Олар лауазымды тұлғаға 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара бермек болған.
Қазақстан арқылы Ресейге заңсыз өтпек болған ауғанстандықтар ұсталды
Фото: ҚР ҰҚК Шекара қызметі
306
оқылды

ҰҚК Шекара қызметі «Алматы» шекаралық бақылау басқармасы ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлесе отырып, прокуратура органдарының үйлестіруімен Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстан азаматтарының Ресейге және одан әрі Еуропа елдеріне заңсыз көші-қон арнасының жолын кесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәліметінше, биыл 16 наурызда лауазымды тұлғаға 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара беру әрекеті кезінде Ауғанстанның 4 азаматы ұсталды.

Тергеу материалдарына сәйкес, бұл қаражат шетелдіктерді Испания мен Португалияның жалған төлқұжаттары бойынша Алматы қаласының халықаралық әуежайы арқылы тасымалдауды ұйымдастыруға арналған.

Қылмыстық кодекстің 394-бабының 1-бөлігінде және 367-бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

«Соттың санкциясымен ұсталған адамдарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген баспасөз-баянында.