Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қытайда Қазақстандағы Туризм жылының ашылуы өтті. Пекин қаласында бастау алған іскерлік форум жұмысына Қарағанды облысының Кәсіпкерлік басқармасының, сондай-ақ Балқаш және Қарағанды қаласы Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің өкілдері қатысты.
Балқаш пен Қарқаралы туристерді күтеді
808
оқылды

Екі күн аралығында, яки 28 және 29 наурызда панельдік сессияларда өзара әрекеттесу мәселелері талқы­ланды.Негізгі тақырыптар – екіжақты ұйым­­­­дастырылған туризм және қы­тай­лық өндірушілер үшін Қазақ­стан­ның инвестициялық тартымдылығы.Форумға қатысушылар үшін Қа­зақ­станның 17 облысының стендтері ор­натылды, онда өңірлердің туристік кө­рікті жерлері ұсынылған. Қараған­ды облысы екі туристік орын­ды – Бал­қаш көлі мен Қарқаралы ауда­нын таныстырды.

– Визасыз режим саяхатшыларға Қы­тай мен Қазақстанның таңғажайып жер­леріне баруға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері екі жаққа 400-ден ас­там туристік рейс жүзеге асырылды. Қытайлықтар тарапы тек біздің таби­ғи көрікті жерлерге ғана қызығушылық та­нытпағанын, өңірде қандай өнді­ріс­тер бар, өнеркәсіптің қаншалықты да­мы­ғандығы туралы көп сұрағанын атап өткім келеді, – дейді Қарағанды қа­ла­сы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.

Сарыарқаның құт мекені

Туризмге сұранып тұрған Қар­қара­лы облыс орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан. Ор­та­лық Қазақстанның шексіз дала­лары ара­сындағы табиғаты ерекше – құт ме­кен. Қарағанды өңірінің 90 пайыз­дан астам орман алқабын Қарқаралы мем­лекеттік ұлттық табиғи паркі алып жатыр.Қазір ауданда 3 мыңға жуық ту­рист қабылдай алатын 37 орналас­тыру орындары бар. Жалпы, бұл ны­сан­дар­да 300-ден астам адам жұмыс істейді. Жыл­дан жылға бұл нысандар­дың са­ны ұлғаюда, яғни жаңадан за­ман­ға сай демалыс орындары салыну­да.

2023 жылы ауданға келген ресми ту­­рис­­тер саны – 10,4 мың адам. Ал осы салада көрсетілген қызметтер кө­­­­лемі – 109,3 млн теңге болды.Ту­ризм саласын жүйелі дамыту мақ­сатында «Қарқаралы ауданының ту­риз­мін дамытудың 2023-2025 жыл­дарға арналған іс-шаралар жоспары» әзір­ленді.Қалада Құнанбай қажы мешітін жаң­ғыртылмақ, «Үш арыс» маңайын­да саябақ орнату көзделген. Сонымен қатар «Бәйтерек» монумен­тін қайта жаң­ғырту, «Ту тұғыры» ме­мориалды алаңын құру, қалалық тоған аумағын жә­не «Сасықкөл» тоғанын абаттан­дыру, қалаішілік және жаяу жүр­гін­ші­лер жолдарын, ойын алаң­дарын салу жос­парланған.

Туристерді табиғи нысандар – «Шайтанкөл», «Тас ертегісі» (Бас­сейн көлі), «Жиренсақал», таби­ғат мұражайы, тарихи нысандар – «Құ­нан­бай қажы мешіті», «Үш үңгір», «Қы­зыл кеніш», «Алат қонысы», «Өл­ке­тану» мұражайлары, «Қалмақ қор­ғаны», «Алтын адам» қорымы, Шал­ғайдағы тарихи-мәдени және сауық­тыру нысандары – «Қоянды жәр­меңкесі», «Мәди үңгірі», «Сау­мал­көл», «Тәттімбет кесенесі» күтіп тұр.

 «Көк теңізге» келушілер көп

Балқаш көлі аумағы жөнінен Кас­пий, Арал теңіздерінен кейін­гі еліміздегі ең ірі су айдыны. Бал­қаш Қазақстанның оңтүстік-шы­ғы­сына қарай Қарағанды, Алматы жә­не Жамбыл облыстарының аума­ғын­да, географиялық тұрғыдан дема­лу­­шылар үшін қолайлы жерде орна­лас­қан.

Көлдің суы ерекше көгілдір түсте бо­л­ғандықтан ел арасында «Көк теңіз» деп те аталады. Табиғаттың ерек­ше туындысы саналатын су ай­ды­нының тағы бір ерекшелігі көлдің шы­ғыс жақ бөлігінің суы тұщы болса, ба­тыс бөлігі ащы сулы. Балқаш жаға­жай туризмін ұнататындар үшін тап­тыр­мас орын. Мұнда жазғы демалу ке­зеңі маусым айында басталып қыр­күйек­ке дейін созылады. Жаз бойы ауа температурасы 28-30 градус шама­сын­да болады. 

Міне, осы критерийлер жаз шық­са, Балқашқа ағылатындардың қа­тарын көбейтуде. Соңғы жылдары Бал­қаштың суына шомылып, жаға­лауын­да күнге қыздырынғысы келетін саяхатшылардың қатары көбеюде. Алайда көлдің маңындағы дема­лыс орындары жазғы маусымда сая­хат­шылардың барлығын сыйғыза ал­майды. Шілденің шіліңгір ысты­ғын­да Балқаш жағалауынан ине шан­шар жер, демалыс үйлерінен жатын орын болмай қалады.Сондықтан көлдің игерілмеген жа­­­­ғалауларына демалыс орындарын са­лып, туристерге жағдай жасау ба­ғытында шаралар атқарылуда.

Балқашта биыл туристер үшін 219 жай­лы бөлмеге шақталған жеті жаңа демалыс аймағы салынады. Қалалық жағажайдың жағалау аймағын қайта жаңарту жалғасады.

Былтыр қала аумағына Ақтоғай ау­данының бір бөлігі – Шұбартұбек және Торанғалық кенттері қосылды, олардың жалпы ауданы 8 744 гектарды алып жатыр.

Иә, туризмді дамыту өңірге ин­вестиция тартуға, туризм­нің жаңа нысандарын және туризм саласына қызмет көрсету бойынша ілес­пе қызметтерді ашуға мүмкіндік береді.Мұның бәрі  жаңа жұмыс орын­дарын ашып, жергілікті бюджетті то­лықтыруға, қоршаған ортаны қор­ғауға зор серпін.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы