Барлық бағаны құрықтай алмасын түсінген Үкімет енді тек халықтың кедей топтары көп тұтынатын тамақ өнімдерін қымбатшылықтан құтқарып қалуға күш салмақ. Осы мақсатта әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын шектен тыс көтергендерге жаза қатайтылатын болды.
10 өңірді қымбатшылық жайлады
1 сәуірде Ұлттық статистика бюросы инфляцияға қатысты өткен айды қорытындылаған есебін жария етті. Жағдай мәз емес көрінеді: еліміздегі инфляция 2024 жылғы наурызда, жылдық мәнде 9,1% болды. Бұл 2024 жылғы ақпандағыдан (9,3%) шамалы аз. Әйткенмен бұл қымбатшылықтың тұсауланбағанын білдіреді.
Статистика мамандары түзген инфляция графигі бір биік таудан екіншісіне өрмелеп бара жатқан альпинисті елестетеді, бірақ оның «өрмелеп шығып, кім болатыны» белгісіз. Сонымен өткен наурыз айында ақылы қызметтердің бағасы 13,2%-ға (2024 жылғы ақпанда – 12,8%), азық-түлік емес тауарларға – 8,2%-ға (ақпанда – 8,5%), азық-түлік тауарларға – 6,9%-ға (ақпанда – 7,4%) өсті.
Жалпы, инфляция бойынша жаһандық рейтингте көш бастап тұрған Аргентинада бағаның құнсыздануы жылдық мәнде 211%-ға, Ливанда – 192%-ға, Венесуэлада 190%-ға жетті. Бестікке 65 пайыздық инфляциясымен бауырлас Түркия да кіріпті. Бірақ бұған біз масайрай аламыз ба?
Өйткені ТМД көлеміндегі ең жоғарғы инфляция Қазақстанда қалыптасты. Мысалы, Грузияда инфляция биылғы ақпанның қорытындысында бар-жоғы 0,3% ғана болған.
Статистика органы елімізде баға құнсыздануына сұрапыл серпін беріп жатқан драйверлерді атады. Былтырғы наурызбен салыстырғанда, мысалы, тарифтер кәрізге (су бұруға) – 42%, суық суға – 36,5%, орталықтан жылытуға – 33,2%, ыстық суға – 31,9%, қоқыс шығаруға – 30,7%, электр энергиясына 26,1% өсті.
Басқасы да қалысар емес: медициналық қызметтердің бағасы – 12,7%, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтерге – 12,6%, ұялы байланыс қызметтеріне – 12,4%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне 11,6% жоғарылады. Авиабилеттер – 16,8%, такси – 12,3%, қалалық автобус билеті – 9,3%, қалааралық автобус – 6,7%, пойыз билеті 5% көтерілді.
Жаңа жеңіл автомобильдер құны – 16,8%, фармацевтикалық өнімдерде – 11,3%, жиһаз және үйге қажетті заттарда – 11,2%, киім, аяқкиімде – 10,9%, жеке қолданылатын тауарларда – 9,9%, ыдыста – 7,5%, құрылыс материалдарында 6,6% өсті. Дизель отыны – 15,1%, бензин – 13,6%, баллондағы сұйытылған газ 13% қымбаттады.
Тұрмысы төмендеп, титықтаған бұқараға тамақ та қолжетімсіз болып барады. Тек ресми статистика бойынша өткен наурыз айында күріш бағасы – тағы 22,7%-ға, жұмыртқа – 19%, жаңа жиналған жемістер – 17,9%, бөтелкеленген минералды және ауызсу – 17%, салқындатылған сусындар – 15,7%, жаңа ауланған балық – 12,8%, жеміс және көгөніс шырындары – 12,2%, сары май – 11,6%, сүт – 10,8%, тоқаш және кондитер өнімдері – 10,2%-дап, майлылығы 2,5% айран бағасы – 10,1% шарықтады.
Кейбірі бойынша ғана төмендеу тіркелді: пияз бағасы – 45%, қарақұмық жармасы – 25,1%, күнбағыс майы – 24,6%, картоп – 10,9%, құмшекер 10,1% арзандапты.
Статистика мамандарының «Республикадағы жылдық инфляция – 9,1%» деген дерегі күмән тудырады. 2024 жылғы наурызда өңірлердің тең жартысында инфляция бұл көрсеткіштен көп асып кетті. Инфляция Қарағанды (10,8%), Маңғыстау (10,1%), Павлодар (9,8%), Солтүстік Қазақстан (9,7%), Шығыс Қазақстан (9,7%), Абай (9,3%), Атырау (9,2%), Жетісу (9,2%) облыстарын, сондай-ақ Алматыны (9,7%) және Астананы (9,4%) үстемелете, дүлей соққының астына алып жатыр.
