Жүк көлігіне тиелген көрпе-төсек, жылы киім, резеңке етік, рация мен құтқару жұмыстарына қажетті заттармен қоса, азық-түлік өнімдері де тиеліп жолға шықты.
Депутаттар жапа шеккен адамдарға көмек көрсету мақсатында қаражат жинау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ шымкенттік «Жастар Рухының» белсенділері су тасқыны болған аймақтарға барып, көмек көрсетеді.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қиындыққа тап болған азаматтарға көмек көрсету азаматтық парыз екенін атап өтті.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біз әрдайым бір-бірімізге қамқор, тілеулес бола білген халықпыз. Су тасқынынан зардап шеккен ағайынға гуманитарлық көмек қолын созуды азаматтық парызымыз деп білемін. Қайырымды іске кәсіпкерлер, халық қалаулылары қолдау көрсетіп жатыр, – деді Бахадыр Нарымбетов.
Көмек қолын созу жұмыстары осымен тоқтап қалмайды. Алдағы күндері халық қалаулылары мүмкіндігінше тағы да қор жинап, тасқыннан зардап шеккен азаматтарға қосымша қолдау болатындығын айтып отыр.