Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Түркістан қаласында Ор­нықты даму саласындағы ұлттық мақсат­тар мен мін­деттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның бесінші отырысы өтті.
Су үнемдеу технологияларын енгізу қажет
604
оқылды

Іс-шара барысында алтыншы Ор­нықты даму мақсатын іске асыру аясында су ресурстарын үнемді пайдалану және санитария мәселелеріне қатысты проблемалар талқы­ланды. Сондай-ақ сенаторлар жергілікті жұртшылықпен кездесті.

Қазақстан үшін таза ауызсуға және сапалы санитарияға қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды мәселе екені белгілі. Сенат Төрағасы су сапасының нашарлауына, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуына байланысты проб­лемалар ерекше назар аударуды қажет ететі­нін айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылға дейін ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен толық қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл міндетті сапалы орындау үшін бірқатар өзекті проблеманы шешу қажет. Қазір қолданыстағы көптеген су шаруашылығы нысандарында 30 жылдан 50 жылға дейін күрделі жөндеу және қалпына кел­тіру жұмыстары жүргізілмеген. Сондық­тан ол жерлер қауіптілігі жоғары объектілер қатарында қалып отыр. Арнайы техни­каларға қатысты жағдай да осындай. Олардың шамамен 50 пайызы жаңар­туды қажет етеді. Алайда нысан­дардың тозуы және соның салдарынан судың ысырап болуы мәселенің бір бөлігі ғана. Су сапа­сының нашарлауы да үлкен проблема екені белгілі. Бүгінде қайта пайдала­нылған судың үлесі тұщы судың жалпы көлемінің шамамен 2,5 пайызын ғана құрайды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында трансшекаралық өзен­дерді пайдалануды реттейтін нақты тетіктердің әлі қалыптаспағаны туралы да сөз болды. Жа­салған келісімдерге және бекітілген су беру кестелеріне қара­мастан, еліміздегі кейбір облыс­тар­дың тиісті су көлемін ала алмауы жиі кездесетін жағдайға айналды. Осыған орай Парла­мен­таралық комиссияның төра­ғасы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін кешенді тәсіл мен страте­гиялық жоспар қажет екенін айтып, алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын белгілеп берді.

«Жаңа Су кодексін әзірлеу барысында негізгі мемлекеттік органдардың су ресурстарын пайдалану және қорғау сала­сындағы құзырет­терін қайта қарау қа­жет. Бұл ретте ведомствоара­лық үйлес­тіруге баса мән берген жөн. Жоғарыда атап өткеніміздей, Мемлекет басшысының ауыл­дарды таза ауызсумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын сапалы орындау – бар­шамыздың ортақ міндетіміз. Судың қолже­тім­ділігін қамтамасыз етуді инвестициялау үшін нормативтік кедергілерді жоюға арнал­ған шаралар қабылдаудың да маңызы зор. Оның ішінде ағынды суларды қайта пайдалану үшін заңна­малық және нормативтік базаны қалыптастыру қажет. Сондай-ақ суды үнемдеуге және ауыл шаруа­шылығында су ресурстарын жа­уапты басқаруға ықпал ететін агроазық-түлік тізбегі бойынша суды пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды қолға алу керек. Суды үнемдеу, оның ысырап болуына және ластануына жол бермеу, су ресурстарын тиімді пайдалану сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін қоғамда белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүр­гізген жөн. Су үнемдеудің озық технологиялары мен заманауи жүйелерін енгізуге арналған шаралар кешенін де әзірлеу қажет», – деді Сенат Спикері.

Отырыстың қорытындысы бойынша Парламенттік комиссия мемлекеттік органдарға ал­дағы бірлескен жұмысқа қатысты бірқатар ұсы­ным жолдады. Мәулен Әшімбаев олардың орын­далу барысы жұртшылықтың және Сенат­тың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің бақылауында болатынын атап өтті.

Түркістан облысына сапар аясында Мәулен Әшімбаев бастаған сенаторлар жергілікті мәсли­хат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен де кездесті. 

«Аймақта шешімін күткен мәселелер бар. Әсіресе, облыс тұрғындарын су ресурстары мен жайылым жерлердің тапшылығы алаңдатады. Бүгін Парламенттік комиссияның отырысында осы бағытқа назар аудардық. Инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты түйткілдер де өте өзекті. Сенат өңірлер­дің мүддесін қор­ғайтын палата ретінде мәсли­хат­тармен байланысты одан әрі арттыру және өзекті мәселелерді шешуге ықпал ету жолындағы жұмысты жалғастыра береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Ол өз сөзінде мем­лекет тарапынан жас­тарды қолдауға ар­налған шаралар туралы айтты және ұлтымыздың жаңа келбетін айқындайтын құндылықтарға назар аударды. Сондай-ақ жүргізіліп жат­қан сая­си және экономикалық реформаларды қо­ғам­дағы іргелі әлеуметтік-мәдени өзгерістермен үйлестірудің маңызы зор екенін айтты.

Сапар кезінде Парламент делегация­сы өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешу жолында маңызы зор «Оранғай» су тазалау стансасына барып, нысанның жұмысымен танысты.