Астанада өткен басқосуда білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев министрлік тарапынан қабылданған маңызды міндеттер жөнінде айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ғани Бейсембаев былтыр Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Астананы дамыту мәселелеріне арналған кеңестен кейін Оқу-ағарту министрлігі мен Астана әкімдігі елорданың білім жүйесін дамытудың 2029 жылға дейінгі Жол картасын қабылдағанын еске салды. Аталған құжат нақты түйткілдерді, соның ішінде үш ауысымды оқыту мәселесін шешуді қамтиды.
– Біздің басты міндетіміз – балаларымызға барынша қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау. Бұл мәселеде елорданың білім беру жүйесі өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс. Министрлік өз тарапынан негізгі міндеттерді шешуде әкімдікке қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын. Бірлескен жұмыстың арқасында өткен жылы ғана 12 жаңа мектеп ашылды. Оның 10-ы министрліктің қолдауымен пайдалануға берілді. Биыл тағы 27 мектеп салынады. Инфрақұрылымды дамытумен қатар жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Елордалық 18 педагог кадр резервіне кірді, 7 педагог басшылық лауазымдарға тағайындалды, – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Қазір Астанада 175 жалпы білім беретін мектеп, 550 балабақша және 33 колледж жұмыс істейді. Министр олардың жұмысымен танысып, балалармен сөйлесті. Сабақтарға қатысып, педагогтермен кездесулер өткізді.
Әріптестеріне арнаған сөзінде Ғани Бейсембаев педагогтерді қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынына тоқталды. Атап айтқанда, педагогтердің денсаулығын нығайтуына, біліктілігін арттыру үшін шетелде тәжірибе алмасып, тағылымдамадан өтуіне ерекше назар аударылады.