Жетісу облысында Наурызнаманың әр күні өзіндік ерекшелігімен, айрықша мән-мағынасымен, өзгеше сән-салтанатымен аталып өтіп жатыр.
Бір мезетте 50 баланың тұсауы кесілді
516
оқылды

Бұрынғыларға ұқсамайтын биылғы наурыз тойының кезекті Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында бір мезетте 50 сәбидің тұсауы кесілді.

Қазақы салт-дәстүрге орай өмір­леріндегі алғашқы қадамын басуға тал­пынған шыбықтардың тұсауын өңірдегі ардагерлер, мәдениет, өнер, әдебиет және журналистика саласының қайраткерлері, атақты спортшылар, білік­ті дәрігерлер мен ұстаздар, мемле­кеттік қызметшілер және тағы да басқа есімдер көпке танымал беделді аза­маттар кесті. Облыс әкімінің өзі де арнайы келіп, қатысқан шарапатты шара осындай ауқымда елімізде алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, Қазақ­станның рекордтар кітабына енгізілді. 

Ұлттық дәстүрімізге сай ізгілікті ша­рада бірінші кезекте алдымен бүл­дір­шіндерге бата берілді. Айрықша рә­сімге арнайы келген «КИнЭС» Ре­корд­тарды тіркеу департаментінің ди­ректоры Бақытжан Тастүлеков елімізде осындай ауқымдағы тұсау­кесер алғаш рет өткізіліп отырғанын ерекше атай келе: «Осыған орай 50 баланың бір мезетте бірдей тұсаукесері өткізілгені жайлы деректің Қазақ­станның рекорд­тар кітабына енгізіл­генін растайтын сертификат табыстай­мын. Балалардың жолы ашық болсын!» деп тілегін айтып, облыстық Қоғамдық даму басқарма­сына арнайы серти­фикат­пен бірге Қазақстанның рекорд­тар кітабының соңғы шығарылымын сыйға тартты. 

Наурызнаманың осынау атаулы күні алғашқы тәй-тәй қадамын жасаған балалардың арасында талдықорғандық ұстаздар отбасы Нұржан Қамиев пен Гүлнұр Дәуренбекованың да кішкентай сәбиі бар екен.

– Бір жасар баламызды бүгін осы айтулы шараға арнайы алып келдік. Екі қыздан кейін дүниеге келген ұлымызға Мұрагер деген есімді қойғанбыз. Мұра­геріміз Талдықорған қаласындағы №14 балабақшаның «Балапан» тобына ба­рып жүр. Наурыздың онкүндігі аясында осынау аса үлкен ауқымдағы тұсау­кесерде сәбиіміздің өмірге алғаш қадам жасағанын жақсылыққа балап отыр­мыз. Ұлымыздың алдағы жолы ашық, болашағы жарқын болады деп сенеміз. Наурызды осылай он күн бойы ұлттық мазмұнда атап өту бастамасын қолдай­мыз. Барша жұртшылықты Наурыз мерекесінен шын жүректен құттық­таймыз, – дейді қуаныштан толқыған ата-ана.

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы