Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақ­тыланды.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын қарайды
464
оқылды

Бірінші оқылымда депутаттардың қарауына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыр­күйектегі тапсырмасы бо­йын­ша әзірленген «Мемлекеттік сатып алу туралы» үкіметтік заң жобасын қарау ұсынылады.

Жаңа заң жобасында мердігерлерге, әсіресе құрылысқа байланысты жұмыс­тар бойынша қо­ғамдық мониторинг енгізу көзделген. Осыған орай мемлекеттік сатып алу веб-порталында олар­дың орындалуы жөніндегі есептерді растай отырып (оның ішінде фото-, бейнетіркеуді пайдалану), жұмыстарды орындау кестелерін жалпы қолжетімді етіп орналастыру, сондай-ақ қоғамдық бақылау субъектілерінің мемлекеттік сатып алу шартта­рының орындалуы бойынша мониторингті жүзеге асыруы ұсынылады.

Отандық өндірушілерді қолдау мақ­сатымен сатып алу шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында жү­зеге асырылатын тауар­лардың, жұмыс­тардың, көрсетілетін қызмет­тердің тізбесін енгізу ұсынылады. Бұдан басқа, ақпараттық жүйе­лердің деректері мен мәлі­меттері негізінде веб-портал қа­лыптастыратын әлеуетті өнім беру­шілердің рейтингі енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мерзімін 2 ай­дан 1 айға дейін қысқарту, бір көзден алу тәсілімен сатып алу үшін негіздер санын оңтайлан­дыру көзделеді.

Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына бірінші оқылымда Үкімет әзірлеген «Жылу энергетикасы туралы» және оған ілеспе тү­зетулері бар заң жобалар енгізілді. Олар жылу энер­гетикасы саласын реттеу және оның сенім­ді және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін экономикалық және құқықтық негіздерді белгілейді. Бағаларды (тарифтерді), жылу энер­гиясы мен жылу тасымал­дағыштарды мін­детті есепке алу жөніндегі нормаларды, сон­дай-ақ энергия үнемдеуге және энергия тиім­ділігін арттыруға қойылатын талаптарды мемлекеттік реттеу енгізіледі.