Бүгін партияның облыстық филиалы қызметкерлері біркүндік жалақыларын аударды.
«АMANAT» партиясы су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтті
589
оқылды

Батыс Қазақстан облысындағы «АMANAT» партиясы бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен мүшелері, партия белсенділері су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына көмек көрсетіп жатыр.

Бүгін партияның облыстық филиалы қызметкерлері біркүндік жалақыларын аударды. Игі істен облыстық, қалалық мәслихат депутаттары да шет қалмады. Нәтижесінде, жарты күнде 5 миллион теңге қаражат жиналды.

Сын сағатта аудандардағы бастауыш партия ұйымдарының мүшелері тасқынға тап болған тұрғындардың жанынан табылды. «Жастар рухының» белсенділері құтқарушыларға ыстық тамақ үлестірді. Өкінішке қарай, су басқан кейбір ауылдармен көлік байланысы үзілді. Эвабекетті паналаған адамдар киім-кешек пен азық-түлікке мұқтаж. Партиялықтар су жайылған барлық елді мекен тұрғындарына көмек көрсетуді көздеп отыр.

Осылайша,  бүгін гуманитарлық көмектің алғашқы легі алдымен Қаратөбе ауданына жіберілді.

«Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 4 тонна көмек жолдадық. Кішкентай балаларға, ересек азаматтарға арналған жылы киімдер, резина етіктер, шаруашылық тауарлары, азық-түлік жөнелттік», – деді «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев.

Гуманитарлық көмек төтенше жағдай режимі жарияланған барлық ауданға жеткізілді. Сонымен қатар облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жастар қанатының белсенділері және партияның облыстық филиалы қызметкерлері төтенше жағдай режимі жарияланған аудандардағы елді мекен тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш-тілегін тыңдайды. Өңірдегі партия филиалдары зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек көрсетеді. Сондай-ақ нысандарды жөндеуге қажет материалдар жеткізіледі.