Бағамен күрес реформаға ұласты
Осы ауыр жағдайда мемлекет салада реформа бастап, инфляциямен күрес шараларын қайта қарады. Қымбатшылыққа қарсы шаралар пандемия кезінде басталғаны мәлім. Сонда 2021 жылы бағалардың өсуін тежеу мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Өңірлердегі делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Әр дүкенді мониторинг топтарының аралағаны есте шығар.
Постпандемиялық кезеңде, 2022 жылдың тамызынан бастап, өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта форматталды. Құрамы кеңейтіліп, қатарына басқа уәкілетті органдар – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Мемлекеттік кірістер комитеті қосылды.
Осылайша, өңірлерде апта сайын өңірлік комиссиялардың отырыстары өткізіліп, онда азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі талданады, өнімсіз делдалдарды тауып, жою жұмыстары жүргізіледі.
Өңірлік комиссиялардың жұмысы алгоритмі келесідей: біріншіден, комиссия Әкімдіктермен, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерімен бірге, жергілікті статорганның апталық есебі негізінде «бағасының өсу қарқыны жоғары тауарлардың тізбесі» айқындалады.
Екіншіден, әрбір өңірде дәл сол қымбаттаған тауарларды өндіретін және өткізетін өндірушілердің, көтерме саудагерлердің және сауда желілерінің тізбесі анықталады. Үшіншіден, Мемлекеттік кірістер департаментіне сұрау салынып, «қара тізімге» кірген компаниялардың электронды шот-фактураларын (ЭШФ) алғызады.
Төртіншіден, ЭШФ-ларды талдау арқылы белгілі бір мерзім ішінде бизнес субъектілерінің бағаны қалай құбылтқаны зерделенеді. Осы талдау барысында мамандар сауда үстемесі 15%-дан асып кеткен бизнес нысандарын, басыартық делдалдарды, баға бойынша ымыраласу фактісін әшкерелейді.
Сондай фактілер бойынша материалдар өңірлік комиссияның қарауына шығарылады. Комиссия отырысына өндірушілердің, көтерме саудагерлердің және сауда желілерінің өкілдері шақырылып, жауап алынады, бағаның өсуіне объективті себептердің болған-болмағаны байыпталады. ӘМАТ бағасы негізсіз көтерілді деген күдік туса, комиссия тиісті шара қабылдауы үшін құзырлы органдарға хат жолдайды.
Өткен 2023 жылы барлық өңірлік комиссия жалпы саны 1 859 отырыс өткізді. Нәтижесінде, өңірлерде еш өнім өндірместен, еш қызмет көрсетпестен, жолай ақы алып отырған 1 322 өнімсіз делдал жойылды. Кәсіпкерлер үстінен 674 әкімшілік хаттама толтырылған.
Осы реттеуші құрал енгізілгелі қозғалған істер саны ғаламат қарқынмен өсті: 2020 жылы бірде бір іс болмаса, 2021 жылы 35 әкімшілік іс қозғалыпты. 2022 жылы әкімшілік істер саны он еседей артып, 323-ке жеткен.
Реформа аясында 2022 жылғы 30 желтоқсанда Президенттің тапсырмасымен ұлттық заңнамаға түзетулер енгізілді. Тиісті заң 2023 жылғы 3 наурызда күшіне енді. Оған сәйкес, сауда қызметін мемлекеттік бақылау жергілікті әкімдіктерден орталыққа алып қойылды. Бұдан былай бағаларға Сауда және интеграция министрлігі жауапты. Заң аясында жергілікті атқарушы билік пен орталық мемлекеттік органның ӘМАТ-қа шекті бағаларды бекіту және оларды бақылау құзыреттерінің ара-жігі ажыратылды.
Жаңа функция берілгелі, яғни 2023 жылғы 27 сәуірден былтырғы жылдың соңына дейінгі аралықта Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің аумақтық бөлімшелері 760 әкімшілік іс қозғады. Соның ішінде 709-ы бойынша ескерту жасалған, кәсіпкерлер бағасы түсірілген. Қырсығып қалған тілазар 51-іне жалпы сомасы 12,2 миллион теңге айыппұл салынды.
2024 жылғы екі айда тағы 225 әкімшілік хаттама толтырылды. 180-іне ескерту жасалып, 22-сі айыппұл арқалаған.
Айтпақшы, Сауда министрлігіне «үйдегі дүкендерге» (магазин у дома) көп шағым түсетін көрінеді. Сол себепті 2023 жылы 42 мың «үйдегі дүкендерді» мониторинг топтары апта сайын аралаған. Тексерістер барысында дүкендердің сауда үстемесінің лимитін сақтамайтыны анықталды.
