2022 жылы Антикор сыбайлас жемқорлық сипатындағы 80 қылмысты тіркесе, былтыр бұл көрсеткіш 87-ге жетті.
«AMANAT»: Түркістан облысындағы аудан әкімдерін жауапқа тарту ұсынылды
1,058
оқылды

Түркістан облысында «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиын барысында 2022-2023 жылдардағы аталған өңірдің сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысы талқыланды.

Мәселен, 2022 жылы Антикор сыбайлас жемқорлық сипатындағы 80 қылмысты тіркесе, былтыр бұл көрсеткіш 87-ге жетті. Яғни, өсім 9%-ды құрады. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саировтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық мәселесі жер қатынастары саласында да өршіп тұр.

«Келес ауданының әкімдігі Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, мемлекет мұқтажы үшін пайдаланушылардан суармалы ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алу туралы заңсыз қаулы шығарды. Атап айтқанда, Абай ауылындағы шаруа қожалығынан 23,5 гектар жер негізсіз тәркіленді. Сондай-ақ Түлкібас ауданында бау-бақша өсіруге арналған жер учаскесіне дәмхана мен жанармай құю бекетін салуға рұқсат берілген. Ал Тастұмсық ауылында мал суаруға арналған арық бойындағы жер жекеге өткен. Мұндай мысалдар өте көп», – деді ол.

Өз кезегінде Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды ағаш отырғызу туралы тапсырмасын атап өтіп, әкімдіктің бұл бағыттағы жұмысын сынға алды.

«Кеңестің жұмыс тобы әкімдіктен ағаш отырғызу жұмысы жөнінде ақпарат сұратты. Алайда толық мәлімет берілген жоқ. Әлде бұл таратылмайтын ақпарат па? Неге бұл жұмыстың нәтижесі әкімдік сайтында жарияланбайды? Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының жауабына сәйкес, былтыр өңірде 20,3 мың гектар жерге 32 мың түп ағаш отырғызылды. Олар қайда отырғызылды? Осы және өзге де қарапайым сұрақтарға біз ешбір жауап ала алмадық», – деді депутат.

Айта кетейік, Кеңестің жұмыс тобы түрлі мемлекеттік органдардан, аудандық және қалалық әкімдіктерден сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде құжаттар сұратты. Алайда кейбір құрылымдар бұл сұрауға тиісті назар аудармады. Мәселен, Түркістан облысының прокуратурасында және экономикалық тергеу департаментінде партиялық сауалдарға мүлдем жауап берілген жоқ. Ал өңірлік ішкі мемлекеттік аудит департаментінен келіп түскен ақпарат небәрі екі абзацтан тұрады. Құжат адресатсыз және басшының қолы қойылмай ұсынылды.

«Облыстың жергілікті атқарушы органдары тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру жөніндегі жұмыс қанағаттанарлықсыз деңгейде тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыста формализм бар. Жұмысты жоспарлау кезінде жалпы типтік үлгілер қолданылады. Бұл орындаушылық тәртіпке теріс әсер етеді. Мәселелерді анықтау, нақты шешімдер қабылдау, қазіргі жағдайды талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы құжаттардың орындалуына тиімді бақылау жүргізуді қамтамасыз ету қажет», – деді Кеңестегі жұмыс тобының жетекшісі, «ЖСДП» партиясынан Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев.

Сонымен қатар отырысқа белгілі заңгер Айгүл Орынбек, ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Алмасбек Садырбаев пен жергілікті қоғам белсенділері де қатысып, өздерінің айшықты ойларын ортаға салды.

Партиялық бақылау инспекторы Венера Есілбаеваның айтуынша, тұрғындардың денсаулық сақтау жүйесіне де шағымдары бар. Бұл бағытта да сыбайлас жемқорлықтың факторлары көптеп кездеседі.

«Бізге Жетісай ауданының тұрғыны жүгінді. Оның кішкентай баласы орталық аудандық ауруханаға «қызылша» диагнозымен түскен. Алайда аталған ауруханада қажетті дәрі-дәрмектер болмағандықтан, науқасқа тиісті көмек көрсетілмепті. Соның салдарынан пациент алдымен жансақтау бөліміне ауыстырылып, 8 күн комада жатады. Өкінішке қарай, небәрі 2,5 жастағы бүлдіршін дертінен айыға алмай, өмірден озды. Былтыр аталған аурухана 2,5 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек сатып алғанымен, аудандық ауруханада қарапайым парацетамол да табылмаған. ХХІ ғасырда сәбилердің дәрі-дәрмек тапшылығынан көз жұмуы – жаға ұстатарлық жағдай», – деді ол.

Отырыс соңында Кеңес мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысқа атүсті қараған және құқық бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды партиялық жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Атап айтқанда, партиялық жауапкершілікке тарту аясында бірнеше әкімге сөгіс жариялау ұсынылды. Оның ішінде Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов, Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев, Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов бар.

Кеңес мүшелері дәл осындай партиялық жауапкершілікке Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы – Қайрат Әбдуәлиевті, құрылыс басқармасының басшысы – Тоқтар Үсібалиевті, жер қатынастары басқармасының басшысы – Ерғали Тілегенді де тартуды ұсынды.

Бұдан басқа, Түркістан облысының әкімдігіне Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевты («AMANAT» партиясының мүшесі емес) сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеті үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды.