Астана қаласындағы Жекпе-жек сарайында Maqsut Narikbayev University өзінің 30 жылдығына орай салтанатты іс-шара өткізді.
Жетекші жоғары оқу орны 30 жылдық мерейтойын атап өтті
2,877
оқылды

Бұл маңызды оқиға университеттің бұрынғы және қазіргі профессорларын, оқытушыларын, түлектерін және қызметкерлерін біріктірді. Аталған мерекелік іс-шараға 5 мыңнан астам қонақ қатысты. Ал кештің хедлайнерлері қазақстандық эстрада жұлдыздары Raim және Кalifarniya болды.

 

Сондай-ақ кеш бағдарламасы аясында  университет туының ашылу рәсімі өтті. Тудың ауданы 850 шаршы метрді құрады, аталған атрибут университеттің білім беру және қоғамдық кеңістіктегі күші мен маңыздылығын көрсетті.

Іс-шара аясында мектептер арасында жарыстық дода өткізілді.  Бұл сайыста университеттегі төрт мектеп және әкімшілік-басқару персоналы «Университетті үздік құттықтау» атағы үшін өзара таласты. Аталған доданың жүлде қоры 5 000 000 теңгені құрады.

 

Бүгін біз университетіміздің 30 жылдық мерейтойына  орайластырған өте маңызды оқиғаға жиналдық. 30 жыл өте аз сияқты көрінгенімен, біздің қызметкерлер, оқытушылар және түлектеріміздің арқасында университетіміз елеулі нәтижеге жетіп, үлкен жолдан өттік. Өздеріңіз білетіндей, біздің басты миссиямыз – ел мүддесіне қызмет ету. Осы орайда аталған қағидатымызды орындау үшін қажырлы еңбек еткен әрбір MNU мүшесіне шын жүректен алғысымды білдіремін», – деді басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев. 

 

Айта кету керек, қатысушылар бұл шараға үш ай бойы дайындалған. Университетті үздік құттықтау байқауында Жоғары құқық мектебі жеңіске жетті. Студенттер мен оқытушылардың бірлесе ұсынған шығармашылық өнерлері қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. 

 

Maqsut Narikbayev University тарихы 1994 жылы 14 наурыздан бастау алады. Осы уақыт ішінде университет өз миссиясына сай, яғни Қазақстан халқына қызмет етуді басты қағидаты санайтын 40 мыңға жуық білікті мамандар дайындап шығарды. Maqsut Narikbayev University Қазақстанда білім берудің халықаралық деңгейін ұсына отырып, еліміздің университеттері арасында көш бастап тұр. 30 жыл ішінде университет бірнеше ірі жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда,  ТМД-да бірінші болып QAA аккредитациясына ие болды, ACCA, CFA, CIMA, TOLES сертификаттарын алды, сондай-ақ BIG4-те жұмыспен қамту бойынша үздік топ-5 университет құрамына енді. Сонымен бірге университеттің білім беру бағдарламаларының көпшілігі FIBAA халықаралық агенттігімен аккредиттелген.