Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Арменияның мемлекеттік әнұрандары орындалған соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрімен шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ресми сапарына ерекше мән беретінін және оны екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың маңызды кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы байланыстардың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты арттыру үшін мол әлеует бар екенін айтты.
Өз кезегінде Никол Пашинян өзара байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, армян-қазақ қатынастарын жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді.
Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, инвестициялық, өңірлік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Тараптар өңірлік тұрақтылық және қауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударды.
Шағын форматта өткен кездесуден кейін Қазақстан мен Армения басшылары келіссөзді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Никол Пашинянға алғыс айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті ретінде Арменияға алғаш рет ресми сапармен келгенін атап өтті.
– Қазақ-армян әріптестігін жаңа деңгейге көтеруге қатысты бастамаңызды толық қолдаймын. Біз армян халқының терең тарихына, ежелгі мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен қараймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өзінің Арменияға ресми сапары Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуына орай өтуінің символдық мәні бар екеніне назар аударды. Ширек ғасыр ішінде екіжақты қатынастардың берік негізі қаланды. Саяси диалог белсенді дамып, үкіметтер мен парламенттер арасында байланыс орнады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өзінің Ереванға сапары Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтас-тыққа тың серпін береді деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ықпалдастықты одан әрі дамытудың мейлінше перспективті бағыттарын айқындап берді. Оның айтуынша, ең өзекті міндет – экономикалық қарым-қатынастарды сапасы мен мазмұны жағынан байыта түсу. Өзара сауда-саттықты ұлғайту үшін азық-түлік секторында, инвестиция, көлік-логистика, IT-индустрия және құрылыс салаларында айтарлықтай резерв бар.
Өз кезегінде Никол Пашинян Қазақстан Президентінің Арменияға алғашқы сапары мол мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
– Сіздің бүгінгі сапарыңыздың маңызы зор. Келіссөздер барысында кең ауқымды мәселелерді қарастырдық. Соның ішінде экономикалық және саяси ынтымақтастықты тереңдетуге, өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге баса мән бердік. Сонымен қатар біз мәдени-гуманитарлық саланы да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Биыл Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері, ал келесі жылы Арменияда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Жалпы, бүгінгі қарастырылатын мәселелер – ауқымды және мазмұнды. Сіздің сапарыңыздың нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағытын дамытуды көздейтін нақты шешімдер қабылдайтынымызға сенімдімін, – деді Армения Премьер-министрі.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҮШІН БРИФИНГ ӨТКІЗДІ
Екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы Ереванға Қазақстан Президенті ретінде ресми сапармен алғаш рет келіп отырғанын атап өтіп, ыстық ықыласпен қарсы алғаны үшін барша армян халқына алғыс айтты. Сондай-ақ еліміз Арменияның көне тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияны Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы өте маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атап өтті.
– Біздің қарым-қатынасымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты байланысты жандандыру – ортақ мақсатымыз. Біздің аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайту жолындағы мұратымыз – бір. Биыл екі ел арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы шартқа 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде Астана мен Ереван арасында ұзақ мерзімге арналған өзара тиімді серіктестіктің берік негізі қаланды. Біз Армениямен жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз. Сондықтан мен үшін бүгінгі сапардың мән-маңызы айрықша, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінгі келіссөздер екі елдің жоғары деңгейдегі ынтымақтастығын сақтауға мүдделі екенін дәлелдейді.
– Бүгін күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселе жан-жақты талқыланды. Біз нақты келісімдерге қол жеткіздік. Пашинян мырза бұл туралы жаңа ғана толығымен айтты. Әсіресе, сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге ерекше назар аудардық. Екіжақты сауда-саттықтың көлемі соңғы бес жылда тұрақты өсіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты нығайту үшін мол әлеует бар екеніне назар аударды.
– Тауар айналымын ұлғайтуға серпін беретін жаңа бағыттарды іздестіру керек деген ортақ пікірге келдік. Экспорттық-импорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту үшін нақты шаралар қабылдауымыз керек. Ол үшін қолда бар мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану қажет. Қазақстан Арменияға шығарылатын экспорт көлемін 350 миллион долларға жеткізуге дайын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өнеркәсіп, құрылыс, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, қаржы, инновация, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықты жандандыру маңызды екенін айтып, армян тарапына бірқатар бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асыруды ұсынды.