Делдалдар нарықтың дал-дұлын шығарды
Басқа шауып, төске өрлеген, Үкіметке дес бермеген инфляция қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз, пәрменсіз екенін паш етті. Осыған орай Сауда комитеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) заңда белгіленген 15 пайыздан артық үстеме қосатындарды жазалауды қатайтпақ.
Бұл «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасында қарастырылған. Парламент қабылдаса, онда бұл шамамен 150 мың кәсіпкерлік субъектісін (146 854) қамтиды. Құжат ӘМАТ бойынша сауда үстемесінің мөлшерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды қарастырады.
Қолданыстағы «Сауда қызметін реттеу туралы» заңы бойынша көтерме саудагерлерге, базарлар мен сауда орындарындағы алыпсатарларға, басқасына ӘМАТ өнімдеріне 15%-дан артық үстеме ақысын қосуына тыйым салынады. Алайда оны бұзғандар көпшілігінде ескертумен құтылады. Мамандар бұл талаптардың декларативті сипатқа ие екенін, іс жүзінде ешкім сақтамайтынын айтады.
Жаңа заң қабылданса, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына 15 пайыздан артық үстемеақы қосқан жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бірінші жолы – 5 АЕК (2024 жылы 18 460 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК (129 220 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК (553 800 теңге) айыппұл салынады.
Бір жыл ішінде ӘМАТ бағасын қайта өсірсе, айыппұл екі есе артады: шағын кәсіпкерлерге – 10 АЕК-ке; орта кәсіпкерлерге – 75 АЕК-ке; ірі кәсіпкерлік нысандарына 300 АЕК-ке (1 107 600 теңгеге) дейін жетеді.
Отандық өнім өндірушілер ӘМАТ бағасын тұрақтандырудың ауыртпалығы бірінші кезекте өз иығына түсетініне шағымданады. Көтерме сатып алушылар олардан өнімін арзанға беруді талап етеді. Әкімдіктер де баға түсіруді бірінші кезекте солардан сұрайды. Жергілікті биліктің «тілегін» аяқасты етсе, содан кейін мемлекеттік қолдау, субсидия, жер телімі, басқасы тимей қалуы мүмкін.
«Қазақстанда қымбатшылық көп жылдан бері белең алды. Соған қарамастан, ақырғы тұтынушылар бірқатар әлеуметтік маңызды тауарды бұрынғы бағамен алып жүр. Өнімдердің өзіндік құны өсіп жатса, бұған қалай қол жеткізіледі? Біздің есебімізден: өзіндік құнынан да арзан беруге тура келеді. Біздің шаруашылықтарымыз азықжем бағасына қатты тәуелді. Коммуналдық қызметтер тарифі көтерілді, ЖЖМ құны шарықтады. Субсидия аламыз, бірақ ол бірде берілсе, бірде берілмейді. Содан жылдың бірінші жартысында шығынмен жұмыс істесек, екінші жартысында маусымдық сұраныс артқан соң бағаны көтеріп, қосымша табыс тапқымыз келеді», – деді «Жас Канат 2006» ЖШС өкілі Игорь Шишов.
Әйтпесе, тұтас жыл бойы шығынды жұмыс істесе, кәсіпкерлер салықты аз төлейді, жұмысшыларын қысқартуға тура келеді. Отандық өнімдер көлемі кеміп, экономика құлдырайды.
Өндірушілер Үкіметке хатында бақылаушы органдардан негізінен, сауда желілерін және делдалдарды көбірек тексеруді ұсынды. Артық үстемеақыны да көбіне солар қосады. Мысалы, Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өнімдер өндірушіден сөреге жеткенше, жолай қаптаған делдалдың қолынан өтетінін анықтады.
Сөйтіп, формалды түрді үстемеақы 15 пайыздан аспағанымен, іс жүзінде тауар еселеп қымбаттайды. Тексеру барысында өңірдегі негізгі ӘМАТ өндірушілердің өзімен сыбайлас делдал кәсіпорындар құрып алып, өнімін солар арқылы өткізгені әшкереленді. Ол фирмалар бұрынғы және қатардағы қызметкерлер атына рәсімделген, бірақ олар оны шын мәнінде басқармаған. Әрбір делдал кәсіпорын сатып алу бағасына 11% үстемеақысын қосқан.
Мұндайлардың табанына тас қойып, жойып отырмаса, Қазақстан нарығы делдал жайлаған күйде қалады, халық соларға жем бола береді.
Айхан ШӘРІП