Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының алдын ала келіп түскен ұсынуы бойынша Жоғарғы Сот судьяларын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ күн тәртібіне шығарылған заңдарды мақұлдады.
Келісім екі ел арасындағы қатынастарды дамытады
450
оқылды

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының алғашқы Төрағасы Өмірбек Байгелдінің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

«Өмірбек Байгелдіұлының өнегелі өмірі ел тари­хының тұтас бір тарауы деуге толық негіз бар. Ол 1995 жылы сенатор ретінде сайланып, тәуелсіз Қа­зақстан тарихында Парламент Сенатының ал­ғаш­қы Төрағасы болды. Осылайша, ұлттық парла­мен­таризм­нің қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосты. Сол кезеңде қабылданған заңдар мемлекет­тілігіміз бен тәуелсіздігіміздің нығаюына тікелей ық­пал еткені анық. Осы істің бәрінде Өмірбек Байгел­ді­ұлы нағыз отаншылдықтың, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетті», – деді палата Төрағасы.

Айта кетейік, Өмірбек Байгелді Сенатта 16 жыл­дан астам уақыт еңбек етті. Ол Парламент Сенаты­ның бірінші, екінші, үшінші және төртінші ша­қырылымында депутат болды.

Отырыс барысында сенаторлар Әбдірашид Жүкенов пен Зәуре Кейкібасованы Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатты. Мемлекет басшысы­ның ұсынуын қараған палата депутаттары осындай шешім қабылдады. Ұсынылған кандидатуралар алдын ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқы­ланды. Мемлекет басшысының ұсынуын Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Денис Шипп жариялады.

Сонымен қатар палата отырысында депутаттар «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемле­кеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісімге сәйкес, фи­лософия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты және ғылым докторы сияқты ғылыми дәрежелер туралы құжаттар растаусыз танылады. Мұндай құжаттардың иелері ғылыми дәрежесі үшін үстемеақы талап еткен жағдайда ерек­шелік қарастырылған. Сондай-ақ заң нормалары ғылыми кадрлармен алмасуды ынталандыруға және ЕАЭО-ға мүше елдердің білім беру жүйелерін ин­теграциялауға, университеттер мен зерттеу инсти­туттары арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға арналған.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Палата Төрағасы атап өткендей, қазір қазақ-қырғыз қарым-қатынасы барлық салада қарқынды дамып келеді. Мақұлданған заң осындай тиімді байланыстың бір нәтижесі екені сөзсіз. Ке­лісімді ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстан аумақтарында авиациялық іздестіру және құтқару жұмыстарын жедел ұйымдастыруға, осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етпек.

«Келісім екі мемлекеттің авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастығын ны­ғайтуды көздейді. Заң авиациялық оқиға туындаған жағдайда тараптардың бірлескен іс-қимылын, сондай-ақ оқу-жаттығулар өткізу және ақпарат ал­масудың жекелеген мәселелерін реттейді. Алдағы уақытта бұл Келісім екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.