Үндістан. Бұрын көрмеген жер, бейтаныс ел. Үндістан туралы тарихи деректерді ғана білеміз. Елі туралы айтылар аңыз да, әңгіме де көп. Сапарға шығар алдында интернеттен біраз мағлұмат қарағанбыз. Көпшілігі бейтаныс елдің тіршілігін «қорқынышты» етіп суреттейді. Көңілде алаң болса да, тәуекел деп жолға шықтық.
Мәрмәрдан соғылған арман
1,631
оқылды

Ұшақ билеті Алматы–Дели ба­ғы­ты болғанымен, мақ­сат – Аграға бару. Әлемге әй­­­гі­лі Тәж Маһалды кө­реміз деп жос­пар­лағанбыз. Ұша­­ғымыз түн­гі бірде Дели әуе­жайы­на қон­ды. Біздің Аг­ра­ға баратын пойы­зы­­мыздың уа­қыты – таңғы жетіде. Амалсыз, әуежайда таңды атырдық. Көлік ша­­қырып, теміржол вокзалына жет­­тік. Вокзалда ию-қию тіршілік бас­­талып кеткен, таңғы алты бол­са да, қарақұрым халық көп. Ер­сілі-қарсылы пойыздар жүріп жа­тыр. Өзімізден басқа туристі бай­­­­қамадық. Сосын пойызға оты­руға жүрексіндік те, Аграға баруға кө­лік жалдадық. 

Тәж Маһал – архитектураның шыңы

Аграның тынысы да, тірші­лі­гі де бөлек екен. Шағын қа­­ла бол­са да, мұнда бес миллион­нан ас­­там ха­­лық тұрады. Аграның артық­шы­­­лығы – тарихи ғимарат өте көп. Ең кереметі, әрине Тәж Маһал! Әлем­нің кереметі де­се, дегендей екен. Әппақ мәр­мәр­дан тұрғы­зыл­ған мұндай ға­жап кесенені ес­ті­ге­ні­міз болма­са, көрген емеспіз. Алыс­тан қара­ған­ның өзінде аппақ мәрмәр жарқырап тұр. Ғажаптығы сөзсіз! Тіпті, айтуға тіл жетпейді. Су­рет десек те болады. Тірі ескерт­кіш. Кесене маңында туристер өте көп. Аграның тарихын көбірек бі­лейік деп арнайы гид жалдаған едік. Гид бізге Агра халқы туралы, қа­ладағы ескерткіш жайында, кө­не ғима-раттар мен тарихи орындар тура­лы біраз мағлұмат берді. 

Тәж Маһал XVII ғасырда тұрғызылған деседі. Ислам дәстүрі бойынша бәйшешек тұрған әсем бақты жердегі жұмақ дейді екен. Тәж Маһал – жап-жасыл бақ іші­­не тұрғызылған, сұлулығы мен си­п­аты мүлде бөлек ғажап ескерт­кіш. Кесененің төменгі қабатында атақты Шах Жаһан мен Мұмтаз Маһалдың (Бану-Бегім) қабірлері бар. Бастарына қымбат мәрмәрдан құл­пытас қойылған. 

Кесененің құрылысы 22 жылға со­зылған. Мәңгілік махаббат ны­шаны саналатын Тәж Маһал – әлем­нің жеті кереметінің бірі. Төрт құ­быласында төрт минареті, биік­тігі 74 метрлік бес күмбезі бар ақ мәр­мәрдан салынған кесене құры­лы­сына 20 мың ұста-зергер жұ­мылдырылған. Ол ұсталарды Орта Азия, Парсы, Таяу Шығыс ел­дерінен алдырған. Мәрмар ке­се­не­нің екі жағында екі мешіт тұр. Құ­быласында қызыл құмнан са­лын­ған мешіт болса, шығысында тұп-тура соның көшірмесі салын­ған. Онда қызметкерлер жататын бо­л­ған. Кесенеге симметриямен са­лынған екі үлкен қақпа арқылы кі­реді. Әдемі бассейндермен көм­керілген Тәж Маһал – архи­тек­тура­ның шыңы. 

