Еліміздің сейсмологтері жер сілкінісін тіркеді.
Қазақстанда тағы да жер сілкінісі тіркелді
pixabay
23,883
оқылды

20 наурызда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің "Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы" ЖШС сейсмикалық стансалар желісімен жаңа жер сілкінісі тіркелді, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.

Жер сілкінісі сағат  20.21-де тіркелген. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 261 шақырым жерде, Қытай аумағында орналасқан.

"Жер сілкінісінің энергетикалық класы 10.0. магнитудасы MPV 4.6. Эпицентрдің координаттары 41.10° с.е. 78.32° ш.б. тереңдігі – 10 шақырым. Сезгіштік туралы мәліметтер (МЅК-64 шкаласы бойынша): Қазақстан аумағында сезілмейді", – делінген хабарламада.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаевты қабылдап, қандай шаралардың қолға алынып жатқанын сұрады.

Оның айтуынша, былтыр қала аумағында орналасқан 16 сейсмикалық стансаның 11-не 527 миллион теңгеге құрал-жабдық сатып алынған. Оған қоса, 2021-2023 жылдарға арналған мақсатты қаржыландыру бағдарламасының нәтижесінде 25 бақылау пункті ашылыпты. Ал халықаралық ынтымақтастық аясында 10 жаңа станса ішінара жаңғыртылып, 6 жаңа станса пайдалануға берілген.

Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздік халықты қорғау деңгейіне, экономикалық нысандар мен қоршаған ортаның жай-күйіне әсер ететін ұлттық қауіпсіздіктің негізгі факторы саналатынын айтты. Президент ерте құлақтандыратын озық жүйе енгізуге және сейсмологтердің біліктілігін арттыруға қатысты бірнеше мәселеге назар аударып, ғылыми орталыққа жер сілкінісін болжаудың ғылыми әдістерін қолдану және енгізу жөнінде маңызды міндет жүктелетінін сөз етті.