Мәжіліс депутаттарының екінші толқыны жағдайды ба­қы­лау үшін су тасқынынан зар­дап шеккен аймақтарға ат­танды. Олар жергілікті тұр­ғындармен кездесіп, жедел штаб жұмысына қатысуда.
Депутаттар – апат аймақтарында
577
оқылды

Абай облысынан сайланған депутат Нұртай Сабильянов су тасқынына байланысты халықтың жағдайын білу үшін өңірге келді. Сапар барысында Аягөз ауданы Бозай елді мекеніндегі қарғын су ша­йып кеткен көпірге барды. Бұдан кейін Көкпекті, Жарма аудан­дарында болып, суға кеткен ны­сандарды көріп, жергілікті тұр­ғын­дардың сұрақтарына жауап берді. 

Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тұмашинов су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмысты көру үшін Шығыс Қазақстан об­лысының Тарбағатай ауданына барды. Өңірде қазіргі таңда қауіп­тің беті қайтқан. Жағдай жергілікті әкімдіктің және мәслихат депу­тат­тарының бақылауында. Об­лыстық маңызы бар Ақсуат–Бәкей–Қарасу–Ақжар тасжолы­ның бөлігі кесіліп, тасқын суды жолдың келесі бетіне кедергісіз өткізу шаралары жасалған.

Батыс Қазақстан облысында Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Орал қаласындағы эвакуациялық пункттердің жағдайымен таныс­ты. Бүгін еріктілермен бірге Қа­ратөбе ауданына қарасты Қаратөбе ауылына гуманитарлық көмек жет­кізді. Оны жинауға бірқатар қала­ның кәсіпкерлері атсалысты. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті тұр­ғындар­мен кездесті.

– Су көп келетіндіктен Теректі ауданы Ұзынкөл ауылындағы көлемі 80 млн текше метр гидро­техникалық құрылыстар апатты жағдайда тұр. Бөгет бұзылса, бес ауылдық округке су басу қаупі тө­неді. Қиындыққа қарамастан ауыл тұрғындарын үйлерін тастап кетуге көндірдік. Бұл жұмысқа мыңға жуық полиция қызметкері жұмыл­дырылды, – дейді Абзал Құспан.

Депутат Еркебұлан Мәмбетов Солтүстік Қазақстан облысы Қы­зылжар ауданындағы жағдаймен танысты. Вагулино кентінде 50 тонна инертті материал, жүк тиегіш, экскаватор, бульдозер, мотопомпа түріндегі арнайы техника дайындалған. Жергілікті мектепте ауыл тұрғындарын қабылдау пунк­ті ашылған. Якор, Ольшанка, Соколовка секілді көршілес елді мекендерде дайындық қызу жүріп жатыр.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Қос­танай облысының су тасқынынан зардап шеккен Амангелді ауданы мен Арқалық қаласына барды. Олар ең қажетті деген заттар – су, жарма, консервілер, төсек-орын жабдықтары, майшамдар, жеке гигиена құралдарын жеткізіп берді. 

Мәжіліс депутаттары Бауыржан Смағұлов пен Арман Қалықов Қарағанды облысына аттанды. Мұнда олар Нұра және Бұқар жы­рау аудандарындағы Жаңа­талап, Ростовка, Тегісжол, Қы­зылжар сияқты елді мекендерді аралады. Бұл ауылдардағы жағ­дайды қа­лыпты деуге болады, бірақ су басу қаупі бар.