Көрермендерге ұлттық мейрамның әсемдігі мен ұлылығын бейнелейтін вокалдық туындыларға толы бағдарлама аясында хорват, орыс және тәжік сынды түрлі ұлт вокалистерінің ұлттық әндері ұсынылмақ.
– Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары атқарған концерттердің көбі батыс еуропа композиторларының туындыларын қамтыған болатын. Тыңдаушылардың осы жолғы курсымен, біз, сондай-ақ қазақ музыкасы бөлімін белсенді үйреніп жатырмыз. Бұл концертте мәдениетіміздің байлығын көрсеткіміз келеді, сондықтан біз барлығымыз ұлттық киіммен өнер көрсетеміз және сахнаны да осындай керемет стильде безендіреміз. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Ерекше форматта өтетін концерт халық композиторларының жүректен шыққан әсем әндері бірінен соң бірі төгілетін тойды еске түсіретін болады. Академияның шетелдік тыңдаушылары қазақ туындыларын орындайды. Бұл оларға біздің халқымызды жақынырақ тануға және оның салт-дәстүрін бағалауға мүмкіндік береді. Өйткені мәдениет – кез келген мемлекеттің төл белгісі, – деді Astana Opera Халықаралық опера академиясының атқарушы директоры Айсұлу Тәни.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Наурыз жыры шырқалатын «Наурыз – көктем» концерті – жаңару мен гүлденуді бейнелейтін жалпыхалықтық мейрамды мерекелеудегі мәдениеттер мен дәстүрлерді біріктірудің өзіндік бір нышанына айналмақ.