Рамазан айында оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақтар бар. Осы орайда muslim.kz оқырманды толғандырған бірқатар сауалдың жауабын жариялады.
Тіс жұлдыру оразаны бұза ма?
Егер адам ораза кезінде тіс жұлдыртатын болса, онда оның оразасы бұзылмайды. Тіс жұлғаннан кейінгі аққан қанның ішке кетіп қалмауын байқау керек. Егер тісінен аққан қанды жұтып қойған жағдайда тек сол күнгі оразаның қазасын өтейді[28]. Тіс жұлғанда салынатын ине де «табиғи емес» жолдармен ішке баратындықтан, бүгінгі ғұламаларымыз ол да оразаны бұзбайды дейді.
Ораза кезінде система салдыруға бола ма?
Кей жағдайларда табиғи жолдармен қоректене алмайтын кісілерге денені азықтандыру үшін инъекция (денеге дәрі жіберу) жасалып жатады. Сондықтан да, қазіргі таңдағы ғалымдарымыз мұндай ине салу немесе система алу оразаны бұзады дейді. Ал, одан өзгелері азық болмағандықтан әрі табиғи жолдармен асқазанға түспегендіктен оразаны бұзбайды деп отыр[15]. Ендеше, ем үшін салғызатын ине салу мен система алу оразаңызды бұзбайды. Алайда, оразадан әлсіреген денеге қуат беретін дәрі егуге аузы берік кісіге рұқсат жоқ. Ондай дәріні тек ауыз ашқаннан кейін ғана егуге болады.
Ине салса ораза бұзылады ма?
«Ине салса, ораза бұзыла ма?» дегенге келер болсақ, Имам Юсуф пен Имам Мұхаммәдтің (р.а.) тұжырымы бойынша «денедегі және бастағы «терең жараны» сұйық дәрімен емдесе де, ораза бұзылмайды. Себебі, дәрі ішке (азық секілді) табиғи жолдармен бармағандықтан, ішке түсуі екіталай»[26] дей отырып, ішке бір заттың табиғи жолдардан (ауыз, құлақ, мұрын, тік ішек) басқа жолдармен баруы оразаны бұзбайды деген. Ендеше салынатын ине де, «табиғи емес» жолдармен ішке баратындықтан, бүгінгі ғұламаларымыз ол да оразаны бұзбайды дейді.