Кесене тұтастай аппақ мәр­мәрдан тұрғызылған. Қа­быр­ға­ла­рын­дағы кесек мәрмәр­да­ғы ұсақ, аса шеберлікпен кес­­кін­­­дел­ген ор­таазиялық ою-өрнектер қолдан қа­шалып жасалған. Таң шапа­ғы­мен қызғылт түске, күндіз ақ шаң­қан, түнгі ай сәулесімен күміс түс­­ке боялатын мөлдір ақ мәрмәрді Аградан 400 шақырым жерден ал­дыр­ған. Ең кереметі – кіреберіс­тегі Құран сүрелері қара ақықтан, ал қабырғалардағы әшекейлер мен гүл­дер қызғылт ақық, малахит, жақұт, нифриттен жасалып, мәр­мәр тастың ішіне ойып салынған. Әлемдегі ең қымбат алмас тас «Кох-и-Нұр» осы мазарда тұрған, кейін оны ағылшындар алып ке­тіп­ті. Қазір ол қымбат тас Лон­дон­да сақтаулы деседі. 

Тәж Маһал алдындағы бақтан қа­зақтың көрнекті жазушысы Орал­­хан Бөкей отырған орын­дық­ты іздедік. Орағаң өмірінің соңғы са­наулы сағаттарын Үнді­с- танда өт­кізгенін білеміз. Орағаңның ең соң­ғы суреті де Тәж Маһалда түсі­ріл­ген. Ол кісі отырған әйгілі орын­дықты із­деуі­міздің де себебі осы еді. Ұмыт­пасақ, Орағаң бас­та­ған делегация 1993 жылдың мамыр айын­да келді. Одан бері 31 жыл өтіпті. 31 жылда жап-жасыл бақ та өзгеріп, ағаштар биіктей түскен. Ж­а­санды көлшік те кеңейіп, есік ал­дында субұрқақ жүргізіпті. Су­бұр­қақтың екі қа­тары жаяу жүр­гін­шілер үшін тро­туар қойылған. Біз барған күні де мұнда ығы-жығы адам, күніне 30-40 мыңға жуық ту­рист келеді екен. Арасында өз­бек, қырғыз, тә­жік ағайындарды да байқап қалдық. Қазақстаннан бар­ған туристерді де көзіміз шалып қал­ды. Әлемнің түкпір-түкпірінен ке­реметті көруге ағылғандардың қа­тарына шек жоқ. Ал әлгі әйгілі орын­дық... Өзгерген бе, орын­дық­тар қатары ауысқан ба, қанша із­де­сек те таба алмадық. Кіреберісте бас­қа орындықтар тұр. Ағылған ту­рист сол орындыққа жайғасып, су­ретке түсіп жатыр. Біз де көптен қа­лыспайық деп Орағаң секілді орын­дықта рәсімге түсіп алдық. 

Терезеге телмірген ғұмыр

Орағаң демекші, сол сапар ту­ралы белгілі публицист Нұр­төре Жүсіп «Асау жүрек аяғын ша­­лыс басқан» деген керемет эссе жа­риялап еді. Сол жазбасында: «Тәж Маһалдың сыртқы қабыр­ға­ла­рындағы аттылы кісінің бой же­­тер жердегі небір лағыл тастар ағыл­­шын, француз отарлау­шы­ла­ры­ның талан-таражына ұшыраған. Бә­рін ойып алып кет­кен. Айлы түнде осындай маржан тастар мың құ­бы­лады. Тәж Маһалдың айлы түн­дегі келбеті мүлде ғажап көрі­не­ді.

– Иттер-ай, – дейді Орағаң. – Біз­ді варвар дейді, өздерінің іс­те­­ген­дерін қараңдаршы... Мынан­дай ке­реметке қалай дәті барып, пы­шақ сұқты екен...

