыларымның үйіне торт, бір мемлекеттен аксессуар, киім секілді ұсақ-түйек заттардан бастап мерекелерде өздері қалаған сыйлықтарды алып беруге тырысамын. Сыйлық бермес бұрын оның неге қызығатыны, әңгіме барысында қандай оқиғаны немесе затты көп айтатынына назар аударамын, – дейді А. Бисенғали.
Әлемді мейірім пен махаббат құтқарады. Ғаламшарымызды зұлымдық жайлап кетуден қорғайтын басты құндылықтардың маңызын арттыру, артымыздан жақсылық дәнін себу әркез керек-ақ. Айналамызды нұрландырудың ең бір ізгі амалы да сол – өзгеге қуаныш сыйлау. Ең бастысы, материалдық тұрғыда емес, жүрекпен, шын көңілмен қуанта білу...
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы