«Қанша ғасыр сән берген даламызға
Өзгеше бір әні едің байтақ елдің,
Сәлем, Наурыз! Сен біздің арамызға
Алпыс екі жылдан соң қайта келдің», – деп «Наурызға ода» атты өлеңінде ақын Мұхтар Шаханов Наурыз мерекесінің кең байтақ қазақ жеріне іле-шала күллі Орталық Азияға 62 жылғы үзілістен соң қайта оралуына осылай жүрегінен жыр төгілтіпті. Ұлыстың ұлы күні деп аталған, түбі бір түркі халықтарына ортақ, күн мен түннің теңеліп, табиғаттың да түр-тіні түрленер бұл мерекенің біздің еліміз үшін де маңызы зор, мәні ерекше. Дегенмен әлі күнге мереке төңірегінде түрлі пікірталас орын алып жататыны жасырын емес. Осы ретте, «Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлаймыз?», «Ұлттық идеологиямызға айналдыра аламыз ба?», «Жаңа заманға сай қалай жаңғыртамыз?» деген сияқты көптің көкейіндегі сауалдардың жауабын білу мақсатында тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев пен мәдениеттанушы Бердалы Оспанды әңгімеге тарттық.
ТІЛШІ: Әңгімемізді Наурыздың маңызы мен мәнін айтпастан бұрын мерекенің шығу тарихынан бастасақ. Бұл мереке қашаннан бері тойланып келеді?
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы: Наурыз өте ерте замандарда пайда болғанын жиі айтып келемін. Тарихта неолит деген дәуір бар, оны жаңа тас дәуірі деп те атаймыз, біздің заманымызға дейінгі 7-6 мыңжылдықтарды қамтиды. Наурыз мейрамы сол дәуірде пайда болды деп ойлаймын. Неге десеңіз, неолит дәуірінде адамзат өмірінде үлкен өзгерістер болды. Малды қолға үйретті, егіншілік дами бастады. Бұл – адамзат өмірін керемет байытқан, адамның өсуіне, маңайындағы жаратылысты тануына мүмкіндік берген революциялық жаңалықтар еді. Әрине, бұл жаңалықтар да оңайлықпен келген жоқ, мұны миллион жылдық палеолит дәуіріндегі дамудың нәтижесі деп түсінген абзал. Екіншіден, библиялық, інжіл аңыздарында Наурызды Нұқ пайғамбармен байланыстырды. Нұқ пайғамдардың заманы – көне заман, оны тарихшылар «топан су заманы» деп айтады. Соңғы топан су біздің заманымызға дейінгі 12-11 мыңжылдықтарда болған деп айтылады. Жаңағы айтқан неолит дәуіріне бұл да сәйкес келіп тұр. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе, «Кеме Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебінен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың календары ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ, Хамап қазір Тоқты аталады және мартқа сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Ханалдан» шығады. Еуразия халықтарының көпшілігінде жаңа санат (григориан) календары кіргенге дейін жыл басы Наурыз болды. Қалай болғанда да Нұқ пайғамбардың кемесі тура наурызда Қазығұртқа тоқтаған болып отыр. Осыдан кейін топан су қай заманда болған деген сұрақ туындауы заңды, қазіргі кешенді ғылыми-зерттеулер жер бетінде соңғы топан судың біздің жыл санауымызға дейінгі 12-13 мың жыл бұрын болғанын айтады. Наурыздың тарихын бергі заманнан іздеу – адамзаттың көне тарихын, жасампаздығын мойындамаудың көрінісі.
ТІЛШІ: Енді мейрамның атауына келейік. Бұған келгенде де зертеушілердің пікірі екіге жарылады. Наурыз сөзінің түпкі мағынасы қандай? Атауы парсыдан шыққаны рас па?
Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы: Шәкәрім Құдайбердіұлы Наурыз сөзін парсынікі дей келе, мағынасы «жаңа күн» деген сөз деп әрі қарай «Ескі қазақта жаңа жыл күнінің аты – Ұлыс. ...жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау:
Ұлыс күні қазан толса,
ол жылы ақ мол болар,
Ұлы кісіден бата алса,
сонда олжалы болар – деген тіпті ескі мақал» деп жазған.
«Ұлыс» сөзі шынында да көне сөз, оның байырғы мағынасы «Ұлы іс» болса керек. Халықты әбден қысқан суық маусымнан соң жеңілдік әкелген табиғаттың жаңаруын, тәңірінің ұлы ісі деп түсінгендіктен жаңа жылды ұлы істің бастамасы деп «Ұлы іс» атап, кейін бұл «Ұлыс» деген бір сөзге айналған.
Осы жерде қазақтың «Ұлыстың ұлы күні» сөзімен қатар неге парсының Наурыз атауы қолданылады деген сұрақтың туындауы орынды. Ақын Фирдаусидің «Шахнама» жырында байырғы заманда Жәмшид деген патша туралы баяндалады. Ол патшалық құрған кезде халық еш нәрседен тарықпай өмір сүрген екен. Қарны тоқ, киімі көк болған адамдар ешқашан ауырмай, бақытты өмір сүреді екен. Наурыз мерекесін де ойлап тапқан патша Жәмшид деседі. Ақын Фердауси өзінің «Шахнама» жырында Тұран мен Иран арасындағы қатынасты бейнелеген. Осындай жағдайда екі ел арасында түркілер мен парсылар мәдени қарым-қатынаста болып, сөздердің бір елден бір елге алмасуы әбден мүмкін.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы: «Наурыз» сөзі – алтай халықтарының тіліне, осындай үлкен тіл тобының бәріне қатысты сөз. Яғни, бұл сөз тілдік жүйелер бөлінбей, ажырамай тұрған кезде пайда болды. Бізде бұл сөз «науа + ырыс» мағынасында сақталған. Ал ирандықтар мен еуропалықтар бұл көне сөзді «жаңа», «нау», «нью» мағынасында түсіндіріп отыр. Қарап отырсаңыз, мұның да түбі неолит дәуіріне барады, ол кезде тілдердің арасы ажырамаған еді. Яғни, Наурызды парсы тіліне теліп жүргеніміз дұрыс емес. Өйткені парсылардың өзі біздің жерімізден қоныс аударған ариандар. Арий тайпасынан шығып, парсы қыраттарын жаулап алған. Содан ариан, иран аталып кетті. Бірақ негізінен олардың этногенезі бізге бөтен емес. Наурыз мейрамын бізде «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Түрік-моңғол тілдес елдер «ұлыс» деп мемлекетті айтады. Бұл ғажап ұғым, бұл кішкене ғана сөз тіркесі– Наурызды мемлекеттің ең басты мейрамы дегенді білдіреді. Қазақ халқының осындай керемет сөздерді сақтап қалғанына таң қаламын. «Ұлыстың ұлы күні» деген сөз қазақтың бұрын мемлекеті болмаған, ел болмаған деген секілді тағы да басқаша айтып жүргендердің бәрінің аузына құм құятын тарихи дерек емес пе?!
ТІЛШІ: Біздің қаламгерлердің жазбаларында бұл мереке қалай суреттеледі? Бердалы аға, мәдениеттанушы ретінде сіз айтсаңыз...
Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы: «Қыс кетіп, күн шырайы түзелген кезде тәңірі құдай ел тіршілігіне кеңшілік әкелді деп есептеледі. ...Ескі ауыртпалықтың барлығы қыспен бірге кетіп, енді жаңа үміт, жаңа тіршілік есігі ашылған күн». Бұл сөздерді көп жыл бұрын Мұхтар Әуезұлы «Сыршылдық салт өлеңдері» атты мақаласында жазған. Ұлы жазушы мақаласын былай деп бастапты: «Наурыз күншығыс халқының көбінің мейрамы болған. Солардың ішінде, әсіресе көшпелі түркілер арасында ең қадірлі, ең ұлы мейрам болып саналған».
«Дұрысында, қазақтың тамағы да, киімі де, үйі де, күйі де, көлігі де, отарбасы да, телеграфы да, телефоны да мал емес пе? Малсыз қазақтың күні бар ма? Сол малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып, қыс қандай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын шаруашыл, еңбекшіл қазақ қыстың өткеніне, жаздың жеткеніне қалайша өзгелерден артық қуанбасын, жаздың басы жаңа күн – Наурызды, қалайша мейрам етпесін». Бұл – қазақтың ардақты ұлы Міржақып Дулатұлының «Қош келдің, Наурыз!» атты мақаласында жазғаны.
Осы сөздерден көктемді қазақтың жаңа жылдың басы деп неге таңдағанын түсінуге болады. Қазақтар әлемнің табиғи жүйелілігін ежелден түйсінген ел. Ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы Наурыз мерекесі туралы былай деп жазған: «Жаңа жылымыз – ...шын мағынасында жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп, көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, демалып отырған кез. Ағаш шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез».
Ал Ұлы ақын Абайдың: «...Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, наурыздама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деген сөздері де бүгінге жетіп отыр.
ТІЛШІ: Жамбыл Омарұлы, Сіз Наурыз мейрамының тарихына шолу жасағаныңызда Нұқ пайғамбардың деректерін келтірдіңіз. Қоғамда Наурыз мейрамын діни мейрам деп санайтындар да жоқ емес. Бұған не дейсіздер?
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы: Діни мейрам дегені – желеу ғана. Бұл Кеңес үкіметінің ұлттық салт-дәстүрлермен күресінің жемісі. Этнографиялық зерттеулер жүргізіп, шежіре жинап жүргенімде қазақтың қариялары айтатын: «Үкімет 1926 жылы орнады, сол жылы ұлттық дәстүрлерге тыйымдар салынды». Соның бірі – Наурызды тыю. Қазақтың және өзге де түркі халықтарының жаңа жылын орыс жаңа жылына бейімдеу керек болды. Осылайша, 1926 жылға дейін қазақ халқы жаңа жылды Наурызда тойлап келіп, 1926 жылдан кейін күрт тыйылды. Наурызды тоқтату арқылы үлкенді сыйлау (мысалға бата алудың өзін айтуға болады), дастарқан мәзіріне мейлінше мән беру, киелілік сынды қазақтың өзге де құнды ұғымдарына үлкен соққы берілді деп есептеймін. Наурыздың қандай да бір дінге еш қатысы жоқ па? Наурыздың еш дінге, тіпті өте ежелгі діндерге де қатысы жоқ. Наурыз жаратылыстану түсініктерінен туындаған. Расында да, Наурыз – күн мен түннің теңелетін уақыты. Сол заманның есепшілері анықтаған табиғаттың ғажап бір заңдылығы, гармониясы. Сондықтан да, Наурыз туралы айтқанда діннен гөрі, көне замандағы ғылым-білім туралы, даналық туралы айтқанымыз жөн. Яғни, оны белгілі бір дінмен байланысты деп айтуға болмайды. Тіпті, әлемдегі ең көне дін саналатын Зороастризмнің өзі біздің дәуірімізге дейінгі 2 мыңжылдықта пайда болды. Ал Наурыздың тарихы кем дегенде б.з.д. 6-7 мыңжылдықтарға барады.
Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы: «Наурыз – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы. Наурыз қазақтың ұлы мейрамы болып кеткен. Құрбан айт, ораза айттардан гөрі дені де сау, қадірі де артық». Сұлтанбек Қожанұлы 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газеті бетінде «Наурыз туралы» мақаласында осылай деп жазыпты.Қазақтар ежелден жаңа жыл көктемнен бастау алады деп білген. Ислам дінін қабылдағаннан кейін де қазақтар жаңа жылды көктемде мерекелеуінен жаңылмаған. «Қазақ жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны – бір-бірімен көрісіп: «Жасың құтты болсын» – дейді». Бұл ақиық ақын Мағжан Жұмабайұлының 1927 жылы «Наурыз» мақаласында жазғаны. Сондықтан бұл мейрамды ешқандай діни мейрам деп санауға болмайды.
ТІЛШІ: «Өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз-Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еgеmеn Qazaqstan газетіне берген сұхбатында. Биыл Наурыз мейрамын жаңа форматта мерекелеу бекітіліп, жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі жарияланды. Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жіберілді. Сонымен қатар осы мерекеге орай халық 5 күн демалады. Жалпы, Наурызды қалай тойлау керек?
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы: Наурыздың қазіргі тойлануына көңілім толмайды. Наурызға деген жалпыхалықтық ынта-ықылас әлі де жоқ. Наурызға дайындықты ертерек бастау керек. Кемінде бір ай бұрын басталуы керек. Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазып кеткен деректер бар: ерте уақытта бәйбішелер жаздыгүні қарын-қарын май жинап, жент, құрт жинап «Наурызда ашамын» деп ырым қылады екен. Наурызға дейін женті тас қайрақтай болып қатып жатады. Қыстыгүні балалар мен немерелер «Апа, жент берші» деп сұраса, «Айналайын, Наурызға дейін шыдай тұр. Наурызда «Самарқанның көк тасы жібігенде» біздің жентіміз де жібиді. Сол кезде жерміз, қарынға қолды салармыз» деп ынтықтырып отырады екен. Бұл ынтықтырудың, Наурызды күттірудің астарында оған деген құрмет жатыр. Кез келген тойды халық қабылдамаса, сол ұлы күнге өз санасын дайындамаса, ол мейрам емес. Қазіргі Наурыз – әкімшілік тарапынан жасалған іс-шара сияқты. Әйтеуір уақыты жеткенде апыл-ғұпыл бірдеңе жасаған боламыз. Ал қазір Наурыз қазақтың дәстүр-салтын есіне түсіретін этнографиялық тойына айналып кеткені де рас. Әркім өзінің есінде қалғанын, білгенін істеп жүр. Біреулер келін түсіру ырымын жасайды, біреулер баланың тұсаукесерін өткізеді тағы сол сияқтылар. Осылайша, Наурыз жаңа жылдың басы, бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді. Менің ойымша, Наурыз біздің ұлттық жаңғыруымыздың, ұлт құндылықтарына көзқарасымыздың, ұлтжандылығымыздың көрсеткіші болуы керек. Солтүстіктегі кей өңірлер ауа райының суықтығынан, Наурыз мерекесін сәуір, мамыр айларына қалдырып жүр… Наурызды кейінге қалдырумен өз басым келіспеймін. Жаңа жылды да (31 желтоқсан) қыс ортасында күн суық деп кейінге қалдырмай-ақ өткізіп жүрміз. Сонда Наурызды тойлай алмаймыз ба? Табиғаттың кесімді уақытын, мыңдаған, он мыңдаған жылдар бойы тойланған күнтізбелік келіскен мейрамды облыс деңгейіндегі әкімдердің шешімімен бұзу тіпті ақылға қонбайтын іс.
Наурызға қатысты мейрамдардың, дәстүрлердің көпшілігі әлі орындалмай келеді. Бұл – этнографтардың және көп нәрсені құлаққа ілмейтін қоғамның кінәсі. Бәріміз қосылып, Наурызды шын мәнінде жалпы халықтық мейрам есебінде жаңғыртуымыз керек. Соңғы кезде қазақстандық сәйкестікті қалай қалыптастырамыз деген сияқты сұрақтар көтеріліп жүр. Наурыз – сол мемлекеттік бірегейлікті (идентичность) қалыптастыратын ең мықты тетіктердің бірі.
ТІЛШІ: Уақыттарыңызды бөліп, сұхбат бергендеріңіз үшін алғыс білдіреміз.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Наурызбек САРША