Кесененің акустикасы кере­мет. Үш қайтара айналып шық­тық. Бір кезде Орағаң зау­ла­тып Құран оқи жөнелді. Дауысы, мә­нері келіскен. Әсем ғимараттың тү­­бінде бәріміз естіп тұрмыз. Ора­ғаң­­ның сондағы үні... Мақамы сұм­­дық өзгеше еді...», – деп жазады. 

Туристер көп болған соң ке­се­нені бір рет қана айналып шықтық. Ке­сененің ішінде Шах Жаһан мен Мұм­таз Маһалдың қабіріне іштей Құ­ран бағыштадық. Бес-он минут аял­дау мүмкін емес. Артымызда ұзын-сонар кезек тұр. Кеш бат­қан­да кесене жабылып қалады. Оған дейін туристердің бәрі Тәж Маһал­ды көріп үлгеруі керек. 

Тәж Маһал 22 жыл бойы са­лын­ғанын айттық. Есік алдындағы екі үлкен қақпада 22 мұнара тұр. Әр жыл сайын бір мұнара тұр­ғы­зыл­ған. Кесене ішінде 22 баспалдақ бар. Гидтен 22 санының мәнін сұ­ра­­­ғанымызда, «Құранның 22-ші ая­тына байланысты 22 санын ырым­дап алған», – деп жауап қайыр­ды. 

Кесенені салдырған Шах Жа­һан – әйгілі Бабырдың немересі, Ақ­бардың ұлы. Оның Мұмтаз Маһал деген сүйікті әйелі болған. Кей аңыздарда патшаның сүйген жарын қаскүнемдер улап өлтірген деп айтады. Ал кесененің алдын­да­ғы жазбада Мұмтаздың 13 құрсақ кө­теріп, 14-ші сәбиінде қайтыс бол­ғанын айтады. Шах Жаһан Мұм­таз өлгенде қатты қайғырып, қай­ғы-құсасын жеңілдеткен осы ескерткіш деседі. 

Патша Тәж Маһалды салған соң, соның іргесін жуып жатқан Жамуна өзенінің арғы бетінен тағы бір мазарды салуды жоспарлаған екен. Оның іргетасы әлі сақтаулы тұр. Қара мәрмәрдан салынатын тұп-тура Тәж Маһалдың көшір­ме­сіне өзі жерленуі тиіс болатын. Жа­муна өзенінің екі жағасында жат­қан қос мазарды жалғас­ты­ра­тын көпір салу да жоспарланған. Алай­да патшаның ол арманы орын­далмады. 

Ақ мәрмәрдың жанында қара мәрмәр. Ақ пен қараның үйлесуі. Көз алдыңызға елестетіңізші. Жа­му­на өзенінің екі бетінде бір-біріне қара­ма-қарсы екі Тәж Маһал тұр. Бірі – аппақ, екіншісі – қара. Екі ор­та­да ақ көпір... Ғажап емес пе?! Ға­жап!

Шах Жаһанның ұлы әкесін тақ­тан тайдырып, темір торға қа­мап қояды. Қызыл бекіністегі те­мір тордан Тәж Маһал мұнарасы бұлдырап қана көрінеді екен. Тақ­қа ие болған баласы әкесіне тере­зе­ден телміріп отыруға ғана рұқсат берген. Осылайша, патша өмірінің соңғы сегіз жылын осында өткіз­ген. Шах Жаһан баласынан бір ға­на нәрсені өтініпті: «Мені өлген соң Мұмтаз Маһалдың жанына жер­леңдер».

