Үкімет басшысы қазақстандық моноқалалар тұрғындарының табысын арттыру үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
Олжас Бектенов моноқалалардағы жас мамандарға жағдай жасап, әлеуметтік пакеттер ұсынуды тапсырды
280
оқылды

Моноқалалардағы әлеуметтік және демографиялық проблемалардың кесірінен халық ірі қалаларға қоныс аударуда. Әсіресе, жастар жағы. Мұның басты себептері жұмыс орындарының тапшылығы, жалақының аздығы және тұрмыс сапасының төмендігі болып отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы жұмыс тәсілдерін өзгерту қажеттігін атап өтті,  деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-Министр қазақстандық моноқалалар тұрғындарының табысын арттыру үшін шаралар қабылдауды тапсырды. 

«20 моноқалада қазір 1,3 млн-нан астам адам тұрады. Бұл – әжептәуір көрсеткіш. Әлеует жеткілікті. Пәрменді іс-қимылдар қажет. Біз моноқалаларды дамытып, жастар үшін тартымды еткіміз келеді. Ол үшін табысты арттырып, жұмыс орындарын көбейту қажет. Аталған міндет өндірістерді кеңейту, жаңа жобаларды іске қосу, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Әкімдіктер жас мамандарға жағдай жасап, әлеуметтік пакеттер ұсынуы керек. Моноқалаларда өндіріс орындары бар компаниялар да корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктері туралы ұмытпауға тиіс», – деп атап өтті Премьер-Министр.