Кәсіби мамандар үшін технологиялық алпауыттардың таласып жатқаны тура, тіпті олардың басшылары мықты инженерлерге жеке поштасына хат жаза бастағаны туралы businessinsider.com сайты хабарлады. Осы материалдың негізінде Aikyn.kz Цукерберг қандай зерттеушілерді іздеп жатқанын түсіндіреді.
Meta-ның бас директоры ЖИ жарысынан қалғысы келмейді. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Josh Edelson
Марк Цукерберг ЖИ зерттеушілеріне оларды жұмысқа шақырып, жеке электронды хаттар жаза бастаған. Ондай хаттар бұрын DeepMind Technologies деп аталған 2010 жылы құрылған британдық компанияның жетекші қызметкерлеріне жолданған. Жасанды интеллект жүйелерімен айналысатын бұл компанияны Google 2014 жылы сатып алған, қазіргі атауы Google DeepMind.
Марк Цукерберг Meta-ның жасанды интеллект жүйелерімен айналысатын құрылымын күшейту мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасай бастады. Ол Google DeepMind-тің жасанды интеллект зерттеушілерін жеке электронды пошталарын хат жазып, өзі ұсынатын жалақы көлемімен қызықтыруы әбден мүмкін. Тараған хабарламаға сәйкес, Мета мұндай үміткерлерді байқаусыз, алдын ала сұхбат жүргізбей-ақ бірден жұмысқа алуды ұсынуда.
Цукерберг білікті инженерлерді жұмысқа шақырып, оларға жеке хаттар жолдауда. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: MTStock Studio
Meta бас директоры Марк Цукерберг жасанды интеллект бойынша білікті инженерлерді табу, оларды жұмысқа шақыру және жұмысқа алу бойынша барлық мүмкіндіктерді қолдануда.
Meta басқарушысы Google DeepMind-тен жасанды интеллект зерттеушілерін электронды пошта арқылы жеке өзі жазған хаттар жолдап жұмысқа алғаны туралы дүйсенбі күні (25 наурыз) The Information жазды. Бұл жаңалықты Цукербергтің жеке хабарламаларын көрген екі адам растаған.
Атын атамаған бір адам The Information басылымына Цукерберг оларға ЖИ-дің Мета үшін қаншалықты маңызды екені туралы жазғанын және олар бұл адамды Метаға жұмысқа шақырып, өздерінің командасына қосылатынына үміттенетінін айтқан.
Және бұл жай ғана электронды пошта арқылы жіберілген хат емес. The Information мәліметінше, Meta үміткерлерге ешқандай байқаудан өтпей-ақ, бірден сұхбатсыз жұмысқа тұруды ұсынады. Компания сонымен қатар осындай сырттан, басқа бәсекелес ортадан келген қызметкерлерге жоғары жалақы бермеу саясатынан бас тарта бастағанын да The Information хабарлаған.
Қымбат Nvidia H100 графикалық процессорлары осындай. Фото ixbt.com сайтынан алынды.
Мeta-ның жұмысқа жалдау бойынша мұндай агрессивті әрекеттері Цукербергтің өз компаниясын жасанды интеллект жарысындағы басым ойыншыға айналдыру стратегиясының бір бөлігі болып бағалануда.
Қаңтар айында Цукерберг The Verge-ге берген сұхбатында Meta 2024 жылдың соңына дейін 340 000-нан астам Nvidia H100 графикалық процессорларын сатып алатынын айтқан еді.
2022 жылы алғаш нарыққа шығарылған бұл чиптер ЖИ жүйелерінде қолданылады және әлемдегі ең үздік саналады. Бір процессордың нарықтағы бағасы 25 000-30 000 доллар болса, онда Цукерберг 10 млрд долларды тек графикалық процессорлар сатып алуға жұмсамақшы.
Nvidia H100 сияқты чиптер компанияларға жасанды интеллект үлгілерін үйрету және енгізу үшін керек. Сондықтан технологиялық компаниялар арасында мұндай тауарға тапсырыс бірнеше айға созылады.
«Біз мұны кез келген басқа компанияға қарағанда үлкен ауқымда жасау мүмкіндігін қарастырдық. Менің ойымша, көптеген адамдар мұны бағаламауы мүмкін», – дейді Цукерберг The Verge басылымына.
Мета OpenAI сияқты бәсекелестерден ерекшеленуге күш салуда. Компания жасанды интеллекті дамытуға ашық кодты қолдану әдісін қолдайды. Шілде айында Meta Llama 2, жасанды интеллектің ашық кодпен жасалған үлгісін шығарды.
«Инвестициялық басымдықтарға келетін болсақ, жасанды интеллект 2024 жылы инженерияда да, есептеулерде де инвестициялаудың ең үлкен саласы болады», – деп Цукербергтің былтырғы инвесторлардың конференциясында мәлімдегені белгілі.
Осыдан кейін ЖИ саласындағы бәсеке жыл өткен сайын күшейіп, көптеген компанияларды өзінің шеңберіне қосатын болады деп ойлаймыз. Әзірше, Meta компаниясы мен оның басшысы миллиардер Марк Цукерберг төбелеске дайын екені анықталды.