Тахауидің Үндістан сапары

1970 жылдары Үндістанға қа­зақ­тың белгілі жазушысы Тахауи Ах­танов та барған екен. Жазушы са­парынан «Үндістан хикаяты» ту­ды. Ол кезде КСРО-ның дүріл­деп тұрған кезі. Кез келген шетел­дік сапарға шешімді Мәскеу бере­тін. Тахауи Ахтанов бастаған жа­зу­­­шылар Мәскеу арқылы виза алып, Үндістанның бірқатар қала­сын аралаған. Дели, Агра, Ка­ль­кутта, Бомбей (қазір Мумбай)...

Бізге керегі Агра сапары екені бел­­­­гілі. Жазушы 1970 жылдары Тәж Маһал жайында не жазды екен деп хикаятқа үңілгенбіз. 

«Былай қарасаң, осында ай­тарлықтай ешнәрсе жоқ. Бәрі шы­ғыс архитектурасына белгілі элементтер. Қайта осында әшекей-ай­шыққа кәдімгідей сараңдық жасаған. Сонда осыншама жарас­тық пен сұлулықтың сыры қайда? Мұнаралар, күмбездер, жоғарғы жағы күмбезделіп келетін үйрен­шікті қақпа, соған ұйқас ойылған лоджия терезелер, ою, өрнек, аз ғана гүл бедері. Архитектураның әб­ден жаттанды жауыр болған де­тальдары. Осындай аз ғана дү­ние­ден мынадай керемет жасау... Жоқ, бұл анау-мынау шебердің қолынан келер іс емес, бұл – нағыз сиқыр­шы­ның, ұлы сиқыршы, ұлы сурет­кердің ісі. Тәж Маһалдың сиқыры көп, тереңдеп танысқан сайын таң­дайыңды қақтырып, тамсан­дыра береді.

– Тәж Маһал – үлкен құры-лыс, – дейді Шарма. – Өз зама­нын­да мұндай алып құрылыс бол­маған. Мұның етегінен күмбе­зі­не дейін биіктігі жетпіс тоғыз метр. Яғни, қазіргі жиырма бес қа­бат үйден биігірек. 

Мәссаған... Мынау жұ­мырт­­қа­дай аппақ сарай сон­шама зор болғаны ма? Мына сұлулық мыңдаған тонна тас бол­ғаны ма? Жоқ, жоқ... Мен оған се­не алмаймын. Сонша үлкен, сон­ша ауыр дүние мынадай сұлу бол­майды. Сұлулық сипаты – жеңіл­дік пен ұшқырлық емес пе? Әне­кей, бүкіл дене бітімі бауыры­нан жараған бедеудей әсем де си­дам, аққудың мамығынан соқ­қан ақ сарай аспанға қалқып кетейін деп тұр...». 

Үндістан сапарынан осындай ға­ламат хикаят туды. Үндістан ту­ралы Әнуар Әлімжанов «Оты­рар­дан жеткен сый» повесін жазды. Әйгілі Орағаң да Тәж Маһал ес­керт­­кішінің түбінде заулатып Құ­ран оқыған. 

Біз, үш тілші, яғни Ботагөз Марат­қызы, Жадыра Мүсі­лім үшеуміз бабаларымыздың ізі қалған мекенге осылай тәу етіп қайт­тық. Ағылшын суретшісі, ақын Эдвард Лирдің: «Адамдар екі түрге бөлінеді: Тәж Маһалды көр­гендер және көрмегендер» деген сөзі бар екен. Біз де енді Тәж Маһал­ды көрдік деп сеніммен айта ала­мыз. Аппақ арман, аппақ мәр­мәр бізді де еріксіз айрықша сезім­ге бөледі. Біз бұл мәрмәрдан со­ғыл­ған ғажап ескерткішті өмір бақи ұмыт­пайтынымыз хақ. 

Аграға барған бір блогер қыз­дың мынадай жазбасын көзіміз шал­ды: «Сонша сүйіспеншілікке бө­леп, мынадай ғажап ескерткіш ту­ғызатындай, не істедің екен, Мұмт­аз!» 

Гүлзина БЕКТАС,

Алматы–Дели–Агра–Алматы