Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлады.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ғаділбек Шалахметов қайтыс болды
352
оқылды

Белгілі журналист, мемлекет және қоғам қайраткері, телевизия саласының майталманы Ғаділбек Шалахметов 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің Facebook-тағы парақшасында жазды.

«Ғаділбек Мінәжұлы БАҚ саласындағы еңбек жолын Алматы телестудиясында бастап, Қазақ теледидары бағдарламаларының редакторы, бас редакторы, Қазақ ССР Телевизия мен радио хабарлары жөнiндегi Мемкомитетiнiң төрағасы қызметтерін атқарды»,  деп жазды министр.

Ғаділбек Шалахметов 1991 жылы Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалып, ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрiнiң бiрiншi орынбасары – Қазақ ССР Телевизия мен радиохабарлары жөнiндегi Мемкомите­тiнiң төрағасы болып жемісті еңбек етті.

«Майталман маман мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының негізін қалап, БАҚ саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

Компанияның құрылуы отандық телевидениенің дамуына жасалған стратегиялық маңызды қадам болды.

Ғаділбек Мінәжұлының жарқын бейнесі, кәсіби шеберлігі мен БАҚ саласындағы жарқын жетістіктері отандық журналистика тарихында өшпес із қалдырары сөзсіз»,  деп атап өтті Аида Балаева.