Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясының мүшесі, депутат Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.
Әрбір делдал жылына кемінде 1 миллиард теңге таза пайда көреді – Еділ Жаңбыршин
1,004
оқылды

«AMANAT» партиясы өз сайлауалды бағдарламасында Ескі Қазақстанның жүйесі болған барлық деңгейдегі делдалдарды жоюды іске асыруды негізге алып отыр. 

Депутаттың айтуынша, осыған дейін аманаттықтар, газ және теміржол саласындағы «прокладка» ұйымдарды реттесе, енді электр энергетикасы саласында тәртіп орнататыны анық.

Өйткені сайлаушыларымызбен кездескенде электр энергиясының тарифтерін негізсіз көтеріп отырған, ел аузында «ЭСО» деп аталып кеткен – энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тыйым салу керегін айтқан еді. 

Осыдан 20 жыл бұрын либерализация және электр энергиясының бөлшек сауда нарығында бәсекелестікті енгізу аясында – энергиямен жабдықтаушы ұйымдар пайда болды. Олар нарықта электр қуатын көтерме бағамен сатып алып және тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын компаниялар немесе жеке кәсіпкерлер. Бір сөзбен айтқанда дистрибьюторлық қызмет атқаратын делдалдар.

Қазіргі таңда бұл ұйымдардың реттелетін және реттелмейтін екі түрі нарықта жұмыс істеп отыр. Реттелетін ұйымдар тұрғындарға, заңды тұлғаларға және бюджеттік ұйымдарға қызмет көрсетуде және мемлекет тарапынан олардың операциялық шығындары ескеріліп, жабдықтау тарифінің орташа бағасы 1 кВт сағатқа 1 теңге жобасында бекітіліп отыр. 

Ал реттелмейтін ұйымдар, тарифтерін өздері белгілейді, яғни оларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ»! 

Ұлттық оператор – KEGOC-тың мәліметі бойынша еліміздің тұтынушыларына жіберілетін электр энергияның 18 пайызы жүздеген тарифі реттелмейтін ЭСО-лар арқылы сатылып отыр. Яғни, делдалдар арқылы миллиардтаған қаржы өтеді. 

Біздің болжамды есебіміз бойынша әрбір делдал жылына кемінде 1 миллиард теңге таза пайда көреді екен. 120-дан астам реттелмейтін ЭСО-лардың бір жылдық таза табысы кемі 150 миллиард теңге болады. Бұл әзірше болжам цифрлар, нақтысын ешкім білмейді. 

Өйткені бұлар ешкімге есеп бермейтін, тек делдалдық қызмет арқылы, кеңседегі азғантай ғана қызметкерлерімен, халықтың адал табысынан миллиардтап қаржы тауып отыр. Сорақысы, бұл ұйымдардың балансында бір метр электр желісі, тіпті электр бағаны мен трансформаторы жоқ. Бұл не деген батпан құйрық?!

Егер де, бюджеттік ұйымдарды, адал кәсіпкерлерді, ең бастысы халықты сүлікше сорып отырған, қанағатсыз делдалдардың қызметі дәл осылай жалғаса беретін болса, бұның түбі қоғамда саяси-әлеуметтік шиеленіске әкелуі әбден мүмкін.

Себебі, біріншіден, делдалдар тарифті негізсіз көтеруді жалғастыра береді және суперпайда табады. Мысалы, кейбір өңірлерде делдалдардың тарифіндегі таза пайда бір кВт сағат үшін 25 теңгеге жеткен. Ал, Қазақстандағы ең ірі Екібастұз 1-ші электр станциясының 1 кВт сағат электр энергиясын өндіру тарифі 8 теңге болады. Делдалдар ештеңе өндірмей-ақ станциялармен салыстырғанда кемі 3 есе пайда көріп отыр. 

Қынжылтатыны, сол таза табыстарынан энергетика саласына бір тиын да инвестиция салмаған. Тіпті бірде-бір есептегіш құралды орнатпаған. Мақсаты – тек қана қалтаны томпайту, пайда табу.

Екіншіден, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алу заңынан реттелетін электр жабдықтаушы ұйымдардың бір көзден келісімшарт жасау нормасы алынып тасталуы себебінен, реттелмейтін делдалдар бағаны демпинг жасап, заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарды өздеріне тартып ала бастады. 

Соның салдарынан бюджеттік ұйымдар арқылы субсидияланып отырған тұрғындардың электр тарифі көтерілді. Баға өсті.

Үшіншіден, делдалдардың артында шетелдік және шетелде тұратын қазақстандық олигархтардың тұрғанын білеміз. Осы ретте, ЭСО-лардың таза пайдасы олигополиялық топпен шетелге шығарылып жатқаны тағы бар.

Оған нақты дәлел, өткен жылдың аяғында «Ratel.kz» ақпараттық порталы қазақстандық делдал компанияның көрші елдің энергетика саласына 2,3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салатыны жайлы мәліметпен бөлісті. Бұл дегеніміз елде тапқан табысты актив ретінде шетелге шығарумен пара-пар.

Ал мұндай, қаржы иелері тапқан капиталдарын мемлекетке қауіп төндіру бағытында пайдаланбайтынына кім кепіл?!

Дегенмен, біз Мәжілісте олигарх топтардың делдалдық ұйымдарының ашық қарсылығына қарамастан, «прокладка» ұйымдарды жою бойынша нақты заң нормасын дайындап, енгіздік. 

Делдалдардың артындағы олигархтардың әлеуетін және олардың биліктегі байланыстарын ескере отырып, Үкімет тез арада келесі нақты шешімдерді қабылдауы қажет: 

– делдал ұйымдарды нарықтан толықтай алып тастау;

– электр энергетика нарығында делдалдарсыз жаңа құрылымға өту тәртібін әзірлеу;

– тұтынушылар үшін ашық және әділ тарифтерді қамтамасыз ету және оларды қатаң бақылауға алу.

Былтыр шілде айында энергетика нарығында арнайы бірыңғай сатып алу моделі енгізіліп, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметі онсыз да мағынасын толығымен жойды. Ендігі кезекті осы мәселені Мәжілісте заңмен бекітіп, ал Үкімет нақты іске асырушы механизмдерді жасақтап, орындауы тиіс.