– Бұл, әсіресе, қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде аса өзекті. Осы бағыттағы жұмыс Үкіметаралық комиссияның жіті бақылауында болады. Бұған қоса, бизнес-миссиялардың барыс-келісін жандандыра түсуіміз керек. Бұл қадам Іскерлік кеңестің тез арада құрылуына ықпал етеді, екі елдің бизнес өкілдері арасындағы байланысты күшейтеді. Сондай-ақ инвестициялық қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін көлік және логистика саласының маңыздылығына тоқталып, Қазақстан Арменияның Оңтүстік Кавказдағы көлік байланысын қайта жандандыруға ұмтылысын жоғары бағалайтынын жеткізді.
– Бұл ретте құрметті Премьер-министр Никол Пашинянның «Бейбітшілік торабы» бастамасына оң көзқараспен қараймыз. Сонымен қатар біз екі елдің астанасы мен басқа да қалалары арасында тікелей әуе рейстерін ашу туралы бастаманы қолдадық. Агроөнеркәсіп саласындағы тауар түрін көбейту және оларды жеткізу мәселелерін талқыладық. Сондай-ақ Цифрлық технология бойынша ынтымақтастықты дамыту қажет. Қазақстан армениялық серіктестерімен осы маңызды салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Армениямен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға баса мән беретінін айтты.
– Биыл Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтеді. Бұл маңызды іс-шара халықтарымызды жақындата түсетіні сөзсіз. Әсіресе, рухани байланыстарымызды жандандырмақ. Сондай-ақ құрметті Армения Премьер-министрімен Ереван қаласы көшелерінің біріне ұлы Абайдың есімін беру туралы келісімге келдік. Ал Астананың бір көшесіне армян әліпбиінің негізін қалаушы, әулие Месроп Маштоцтың аты берілетін болды. Оған қоса, армян қарпімен жазылған қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды зерттейтін ғылыми топ құру туралы бастаманы құптадық. Оны Еуразия ұлттық университеті және Ереван мемлекеттік университеті бірлесіп жүзеге асырады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев армян спортшыларын биыл қыркүйекте Қазақстанда өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.
БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ МАҢЫЗДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрімен келіссөздер барысында аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын мәлімдеді.
– Қазақстан мен Армения көпжақты құрылымдар аясында тиімді ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Елдеріміздің өңірлік және халықаралық деңгейдегі көптеген өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдары – ұқсас. Бастамаларымызға өзара қолдау білдіру дәстүрге айналды. Мұны зор ризашылықпен атап өткім келеді, – деді Президент.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Оңтүстік Кавказда бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі күш-жігерге өз үлесін қосуға Қазақстанның дайын екенін мәлімдеді.
– Біз алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үдерісіне белсене атсалысуға келістік. Біз Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік шартын жасауға ұмтылысын толық құптаймыз. Құрметті Премьер-министр мырза жаңа ғана айтқандай, Қазақстан барынша қолдау көрсетіп, ізгі қызметтер миссиясын қолға алуға дайын. Яғни, екі ел арасындағы келіссөздерді жүргізу үшін өз алаңын ұсынады. Ең басты мақсатымыз – біздің достас елдерімізді жақындастырып, мызғымас тату көршілікке, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақты дамуға жол ашу, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздердің өзара сенім және түсіністік рухында өткеніне тоқталып, бұл сапар екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Сөз соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Өз кезегінде Армения Премьер-министрі бүгінгі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын атап өтті.
– Біздің жоғары деңгейдегі диалогымыз жаңа ғана қол қойған бірлескен мәлімдеме арқылы расталды. Мұның екіжақты қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытуда маңызы зор. Шынайы әрі өзара тиімді байланыстарды нығайту жөніндегі ұстанымы үшін қазақ делегациясына алғыс айтамын. Біз көпжақты күн тәртібін одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін айқындадық. Сондай-ақ жаңа жобаларды, соның ішінде көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі өркендету перспективаларын нақтыладық. Біз тауар айналымының тұрақты өсіміне қарамастан, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін әлеуетіміздің толық пайдаланылмай отырғанымен келісеміз, – деді Армения Үкіметінің басшысы.
АРМЕНИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ТӨРАҒАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан Президенті Еревандағы Парламент ғимаратында Армения Республикасы Ұлттық жиналысының Төрағасы Ален Симонянмен кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы Армения мен Қазақстан арасында тығыз қарым-қатынас орнағанын және екі елді ортақ тарих пен ежелгі мәдени байланыстар біріктіретінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Премьер-министр Никол Пашинянмен жүргізілген келіссөздер барысында сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика салаларында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл келісімдерді заңнамалық тұрғыдан тиімді қамтамасыз ету, олардың жүзеге асырылуына парламенттер тарапынан бақылауды күшейту мәселесіне айрық-ша мән беру қажет екеніне назар аударды.
Кездесуде Мемлекет басшысы елімізде өзінің бастамасымен ауқымды саяси жаңғыру үдерісі жүргізіліп жатқанын, онда парламентаризмді дамытуға ерекше басымдық берілгенін айтты.
Қазақстан Президенті заң шығару органдары деңгейіндегі белсенді ықпалдастыққа көңілі толатынын жеткізді. Сондай-ақ екі елдің осынау маңызды бағыттағы қатынастарын дамытуды тұрақты түрде қолдап келе жатқаны үшін Ұлттық жиналыс Төрағасына ризашылық білдірді.
Өз кезегінде Ален Симонян Армения мен Қазақстан арасындағы көпжақты және екіжақты форматтағы өзара ынтымақтастық деңгейі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ ол екі елдің парламентаралық платформалардағы ықпалдастығының маңызына ерекше назар аударды.
Әңгімелесу барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан мен Армения аймақтары арасындағы байланыстарды нығайту перспективалары қарастырылды.
МАТЕНАДАРАН КӨНЕ ҚОЛЖАЗБАЛАР ИНСТИТУТЫНА БАРДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияға ресми сапары аясында Ұлттық жиналыс төрағасы Ален Симонянмен бірге Месроп Маштоц атындағы Матенадаран көне қолжазбалар ғылыми-зерттеу институтына барды.
Мемлекет басшысы әлемдегі ең ірі қолжазбалар қорының бірі саналатын мекеменің жұмысымен танысып, көне мәтіндерді қарады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа ғылыми-зерттеу институтында сақтаулы тұрған қыпшақ қолжазбалары көрсетілді. Соңғы жылдары армян ғалымдарының көмегімен Матенадаран қорынан Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты 40 көне еңбектің көшірмелері алынды. Биыл институт қыпшақ тіліндегі қолжазбалар жинағын шығаруды жоспарлап отыр.
Матенадаран ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген әрі армян халқының ұлттық ескерткіштері сақталған маңызды мекемелердің бірі саналады. Институт – Армения мақтаныштарының бірі.
АРМЕНИЯ ПРЕЗИДЕНТІМЕН КЕЗДЕСТІ
Мемлекет басшысы Армения Республикасының Президенті Ваагн Хачатурянмен кездесу өткізді.
Қазақстан Президенті Арменияға алғашқы ресми сапарына ерекше мән беретінін атап өтті.
– Армения Қазақстан үшін маңызды, өте мағыналы серіктес болып табылады. Ежелгі өркениет бастау алған тарихы мен мәдениеті бай армян халқының жеріне ыстық ықыласпен, ерекше сезіммен келіп отырмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Премьер-министр Никол Пашинянмен жүргізген келіссөздер барысында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты әрі нәтижелі талқыланған.
– Қазақ-армян қатынастарын жан-жақты нығайтуға қатысты өзара ұмтылысымызды растадық. Бұл бүгінгі келіссөздердің – басты нәтижесі. Біз маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақстан мен Арменияның көпжақты өзара ықпалдастығын одан әрі нығайту жоспарын нақтыладық. Сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырдық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян қазақ-армян ынтымақтастығына қатысты бірқатар өзекті мәселені талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастыққа баса назар аударды.
Армения Президенті Мемлекет басшысының Ереванға сапары тарихи маңызға ие екенін атап өтіп, келіссөздердің қорытындысы екі ел арасындағы байланыстарды нығайту үшін берік іргетас қалыптастыратынын, мемлекетаралық қатынастарды жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді.
– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Бізді ортақ тарих пен қазіргі қарым-қатынастар байланыстырады. Қазіргідей күрделі кезеңде өзара ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан барлық бағытта табысқа қол жеткізіп отырғанына куәміз. Мен Сізге және барша қазақ халқына жаңа жетістік тілеймін, – деді Ваагн Хачатурян.
ПРЕЗИДЕНТ КАВКАЗДАҒЫ ҚАТЫНАСТЫ ТЕЗІРЕК РЕТТЕУГЕ ШАҚЫРДЫ
Ереванда өткен келіссөздер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударды.
Мемлекет басшысы Армения мен Әзербайжанның бейбіт келісім жасау жөніндегі қадамдарын жоғары бағалады. Осы орайда Қазақстан Президенті Ереван мен Баку арасында тезірек берік әрі ұзақмерзімді бейбітшілік орнағаны маңызды деп атап өтті. Сондай-ақ келіссөздер үшін Қазақстан өз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
Бейбітшілік пен келісімге нақты келіссөздер арқылы қол жеткізуді жақтайтын Қазақстанның бұл бағыттағы барлық іс-әрекетті қолдауға әзір екені айтылды. Тараптар Армения мен Әзербайжан арасындағы уағдаластықтарды нақты жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға келісті.