Мемлекет басшысының ұсы­нысымен қабылданған Наурызнама онкүндігі аясында бүгін Түркістан қаласынының «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесіне орай «Төрлет, Наурыз, төріме!» тақырыбымен Түркістан және Жамбыл облыстары ақындарының қатысуымен республикалық командалық ақындар айтысы өтті.
Командалық айтыстың көрігі қызды
1,049
оқылды

«AMANAT» партиясының бас­тамасымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткен дәстүрлі өнер додасын Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы, Түркістан облысының Мәдениет және туризм басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Өнер сайысын елімізге белгілі айтыскер ақын, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Дүйсенбайұлы Әлтай ашып, Түркістан жұртшылығын жыл басы мерекесімен құттықтады. Көктем Түркістаннан бастауын алатынын айта отырып, рухани төріміздің тарихи және мәдени орнын айрықша айшықтады. «Ата тарихымыздың алтын тамыры Түркістан төріне бес өнердің басын қосып, қазақ өнерін жәрменкесін өт­кізуге келіп отырмыз», – деді.

Қос өңірдің дүлдүлдеріне ақеділ пейілін Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы жеткізіп, рухани астанамыздан бастау алатын Наурыз думанды ежелден еншілес болып қоныс тепкен өңірлердің айтыс дәстүрімен жалғастыруды ұсынғанын айтты.

Жыршылар сайысы бойынша бақ сынаған Аязбек Рүстемов пен Бекарыс Қошбаевқа, күй тартыс көрсеткен Жандос Құлымбетов пен Дидар Басықараевқа, дәстүрлі ән орындаушылық шеберлігі бойынша Мағжан Әлденбаев пен Мерей Әбуеваға, терме орындау бойынша Руслан Ақынбеков пен Маралбек Бабақұлға әрқайсысына 250 мың теңгенің сыйлығы тағайындалды.

Қазылар алқасының шешімімен сәл басымдықпен Түркістан облысының жыр дүлдүлдері командалық айтыстың келесі айналымына жолдама алды. Жеңімпаз командаға келесі айналымға жолдама сертификатын Түркістан об­лысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев табыстады. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төра­ғасы Алтынсары Үмбетәлиев Жамбыл облы­сы ақындарының өнеріне алғысын білдіре отырып, Түркістанның қасиетіне баланған Тайқазан естелік сыйлығын тарту етті.

Партия бастамашыл болған рес­пуб­лика өңірлері арасындағы топ­тық сайыстың бірінші кезеңі 20 ко­ман­да­ның қатысуымен өтіп, олардың қоры­тындысымен үздік 10 команда анық­­талады. Екінші кезеңде 10 команда­ның ішінен 4 мықты команда үшінші кезең­ге жолдама алады. Үшінші кезеңде анық­талған 2 команда 2025 жылы Аста­на қаласында өтетін ақтық сайысқа қатысады. Байқау шарты бойынша айтысқа әр командадан төрт айтыс ақыны, бір термеші, бір жыршы, бір дәстүрлі әнші, бір күйші қатысады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы